#Biz birgemiz!Коронавирус

МІНЕЗ – елдікті мінбеге көтерер күш

Елімізде іңдеттің өршуіне байланысты жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ телевизиялық үндеуінде іңдетпен күрестің нәтижелі болуы, ең алдымен барша жұрттың саналы әрекеті мен жауапкершілігіне байланысты екенін жеткізді. Ал, сол саналы әрекет пен жауапкершілік әрқайсымызда болу үшін «Не істеу керек?» деген сананы торлаған сауалға еліміздің жас өкілі ретінде тоқтала кеткенді жөн көрдім.

Алаш көсемі Ә.Бөкейханның: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден!» деп аманаттап қалдырған өсиеті бар. Алаш көсемінің неліктен мінездің атқарар қызметін білімнен үстем еткені жайлы ой қорытып көрелік. Мен ұлт жанашырының осы жігерлі сөзін қазір еліміздің қайғысын қозғайтын емес, қайратын қолдайтын бірден-бір құрал дер едім. Себебі, Алаш зиялылары, елдің рухын ояту мақсатында хәкім Абайды үлгі еткенін білеміз. Осы орайда, ұлтымыздың кемеңгер тұлғасы Абай Құнанбайұлының он сегізінші қара сөзінен үзінді келтіре кетейін: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық». Иә, біздің ел болып озуымыз үшін ең керегі – мінез екенін және елімізге ауыртпалығын салып отырған коронавирус пандемиясын ел болып еңсеру үшін Мемлекет басшысы айтқан саналы әрекет пен жауапкершілік те осы мінезден шығатынын ескеруіміз қажет. Әр азамат еліміздің кемеңгер тұлғасы Абайдың отыз екінші қара сөзінде: «Қылам дегенге қыларлық, тұрам дегенінде тұрарлық мінез деген сауытың болсын» деген өсиетін ұстануымыз қажет. Яғни, карантиндік талаптарды қатаң сақтау керек пе, ендеше сақтайық. Медицина қызметкерлері шырылдап айтып жатқан аурудың алдын алу шараларын ұстану керек пе? Онда ұстанайық! Бір-бірімізге жанашыр болайық, жақындарымызды сақтайық! Тек осы мінезімізбен ғана елдің еңсесін түсіріп отырған ауыртпалықты еңсере алатынымызды ескерейік. Хакім Абай айтқан мінездің тобықтай түйінін ұлт көсемі Әлихан аманаттап қалдырғанын ұмытпайық.

Біз, Ақтоғай ауданы, Шашубай кентінің тұрғындары індеттің өршіп тұрған алаңында жүрміз. Себебі, көбіміздің қызметіміз Балқаш қаласында болғандықтан, күнделікті қалаға қатынап тұруға мәжбүрміз. Ал бүгінгі таңда, қала тұрғындары арасында іңдетті жұқтырғандардың саны күннен күнге өсуде. Күнделікті қызметіміз қалада өткеннен соң, кешке үйімізге «жұқтырып алмадым ба екен?», «бастысы айналама жұқпаса екен» деген үреймен ораламыз.

Қазіргі уақытта білікті медицина мамандары, іңдетті жеңіп шыққандардың көбісі – ағзасы мықты, салауатты өмір салтын серік еткендер деп баға беруде. Осы орайда, спорттың денсаулыққа қаншалықты пайдалы екенін мен айтпасам да, өздерініз жақсы білесіздер. Тек айтпағым, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!» деген халықтың қастерлі сөзін ұстаным етсек, ұтылмасымыз анық.

Абай ҚОМАР,

«Мейірім» еріктілер тобының жетекшісі.

Басқа материалдар

Back to top button