Тарих

Әлімханның қаламы

Ақтоғай аудандық мұражайы Алаш арыстарына қатысты тарихи жәдігерлерге тұнып тұр. Аудан тұрғындары үшін мұндағы құнды жәдігердің бірі – математикадан қазақтың тұңғыш профессоры Әлімхан Ермековтің қаламы.

Қазақ шекарасының белгіленуінде Әлімхан Ермековтің еңбегі ерен. Ол кезде Әлекең отызға да толмаған екен. 1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен кеңесте баяндама жасаған Әлекең қазіргі Қазақстан территориясының негізін қалады.

Алаш арысының шыққан тегі де осал емес. Атасы Ермек ақсақал Абайдың әкесі Құнанбаймен бірге Меккеге қажылыққа барған деседі. Ал, әкесі Әбеу ел ортасында сыйлы, орысша сауатты, өз дәуіріндегі зиялылардың бірі болған.

Аймақтан шыққан танымал тұлғалардың, қазақтың бағы үшін қам жеген арда азаматтардың артында қалған жәдігерлерді мұражайға тапсыру жұмыстары қазір қарқынмен жүргізілуде. Жақында халық ақыны Шашубай Қошқарбайұлының сырнайы, Қараменде бидің хатқалтасы мен дәндәкуі табылғаны туралы хабарлаған едік. Сол секілді арыстан қалған қалам аудандық мұражайдың құнды жәдігерлерінің біріне айналды. Осы қаламмен Әлекең Қазақ АКСР-нің алғашқы шекарасын сызуы да мүмкін ғой…

– Ұлттық болмысымызды жаңғыртудың өзегі – мәдени мұраларымызды түгендеу. Бүгінде аудандық археологиялық-этнографиялық музейінде небір тарихи жауһарларымыз көздің қарашығындай сақтаулы. Солардың ішінде Әлімхан Ермековке қатысты мұраларды ерекше атап өтуге болады. Әлекеңнің қаламымен қатар, оның жұмыс кабинетінің төрінен орын алған ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының портреті де музей қорындағы құнды дүние. Бұл жәдігерлерді бізге Әлекеңнің ұлы Мағауия Ермеков тапсырған еді, – дейді музей директоры Тәбәрак Жармағанбетов.

Басқа материалдар

Back to top button