Референдум

Тікелей демократия нысанының бірі

Бүгінде бұқараның талқысындағы нөмір бірінші мәселе – референдум. Сонымен қатар, Ата Заңның 33 бабына енгізілетін өзгеріс пен толықтырулар. Қазақстан өзінің 30 жылдық Тәуелсіздік ғұмырында саяси өзгерістерге аяқ басқаны мәлім. Соның ішінде, тарихи мәні зор саяси шара – Конституцияға түзетулер енгізілетін референдумның өтуі.

Қазақстанның демократиялық мемлекет ретіндегі сипаттамасы Қазақстан Республикасы Конституциясының көптеген бөлімдерінің мазмұнынан туындайды. Формальды демократияның да, нақты демократияның да болуы мүмкін. Нақты демократия мүмкіндігі жан-жақты кепілдіктермен қамтамасыз етіледі. Қазақстан мемлекетінің демократиялық сипаты конституциялық принциптермен анықталады. Демократиялық мемлекет қызметінің негізгі принципінің бірі – мемлекет өміріндегі маңызды мәселелерді демократиялық әдістермен шешу. Бұған, атап айтқанда, референдум өткізу, Парламентте дауыс беру тәртібі жатады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 2-тармағына сәйкес халықтың тікелей билігін жүзеге асыру – республикалық референдум. Ал, референдум – тікелей демократия нысанының бірі.

Конституциялық құқықта референдумның императивтік, консультативтік, конституциялық, заң шығарушылық, міндеттеушілік, факультативтік, мемлекеттік, жергілікті түрі бар.

Императивтік референдум – халықтың тура еркін білдіру жолымен референдум кезінде қабылданған шешімнің міндетті заңдық күші болатындығын білдіреді. Консультативтік референдум кезінде мемлекеттік билік органдары қайсы бір маңызды мәселе бойынша шешім (заң, басқа да нормативтік құқықтық актілер) қабылдаған кезде халықтың пікірі айқындалады. Конституциялық референдум кезінде Конституцияның немесе оған енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасын бүкіл халықтың дауыс беруімен қабылдау туралы мәселе қозғалады.

Заң шығарушы референдум халықтың дауыс беруімен заң шығаруға байланысты өткізіледі. Міндеттеуші референдум Конституцияда қайсы бір мәселені шешу үшін көзделген. Мұндай референдум Конституцияның өзінде белгіленген шарттарға сәйкес құзыретті органға референдумды өткізуді міндеттеуіне байланысты өткізіледі.

Факультативтік Референдум құзыретті органның заңда көзделген мәселелер бойынша өз бастамасымен референдум тағайындай алатындығын білдіреді.

Мемлекеттік референдум референдумның мемлекеттің бүкіл аумағында, жергілікті референдум мемлекеттің белгілі бір аумағында өткізілетінін білдіреді.

Жалпы, біздің мемлекетіміз референдум өткізу тәжірибесіне бай емес. Бұл, әрине, халқымыздың тікелей билігінің жүзеге асырылмау салдары емес. Бұл – мемлекетімізде қалыптасқан қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық көрінісі.

Бүгінгі күнге дейін елімізде екі рет референдум өткізілді. Алғашқы референдумда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін созу мәселесі қозғалды. Бұдан кейінгі республикалық референдум 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған еліміздің әрекеттегі Негізгі Заңы бойынша іске асты.

Қазақстанда референдум «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 1-бабының 1-тармағына сәйкес анықталады. Онда Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасы, конституциялық заңдар мен заңдардың жобалары, сондай-ақ, мемлекеттік өмірінің өзге де маңызды мәселелеріне арналған шешімдердің жобалары бойынша республикалық референдум өткізілетіні бекітілген.

Республикалық референдум халықтың мемлекеттік билігін тікелей жүзеге асырудағы принциптерге негізделуі қажет. Осыған орай «Республикалық референдум туралы» конституциялық заңның 4-бабы республикалық референдум өткізудің принциптерін бекітеді. Олар – азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысуы және еркін ашық білдіруі; азаматтардың референдумға жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей, тең және төте қатысу құқығы; жариялылық принциптері. Сайлау да, референдум да халық билігінің тікелей жүзеге асырылуы нысандары. Сондықтан, оларды өткізу бірдей принциптерге негізделеді.

Қазақстан Республикасының «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңы республикалық референдум талқысына қойылатын мәселелермен қатар, республикалық референдум талқысы бола алмайтын мәселелер тізбесін анықтайды. Бұл тізбеге Конституция принциптері мен идеяларынан туындайтын мәселелер енгізілген.

Конституциялық заңмен анықталған мәселелердің республикалық референдумның талқысы бола алмауы тегіннен-тегін емес. Мұндай мәселелерді референдумға енгізу саяси жағдайды тұрақсыздандыруға, әлеуметтік жанжалға, мемлекеттік органдар қызметінің берекесін кетіруге, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруге, республиканың халықаралық шарттарын орындауға кедергі келтіруге әкеліп соқтыруы мүмкін.

Референдум қабылдаған шешiмнiң Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар және республика Президентiнiң немесе мемлекеттiк өкiмет органдарының актiлерiмен қандай да бiр қуаттауды қажет етпейдi.

Құралай СӘТБАЕВА, заң ғылымдарының кандидаты.

Басқа материалдар

Back to top button