Коронавирус

Індетті жеңу үшін қайтпек керек?

Қара аспанды төндіруден аулақпыз. Бірақ, қазіргі елдегі эпидемиологиялық ахуал «ақырын жүріп, анық басуды» талап етеді. «Күн жылына вирустың беті қайтады» деген болжам келмеді. Карантин шаралары жеңілдесімен жалпақ жұрт қауіпсіздік шараларын жылы жауып қойғаны да рас. Оның ақыры – елімізде жағдайдың оңалмауы. Қарағанды аймағы бүгінде індет жұқтырғандардың саны жағынан алғашқы үштікте екені ешкімге құпия емес. Кешегі дерек бойынша облыста барлығы 1993 адам індет тырнағына іліккені мәлім болды. Ресми деректер күн сайын 70 науқастың ауруханаға түсетінін хабарлайды.

Жергілікті құзырлы орындар халыққа сақтық шараларын ескертіп, жиын-тойды доғаруын сұрап отыр. Сонымен қатар, интернет ресурстар да, әлеуметтік желіде сақтанудың, алдын алудың бағыт-бағдарын сілтеп, үн қатқан мамандар қаншама. Індеттің ел ішіне еркін кіруінен инфекция жұқтырып, сыртқаттанғанына мән бермей, үйде ем-дом жасағандар да көбейіп барады. Ол болса өлім-жітімнің артуына әкеліп соғуда.

Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Бүгінгінің жолы – жеке бастың гигиенасын қатаң ұстанып, карантин талаптарына жүгіну және ағзаның иммунитетін көтеретін азық-түлікті молынан тұтыну. Бұл туралы мамандар не дейді?

Ашық ақпарат ресурстарында Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтың айтуынша, мынадай қауіпті кезеңде тағамға баса мән берген жөн. Соның ішінде, айран, сүт, қымыз, жылқы еті коронавируспен күресте адам иммунитетіне жақсы әсер етпек екен.

«Айран, қымыз және жылқы еті корона вируспен күресте адам иммунитетіне жақсы әсер етеді. Бәрінің қолы жете бермейді дейтін шығарсыздар, дегенмен реті келсе жылқы еті – адам ағзасына ерекше жақсы әсер ететін тағам. Тағам мәселесіне бірден-бір көңіл аудару керек. Екіншіден, тепе-теңдік жағдайда қимыл – қозғалыс, жаяу жүру. Тамаққа тойып алып жатуға болмайды» – деді академик.

Ал, «Ұлттық сараптама орталығы» мемлекеттік мекемесінің вирусолог-дәрігері Бота Бердиева «Коронавирустың жаңа түрін жұқтырмау үшін, ең алдымен, иммунитетті көтеру керек. Себебі, бұл вирус ауа тамшылары арқылы адамнан адамға жұғады және иммунитеті төмен адамдардың, жүкті әйелдердің және қарттардың жұқтыру қаупі жоғары. Әсіресе, «С» дәрумендері бар апельсин, киви, итмұрынды көбірек тұтынып, теңіз өнімдерін ас мәзірінен шектей тұрған жөн» деген ұсыныс айтады.

Сонымен қатар, жұқпалы вирустық аурулардың қандай да бір белгілері болса, дереу медицина мекемесіне хабарласу да ұдайы айтылып келеді. Бұл – індетті дер кезінде анықтап, ошағын жоюға ықпалдасады. Сондықтан, дәрігерлер қауымы тұрғындардың өз бетінше ем-дом жасамай, ауруды асқындырмай, дәрігерге хабарласқаны жөн дейді.

Бұған дейін елімізде көз жұмғандардың біразы уақыт оздырып, ауруды өршітіп алғаны мәлім болған. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев брифингте аймақта індетке шалдыққандардың артқанын айтқан болатын. Сондай-ақ, бас дәрігер тұрғындарды дер кезінде дәрігерге жүгінуге үндеген еді.

– Жерлестеріміз уақытылы емханаларға қаралуы қажет. Кез келген емханада осы іңдетке қарсы күресті күшейту үшін барлық шаралар қолға алынған. Науқастарға жан-жақты қолдау көрсету үшін аудан және қала әкімдіктері 20 бірлік техника бөлді, – деп мәлімдеген Ержан Шәкірұлы.

Бұл күрестегі жеңіс бір басқарма, департаменттің қолында ғана емес. Мұнда әр тұрғынның үлесі бар. Қауіпсіздік шараларын ұстану арқылы өзіңізге һәм жақыныңызға қорған болыңыз!

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button