Референдум

Жастар – жаңашылдық үшін

Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» референдумды қоғамдық қолдау Республикалық штабы мүшелері жастар ұйымдарының өкілдерімен, Қарағанды облысындағы «Ассамблея жастары» РҚБ Өкілдігінің мүшелерімен және жастар қатарындағы қоғамдық пікір көшбасшыларымен кездесті. 5 маусымдағы референдум бойынша Конституцияға енгізілетін реформаларды талқылап, еркін пікір алмасқан шараға қатысқан «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур ЖҰМЫРБАЕВ аталған тарихи шараның, әсіресе жастар үшін маңыздылына тоқталды. Себебі, жаңа қоғамдағы жаңа саяси модельдің негізгі пайдаланушылары да, «Жаңа Қазақстанның» іргетасын бірге қалап, демократиялық қоғамға апаратын да бүгінгі жастар болмақ.– Референдум елімізде соңғы рет қазіргі Конституциямыз бекіген 1995 жылы өткен болатын. Сол кезде өзгеріс Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен болған болатын. Бүгінгі таңда Ассамблея еліміздегі этностық топтардың, қоғамның мүдделерін білдіретін қалыптасқан алаң. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның «Ел бірлігі – жаңа Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясының жұмысында Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу турама бастама көтеруі кездейсоқ емес, – деді Тимур Жұмырбаев.

Тимур Ғабдолұлы еліміздегі саяси жүйе үшін референдум сирек құбылыс болса да, ол ел дамуындағы маңызды жағдай болмақ дейді.

Кез келген өзгеріс қоғамда түрлі пікірлер тудыратыны – қалыпты құбылыс. Оның үстіне «Қаңтар оқиғасынан» кейін «қоғам, билік органдары, азаматтық қоғам қандай болуы керек?» деген әңгіме туындады. Осы орайда қоғамымыз әділеттік, сыйластық негізінде құрылуы керек екенін де тілге тиек етті Тимур Жұмырбаев. Бұл, әсіресе, жастар үшін маңызды ұстаным. «Себебі, жастар өздеріне деген әділетсіздікті жіті сезінеді» деген ол жастар осы елдің азаматы ретінде жаңа қоғамды құруға тікелей атсалысуы керектігін баса айтты.

Тимур Ғабдолұлы Конституцияның 33 бабына енгізілетін өзгерістердің ең негізгілеріне тоқталып, түсініктеме де берді. «Егер Конституцияға енгізілетін өзгерістерді көпшілік қолдап, дауыс беретін болса, адам құқықтарының бостандықтары мен шекарасы кеңейеді» дейді ол. Бұл – Конституциялық соттың құрылуы нәтижесінде жүзеге аспақ. Яғни, адам құқықтары бойынша уәкілетті омбудсмендер институты Конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл жүйе елімізде болғанымен, 15 шақты ғана адам жұмыс істейтін институтқа шағым жасаушылар дені көп болғанымен, олар барлығымен жұмыс жасай алмайтыны анық. Өзгерістер енгізілетін болса, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау түбегейлі жаңа деңгейге көтеріледі.

– Еліміздегі Конституциялық кеңес саяси институт болғандықтан, азаматтармен өзара әрекеттесуі болған жоқ әрі олардың жұмыстары көзге көріне қоймады. Өзгерістер қабылданар болса, қарапайым тұрғындар өздерінің Ата Заңмен белгіленген құқықтары мен бостандықтарына қол сұғылған жағдайда Конституциялық сотқа жүгіне алады. Егер аталған институт жаңа деңгейге көтерілер болса, бірқатар мәселелер шешімін табады деген болжам бар, – дейді Тимур Жұмырбаев.

Еліміздің демократиялық қоғам жолында екенін айқындайтын тағы бір дәлел – ең ауыр жаза ретіндегі – өлім жазасынан түбегейлі бас тартуды көздеуінде. Бұл өз кезегінде Қазақстанды демократиялық қоғамға жақындата түсетіні анық.

Тимур Жұмырбаев тоқталған негізгі өзгерістердің бірі – сайлау жүйесінің өзгеруі. Яғни, мәслихат пен Парламент ролінің күшеюі. Бұл өзгерістің халық үшін маңыздылығы – Мәслихат та, Парламент Мәжілісі де қоғам өкілдерінен құралатындығында.

«Партия да, халық сайлаған депутат та сайлаушылар алдында дербес жауапкершілікке ие. Қазір біз кімге дауыс беретінімізді және депутаттыққа үміткер ретінде берген уәделерінің орындалуын қадағалай аламыз. Егер референдумнан кейін өзгерістер қабылданар болса, депутат жұмысы көңілден шықпаған жағдайда сайлаушылар олардың мандаттарын қайтарып ала алады» дейді Тимур Ғабдолұлы.

Өзгерістердің тағы бірі – Президенттің өңірдің нормативтік-құқықтық актілеріне кірісе алмайтындығында. Ол дегеніміз – облыс деңгейінде қабылданған шешімдерді Президент Жарлығымен өзгерте алмайды. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқару органдары күшейеді. Сондықтан, Тимур Жұмырбаев жастарды азаматтардың өздері шешім қабылдау процесіне қатыса алатын саяси қатынастар моделін құруға шақырды. «Қоғамға мүмкіндік берілді, таңдау өзімізде. Сондықтан, біздер, яғни, жастар 5 маусымда өтетін референдумда азаматтық ұстанымымызды білдірейік» дейді ол.

Өз кезегінде жастар да алдағы болатын референдумға қатысты пікірлерімен бөлісті.

– Референдум өткізу кездейсоқ пайда болған жоқ. «Қаңтар оқиғасы» ұзақ жылдар шешімін таппаған жүйелік проблемалардың бар екенін көрсетті. Қазір «Жаңа Қазақстан» аталатын заманауи қоғамға бетбұрыс жағдайындамыз. Бұл – халықтың пікірі ескерілетін мінсіз мемлекет. Оны әлбетте, мемлекет деңгейінде жүйелі өзгерістер енгізбестен құру мүмкін емес. Ал, осындай өзгерістердің жалпыхалықтың дауыс беруі арқылы енгізілетіні қуантады. Мен өзімнің азаматтық ұстанымымды білдіру мақсатында 5 маусымда дауыс беремін. Ал, жастарға таңдау жасар алдында референдум кезінде ұсынылатын өзгерістерді мұқият зерттеуге кеңес беремін, – дейді Қарағанды қаласы жастар мәслихатының депутаты, IV курс студенті Аслан Смағұлов.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button