Жаңалықтар

3 мыңнан астам бұрыш ашылды

Елімізде онлайн санақ жүргізілуде. Арнайы 3 мыңнан астам санақ бұрышы ашылған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат АЙДАПКЕЛОВ хабарлады.

«Барлық Халыққа қызмет көрсету орталығында, ірі сауда орындарында, Қазпошта бөлімшелерінде халық санағынан онлайн өтуге арналған бұрыштар ұйымдастырдық. Оларда арнаулы кеңесшілер жұмыс істеп жатыр. Тұрғындар тарапынан белсенділік байқалады. Біз өз тарапымыздан халыққа барлық жағдай жасауымыз керек. Алғаш рет цифрлық форматта өтіп жатқаннан кейін арнаулы сайт жасадық. Оның жұмысы жақсы жүріп жатыр. Халық тарапынан ынта жоғары. Ал санақтан онлайн өтуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға осындай бұрыш ұйымдастырдық. Бүкіл еліміз бойынша осындай 3 мыңнан астам бұрыш ұйымдастырылды», – деді Нұрболат Айдапкелов елордада ашылған бұрыштардың бірінің жұмысымен танысқаннан кейін.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 13 қыркүйекке дейін 2 041 876 респондент онлайн санақтан өткен. Сонымен, 12 күннің қорытындысымен Алматы облысы алда тұр. Мұнда 204805 тұрғын санақтан өткен. 194697 адам Алматы қаласында тіркеліп екінші келеді. Үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді. Мұнда 173847 адам санақ сауалдарына жауап берді. Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 46191 және 35542 адам санақтан өткен.

Ал, жергілікті халық санына шаққандағы санақтан өткендердің үлесі бойынша Қызылорда облысы алда тұр. Мұнда азаматтардың 21,1% сауалдарға жауап берген (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 823052 адам тіркелген). Бұл көрсеткіш бойынша Павлодар облысы екінші орында. Мұнда тұрғындардың 17% бүгінге дейін санақтан онлайн режимде өткен (1 тамыздағы жағдай бойынша өңірде 749754 адам тіркелген). Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. Sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ.

Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button