Руханият

Төбеде – Дәулетбек, төрде – Қайролла…

Ел ерекше мән беріп, бір күнін соған арнап жатса, онда ол құндылықтың адамзатқа берері бар деген сөз. Назар салып, көңіл аударып көр, демек. Ұлттық домбыра күніне қатысты айтам да мұны. Домбыра – қазақтың жаны. Домбыраның жерде қалғаны – ырымға жаман. Қазақ басына қолайсыз шақ туғанын суретшілер де, суреткерлер де домбыраның жерде құлап жатқанымен бейнелейді. Анық есімде ол. Кеше ұлы Абайдың туған жеріне домбыра төсеу идеясы көтерілгенде, өре түрегелгені содан елдің. Ал, сол домбыраны мәпелеп, оның шанағынан төгілген күй арқылы жан шақырып, тамам қазақтың рухын төбесіне тұтып өткен өнер иесінің ғұмыры ше?

Мынадай уақыт тапшы заманда Мағжан айтпақшы, «өзіне өзге жанды тең көрмейтін» ата баласы басқа ғұмыр иесіне алтын уақытын қиып, мән беріп жатса, ол да тегін болмағаны ғой. Біздің кейіпкер де сондай, дәл домбыра күні келді дегенде, Қарағандыда кім бар деп мойын созғанда, елесі зорайып шыға келетін, тоқталмай кетпеуге болмайтын киелі күй өнерінің өкілі – Қайролла Сәдуақасов есімін білетін шығарсыздар? Әкесі Дәулетбек Сәдуақасовты біз бала күнімізде сыртынан бір көргеніміз бар. Телеарнадан көріп жүретін даңғайыр күйшіге сырттай сұқтанып қойғанбыз. Маңдайы жарқыраған күйшінің төбесі көк тірердей болып көрінген. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында қазақ шертпе күйі ұмытылуға айналған өліарада Арқадағы Итаяқ, Қыздарбек мұраларын көзінің қарашығындай сақтап қалған осы кісі екендігін кейіннен бірақ білдік қой. Бұл атамыздың қазақ шертпе күйіне сіңірген еңбегін айтып болмайды. «Ең бір үлкен арманым – патшаның алдында күй тартып кетсем деп ем, Алла оған да жеткізді» дегенін экраннан білеміз.

«Күй – құдірет» деп тегін айтсын ба халық? Әкеден қалған киелі өнерді кейінде Қарағанды көлемінде Қайролла Сәдуақасов арқалады. Талай жүздесіп, сұхбаттастық. Сапарлас болдық. Қазақта «ғұмырым өтті» дейтін сөз бар ғой. Қайрекең шын мәнінде ғұмырын күй өнеріне арнады. «Зейнеткерлікке шыққан соң шертпе күйге біржола ден қойды» делініпті бір деректе. Біз соны түзеткіміз келеді. Бұл кісі жауапты мемлекеттік қызметте жүргендіктен, біржола бас қойып кете алмады демесеңіз, ішінде қайнап жүрді ғой ұлы өнер. Оның үстіне, әкенің киелі дәулетін сарқып ішкені бар. Әкесі, былайша айтқанда, Арқадағы күй өнерін ұстап тұрды да, ол тірі жүргенде баласы қайбір құнттай қойды дейсіз?! Көкіректе қайнап жатқан дүние тау тұлғаның көзі кеткесін сыртқа шықты және ата жолы деген бар қазақта. Соны мықтап ұстанған бұл кісі әкесіне жетпесе де, тырысып бақты. Домбыраның өзін ғана ұстап, эфирлерден көрініп жүре беруіне болатын еді. Өйтпеді. Күй өнеріне қызмет ететін орталық ашты. Әкесі Дәулетбектей даңғайыр күйші тірі тұрғанда, «Күй керуен» атты республикалық жоба мына Шет топырағына келіп тыныстап, күй фестивалі өткені мәлім. Білуімізше, баласы Қайрекең осыны мұрат тұтып, Қарағандының қақ ортасынан шертпе күйшілер орталығын ашып, дәстүрлі домбырашылар ортасын жасады. Шәкірт тәрбиеледі. Құнан Кәріпбек, Сәнеке Сағындық, Қалкен Қасымов сынды қарт домбырашылардың үлгісін жастарға таратты. Ауыл, аудандарды аралап, күй кештері мен фестивалдерін ұйымдастырып, сусаған елді сұлу сазға қарық қылғанына талай куә болдық. Жарықтық Қыздарбектің Қосбасарлары мен Әбдидің «Тәубе» Қосбасарын кемел орындаушы еді. Кемеліне келтіріп, келістіріп шертетін. Әкесі Дәулетбектің «Толғауын да» жеткізе білетін.

Күй тәңірі Тәттімбет десек, солардан қалған Арқадағы шертпе күй өнерін бүгінге жалғаушы, бүгінгі күйшілердің атасы Әбікен Хасеновтің 125 жылдық мерейтойы облыстық, республикалық деңгейде аталып өтуіне бірден-бір себепкер болған тұлға Қайрекең екеніне мен өзім куәмін. Ғаламторға сүйенген біз Әбікен Хасеновтің 120 жылдығы деп қателесіп жүрсек, олай емес, 125 жылдығы келгендігін құлпытасынан түсіріп алып, дәлелдеп шыққан осы кісі. Кейін сол «Күй керуенімен» ел ішін аралап жүріп, Мойынтыдан 1900 жылы шабылған қалақ домбыра тауып, соны сөйлетіп жүрді. 117 жыл жасаған домбыра тоғыз-ақ пернелі. Арқасында – Әбди, Қыздарбектерден қалған Әбікеннің аруағы, қолында сол кісілер туған топырақта мұраға қалған ғасырдан астам жасаған қалақ домбыра, төрде – Қайролла Сәдуақасов. Қайрекең тарихқа осылай енді. Атақты күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының баласы Қайролла басқаша қалай қалу керек еді? Басқалай болса, бүгін біз атын атар ма едік? Жоқ. Қазір Қарағандыда шертпе күй өнері туралы сөз қозғала қалса, бұл кісілерсіз аттап баса алмайсыз. Төбеде – Дәулетбек тұрса, төрде – Қайролла отырады. Басқаша болуы мүмкін емес.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button