Бас тақырыпРесми

Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне 1 млн. теңге көлемінде көмек беріле бастады

Ел басына күн туғанда қар жастанып, мұз төсеніп, кеудесін қарша бораған оққа тосып, Жеңісті жан-тәнімен жақындатқан ардагерлерге құрмет – әманда шексіз. Жеңістің туы желбіреген 75 жылдан бері аға ұрпақтың ерлігі – елге мұра, ұрпаққа ұран болып келеді. Қанды көйлек жолдастарын майдан даласында жерлеуге мәжбүр болған, от пен оттан аман келген арда тұлғалардың қатары күн санап кеміп келеді. Қазір аймақта 67 ардагер болса, оның 55-і – Ұлы Отан соғысына қатысушылар, 12-сі соғыс мүгедектері екен. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында тағы бір игілікті іс атқарылды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 млн. теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек беріліп, есеп-шоттарына аударылды, үйлеріне жеткізілді. Көмектің жалпы сомасы – 67 млн. теңге шамасында.

Сондай-ақ, концлагерь тұтқындары, Ленинград блокадасында болғандар, тыл еңбеккерлері, майданнан қайтпағандардың отбасылары, Ауғанстан жерінде әскери іс-қимылға және Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысқандар да назардан тыс қалмады. Осы орайда, Қарағанды облысы ардагерлерге материалдық көмек көрсетуді облыстар арасында алғашқы боп бастаған аймақ екенін атап өткен жөн.
Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер – концлагерь тұтқындары, Ленинград блокадасында болғандар, майданға өз еркімен барған ардагерлер 200 мың теңгеден алды. Бұл санаттағы ардагерлері саны – 101 адам. Бұдан бөлек, тыл еңбеккерлері мен майданнан қайтпағандардың отбасыларына 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді.
Ауғанстанда әскери борышын өтегендер мен Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан тұлғаларға да сый-құрмет көрсетілді. Бұл орайда, олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден берілді. Мұның сыртында, биылғы ақпан айында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылуының 31 жылдығына орай, облыстың қала, аудандарындағы 902 ауғандық ардагерге материалдық көмек ретінде 100 мың теңгеден тапсырылғанын атап өткен жөн.
«Ұлы Отан соғысының 75 жылдығын мерекелеу барысында ардагерлерге жасалған төлемнің жалпы сомасы – 757,4 млн. теңге көлемінде» дейді ресми ақпарат көздері.
Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек жыл өткен сайын ардагерлер қатары селдіреп бара жатқанын, Жеңісті жақындатқандарды ұмытуға хақымыз жоқ екендігін айрықша атады.
«Өкінішке орай, жыл сайын елді фашистік басқыншылардан азат еткен ардагерлердің қатары сиреп барады. Сонымен бірге, ел игілі үшін бел жазбай еңбек еткендерді, өзінің интернационалдық парызын өтеген жерлестерімізді де ұмытуға тиіс емеспіз. Осы ардагерлердің баршасы қамқорлық пен риясыз ықыласымызды толықтай сезінуі үшін бар мүмкіндікті жасау – біздің міндетіміз», – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.
Жеңіс үшін жанын пида еткен ардагерлер ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталары даусыз.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Back to top button