Мақсат – әлеуетті қоғам

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында айтылған тапсырмалар мен міндеттер – мемлекеттің дамуы үшін өзекті. Себебі, Президенттің Қазақстан халқына жолдаған әрбір Жолдауы, бұл – стратегиялық құжат, мемлекеттік бағдарламалар мен нақты әрі айқын бағыттардың жемісі.

Осы тұста, Елбасының бұл жолғы Жолдауының басты мақсаты – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналғанын айта кеткеніміз дұрыс болар. Бұл – кездейсоқтық емес. Шын мәнінде, тұрғындардың жағдайының жақсы болуы – тұрақты экономикаға тікелей байланысты.

Президент Үкіметке, атқарушы органдарға халықты толғандырған сауалдарға жауап тауып, мәселені оңтайлы шешуді тапсырды.

«Нұр Отан» партиясының қызметшісі ретінде маған Мемлекет басшысының ең өзекті мәселе – тұрғын үймен қамтамасыз етуге баса назар аударғаны ерекше әсер етті. Біз жұмыс барысында, азаматтарды қабылдау кезінде бұл проблеманың жоғарғы маңызға ие екенін байқаймыз. Елбасы айтқандай, «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда мыңдаған адамдар тұрғын үймен қамтамасыз етілетін болады.

Әсіресе, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни, 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсыруы үлкен қуаныш болып отыр. Бұл экономикалық бағытта жұмыс жасайтын барлық еңбек адамдарының табысын арттырады.

Сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жайында да атап өтіп, бағдарламаның қолдану мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігі тілге тиек етілді.

Бұған қоса, Президент бизнес өз жұмысын жаңадан бастау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін «салық амнистиясын» жүргізуге кірісуді тапсырды.

Жолдаудағы басым назар білім және денсаулық сақтау саласына аударылды.

Бес жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына барлық көздерден жұмсалатын қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізу қажеттілігі, балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыру да қатаң тапсырылды.

Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу тапсырылып, сондай-ақ қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, саябақтарды жабдықтау қажеттілігі жолға қойылды.

Үкіметке Президент Әкімшілігімен бірлесіп, «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдау тапсырылды.

Қорыта айтқанда, Президенттің барлық бағыттағы тапсырмалары Қазақстанды жаңа деңгейге көтеріп, ұлттық экономиканың қарыштап дамуына жол ашады.

Бұл тапсырмаларды орындауды «Нұр Отан» партиясы да ақпараттық-түсіндіру шаралары арқылы іске асырады.

Бибігүл СЕКЕРБЕКОВА,

«Нұр Отан» партиясы Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.