Балқаш

Туристік нысандар бой көтереді

Балқаш қаласының әкімі Ораз ТӘУІРБЕКОВ өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстары жайлы мәлімдеді. Соның барысында қалада 20-ға жуық туристік нысан бой көтеретіні туралы айтылды.

Қала басшысының айтуынша, туризм – бүгінде қаланың әлеуметтікэкономикалық дамуындағы маңызды салалардың бірі. 2019 жылы қалаға 33 мыңға жуық турист келген. Оларға 311 млн. теңге көлемінде қызмет көрсетіліпті. Келушілердің саны өткен жылмен салыстырғанда 21%ға артқан (2018 жылы – 257 млн. теңге). Туризм индустриясының дамуы ең алдымен Балқаш көлімен байланысты. 2023 жылға дейінгі ісшаралар жоспарына сәйкес, туризмді дамыту шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен Бертыс шығанағы ауданында инженерліккоммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 3,5 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлу жоспарланып отыр. Жобалық құжаттама әзірлену үстінде. Оның үстіне мұнда 20-ға жуық туристік нысан салу жоспарда.

Айталық, туристік бизнесті толыққанды дамыту үшін Балқаш көлінің жағалауындағы Шұбартүбек және Тораңғалық ауылдық округіне қарасты жерлерді Балқаш қаласына беру мәселесі шешілген. Бұл аумақтарды кешенді абаттандыруға және көрсетілетін қызметтер көлемінің кемінде 3 есеге өсуіне мүмкіндік береді дейді қала әкімі.

Ал, ауыл шаруашылық секторында жалпы өнім 1,7 млрд. теңгені құраған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 1,3%-ға артық. Мұндағы ең негізгі көлем – халықтың жеке шаруашылығына тиесілі. Қала халқын ауыл шаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатымен 2019 жылы 47 жәрмеңке өткізіліп, 711 млн. теңге көлемінде өнім сатылған. Қала әкімі жергілікті өндірушілер өз өнімдерін қала халқына қолжетімді бағамен сатқанын алға тартты. Олардың жиынтық құны 8,2 млн. теңгені құрапты. Ол бүгінгі күні 19 түрлі ауыл шаруашылық өнімдерін төмен бағамен сату үшін 25 дүкен иелерімен меморандумға қол қойғанын да жеткізді.

Денешынықтыру және спортты дамыту мақсатында «Металлург» стадионын, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін, денешынықтыру-сауықтыру кешенін жөндеу жұмыстарына 149 млн. 630 мың теңге бөлінді. Биыл құны 400 млн. теңге болатын күрес орталығының құрылысы басталады.

Мәдениет саласын ілгерілету бойынша 196 мың адамды қамтыған 360 мәдени іс-шаралар өткізілді. Мағауия Хамзин атындағы мәдениет сарайына 85,5 млн. теңгеге және С.Сейфуллин атындағы орталық кітапханаға 15 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар, «Жасыл Ел» бағдарламасы бойынша 90 жас балқаштықтар жұмысқа тартылды. Әрқайсысына жергілікті бюджеттен 51600 теңге, ал облыстық бюджеттен 35394 теңге төленді. 2020 жылы бағдарламаға қатысушылар саны 130-ға жеткізіледі деп күтілуде.

Жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 8 адамға 7 млн. теңгеге қала әкімінің гранты берілді. Алдағы жылы гранттың жалпы сомасы 10 млн. теңгені құрамақ.

Еріктілер жылында да қала басшылығы Зылиха Сәбитова атындағы шағынауданда «JAS ORDA» (Жас орда) атты Еріктілер орталығын ашқан. Осындай орталықтарды Қоңырат шағынауданында және Саяқ кентінде ашуды жоспарлап отыр.

«Болашақта белгіленген жоспарларды іске асыру қаланың инвестициялық тартымдылығын жақсартуға мүмкіндік береді, экономикаға отандық және шетелдік инвестициялардың құйылуына, қаланың имиджін нығайтуға, туристік ағынның ұлғаюына ықпал етеді. Өз кезегінде, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, жалпы, қаланың орта мерзімді перспективада тұрақты дамуы да үлкен қарқын алады. Бұл балқаштықтар өмірінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді» деді қорытынды сөзінде Ораз Қайсаұлы.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button