Балқаш

Балқаш көлінің “Бертіс” айлағына 200 мың балық шабағы жіберілді

Балқаш көлінің “Бертіс” айлағы бір күнде екі жүз мың балықпен толықты. Бұл экологиялық шараны “Қазақмыс Смэлтинг” ЖШС мен балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Балқаш филиалы өткізген.

Балық жіберу Қазақстанның су айдындарындағы балық санын реттеуде маңызды рөл атқарады. Бірақ экологиялық шараның мақсаты – балық санын арттыру ғана емес, елдің табиғи құндылығы саналатын Балқаш көлінің экожүйесін жақсарту. Соңғы жылдары жағалау тұрғындары көлдегі балықтар саны жыл сайын азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.

Тұқы тұқымдасына жататын сазанның алты айлық (биылғы шабақтар) 200 мың шабағын Алматы облысынан Балқашқа екі арнайы жабдықталған автокөлікпен жеткізген.  Әр балықтың салмағы 9-дан 97 граммға дейін.

Балық жіберу процесі Балық шаруашылығы Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік инспекциясы өкілдерінің, “Балық шаруашылығы ҰӨО” ЖШС БФ, “Қазақмыс Смэлтинг” ЖШС мен Балқаш қаласы әкімдігі өкілдерінің қатаң бақылауымен жүзеге асты.

“Қазақмыс” ЖШС бас экологы Айнұр Төлеуованың айтуынша, қала құраушы кәсіпорын бұл экологиялық шараға алғаш рет қатысып отыр.

“Бұл шара дәл Жер планетасы фаунасын қорғаудың Халықаралық күнінде өтіп жатқанының мәні зор. Сандық тұрғыда айтар болсақ, балық жіберу процесі Балқаш балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталықтың нұсқаулықтарына негізделіп отыр. Мұндай шаралар біздің бірегей көліміз үшін және Балқаш маңының фаунасын жақсарту үшін қажет. Біз табиғи ресурстарға қамқорлық көрсетсек, көліміздегі балық қоры балаларымыз бен немерелерімізге жететініне сенімдіміз”, – деп атап өтті Айнұр Төлеуова.

Еске салсақ, экологиялық жағдайды жақсарту – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір қоғамдастығымен кездесуі кезінде атап өтілген сегіз басымдықтың бірі болып саналады.

 Stan.kz

Басқа материалдар

Back to top button