Қарағанды

Ұлы мұратқа ұмтылған әулет

Бүгін әңгіменің басты кейіпкерлері Жаилминдер отбасы шаңырақтарының түтінімен қоса мемлекеттік қызметтің түтінін түтеткен үлгілі отбасы. Өздері ғана емес, өсірген ұл-қызын да мемлекеттік қызметке баулыған ата-ана әулетімен бас қойған бұл іске. Мемлекеттік қызмет мұраты жолында ұйысу десек, әулет мүшелері әрдайым аталған саланың сапында сақадай сай.

Талғат Олжабекұлы мемлекеттік қызметте табан аудармай 29 жыл еңбек етіп келеді. 1991 жылдан бері Қарқаралы ауданының мемлекеттік кірістер басқармасында қызметке кіріскен. Өзіне артылған жауапкершілік пен лауазымдық міндеттерін мінсіз атқарып келе жатқан білікті маман. Оған аудан әкімінің, облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысы табыстаған Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары дәлел. Өзінен кейінгі жас мамандарға жол сілтеп, ақыл-кеңесімен бөлісуден жалыққан емес. Ізін басып келе жатқан жастарға – үлгі.

Мемлекеттік қызметті атқара жүріп, аудандық, облыстық мәдени және спорттық шараларға белсене қатысады. Үстел теннисінен өткен жарыстарға бар ынтасымен қатысып, шахмат бойынша республикалық спартакиадаларда қанжығасын майлап қайтқаны тағы бар. Өнерден де кенде емес. Домбыра мен гитарада шебер ойнайды. Мерекелік шаралардың көркін қыздырып қана қоймай, түрлі додаларда ауданның намысын қорғап жүр.

«Әйел бір қолымен бесік тербесе, бір қолымен әлемді тербейді» деген сөздің орынсыз айтылмағанын мемлекеттік қызметтегі нәзік жандылар да дәлелдеп жүр. Асқан жауапкершілікті, төзімділікті қажет ететін мемлекеттік қызмет пен отбасылық өмірді тепе-теңдікте ұстап, мойнына артылған міндеттерді қалтқысыз атқарып, ошақтың отын маздатып жүрген Жаилминдер әулетінің анасы – Несіпкүл Үйсінбайқызы. Ол – 2006 жылдан бері Қарқаралы ауданының экономика және қаржы бөлімінің сектор меңгерушісі. Жауапкершілігі мол қаржы саласында тер төгіп жүрген Несіпкүл әріптестерінің ортасында беделді, сый-құрметке ие. Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталып, өз еңбегінің бағасын да алып келеді. Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін ол қолы босай қалса тігін тігіп, тоқыма тоқиды.

Қазтұтынуодағының экономикалық университетінде студент бола жүріп отау құрған Талғат Олжабекұлы мен Несіпкүл Үйсінбайқызы бүгінде бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отыр.

Үлгілі, білімді, тағылымды отбасында тәрбиеленген Марғұлан мен Айнұр да ата-анасы салған жолды жалғап, болашақтарын мемлекеттік қызметпен байланыстырған. Марғұлан – Қарулы күштер офицері, 2009 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Әкеден ұлағатты тәлім алған ол футбол, воллейбол, баскетбол сияқты спорт түрлерімен айналысады. «Мінсіз қызметі үшін» медалімен наградталған.

Отанға қызмет ету, елдің экономикалық және әлеуметтік ахуалына септігін тигізу мақсатымен қыздары Айнұр да мемлекеттік қызметті таңдап, Қарқаралы ауданының өркендеуіне үлесін қосып жүр. Бүгінде ол Қарқаралы ауданының Қазынашылық басқармасында бас маман – бас қазынашы болып қызмет атқарады.

Талғат пен Несіпкүл Жаилминдер қызметтен қолдары бос кезде немерелерінің тәрбиесімен айналысады. Ұрпағының бойына алдымен адам деген атқа лайық болуды сіңірген олар балаларының мемлекеттік қызметте болуын, біріншіден халқына қызмет ету үшін қаласа, екіншіден мемлекеттік қызметте болашаққа деген сенімділіктің, мансаптық өсудің үлкен мүмкіндігі бар болғандығы үшін таңдаған.

Ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметші болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді. Бұл – Жаилминдер отбасында да жазылмаған қағида.

Гүлнұр СЕРІКҚЫЗЫ,

облыстық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің бас маманы.

Басқа материалдар

Back to top button