Баған

Азаны асқақ рух жеңеді

Қарағандыдағы Қаныш СӘТБАЕВ ескерткіші рух шақырады. Оны байқаған шығарсыз? Еңселі әрі асқақ бейнесімен күншығысқа бет алған ғұлама ғалым Алаш арыстарындай еркіндікке бастап бара жатқандай әсер қалдырады. Бастысы, бір орында тұрып қалмаған. Өкшесі жерден көтеріліп жүріп бара жатқанға ұқсайды. Өзімен бірге қалғып кетпеген алып денесі қозғалыс үстінде. Уақыт пен кеңістікке із салып барады, демек.

Бұл кісі Алаш дейтін алтынның сынығындай болса, сол Алаштың өзіндей Бұқар бабаның қаладағы ескерткішіне көңіл тола бермейді, бірақ. Атты да емес, жаяу да емес! Бір орында қатырып тастаған. Ал, өзі атын иеленген аудан орталығындағы алып мүсіні туралы әңгіме бөлек. “Астанаға қоятындай ескерткіші екен Бұқар бабаның” деп жазды кезінде Төрехан Майбас. Расында солай! Алдынан да, артынан да көз тіксе, жоғарыдан қарап тұр. Қарағанды мемлекеттік университеті алдындағы Қаздауысты Қазыбек ескерткіші де келісті көрінеді. Төрелігін айтып тұрғандай. Ал, солардың ұлы мұратын ғана емес, адамзат мәдениетінің асылдарын негіз етіп, қазақты ел қылу жолында қападар боп, қапасқа түсіп, атылып кеткен Алаш арыстары дегенде… тілімізді тістеп қаламыз. Қазақ даласында саяси тұрғыда тұңғыш қудаланып, абақтыға қамалғандар – солар. Барлық қуғынсүргіннің басында тұрғандар да. Әлихан, Сәкен атылды, Әлімхан айдалды, басқасы қарауылға ілінді… Қарап отырсақ ХХ ғасыр басында Қазақ ұлтының еркіндігі мен теңдігі үшін күрес бастаған серкелердің бәрі – осы Қарағанды топырағынан. Еске қайдан түсіп отыр дейсіз ғой? Кеше жоқ, оның арғы күні Қарағандыда ақын, ұлт қайраткері Бүркіт Ысқақты еске алу орайында тарихи-танымдық кеш өтті. ЕСЕП партиясын құрған Бүркіт атамыз да, Жайық Бектұров та сол Алаш арыстары салып кеткен жол – сана күресі жолындағы қаһармандар еді. Атылмай, аман қалды демесеңіз, көрмегендері жоқ…

ауданындағы перзентхана аялдамасы тұсында саяси қуғындалып, атылғандарға арналған ескерткіш тас бар. Ешкім білмейді, бірақ оны. Білмеген соң, бара бермейді. Ашаршылық құрбандары туралы атамаса да болады. Ашаршылық құрбандарына еліміздің астанасында, Алматы қалаларында бар ескерткіш. Бізде жоқ. Қарағандылықтар 31 мамыр – саяси қуғынсүргін құрбандарын еске алатын күні әкімі бар, қарасы бар қала сыртындағы Спасск мемориалдық кешеніне немесе кезіндегі ҚарЛаг орталығы Долинка музейіне тартады. Жылда. Аза тұтып, күңіреніп қайтамыз. Дұрыс! Саяси қуғын-сүргін дегенде Қарағандыда жүрген менің есіме бірден Әлімхан Ермеков түседі. Нығмет Нұрмақов түседі! Небір сұмдық азап пен қияметті бастан кешірсе де, сынбай, тік келіп, тік кеткен ғой Алаш арыстары. Тіпті, айдау мен абақтыда зорлық пен зомбылықтың шектен шыққан түріне төзіп, атар алдында тұрғандағы суреттерінде де еңселері түспеген. Асқақ айбындары құламаған. Зұлмат жылдар зобалаңының бәрін басынан өткеріп, Алла сақтап аман қалған Әлекең бертінге дейін осы Қарағандыда жүрген. Зираты да осындағы “ДСК” қорымында, бірақ дәл осы қаралы күні ешкім іздеп бармайды, білем. Өзге облыстардан іздеп келіп, таба алмай кеткендері қаншама! Алашорда Үкіметіндегі Әлиханнан кейінгі тұлға. Кеңес үкіметінен көрмегені жоқ Әлекеңнің. «Аяғымды керіп қойып, екі тергеуші кезек-кезек жанды жерімнен тепкіледі» дейді бір естелігінде. Кез келген суретіне үңіл, қасқайып тұрады қайран арыс. Спассктегі бауырластар зираты мен Долинка кентіндегі музейден жылап-сықтап, үрейі ұшып шыққан бізді жігерлендіретін осындай айбынды рух керек. Түрме мен абақты тізесінде ғана қалып, алтын басы азаттыққа бастап бара жатқан асқақ бейне, айбынды кейіп керек. Алашты жау қолына бермейтін ұрпақ сонда өседі. Тәу ету өз алдына, тегеурінді рух керек!

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің мәдениет, руханият, әдебиет бөлімінің менгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button