«СЕРГЕЛДЕҢ» көрерменге жол тартты
Қарағанды облысы Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша түсірілген, үлкен өмірге жаңа аяқ басқан Арманның, жастықпен адасып, кейін қателігін түсінуі арқау болған «Сергелдең» қысқаметражды фильмі көрерменге жол тартты.
Ислам діні – мейірімділік пен шапағаттың жаршысы. Фильмнің бар мәні мен мағынасы осы қағида аясында өрбиді. Фильм барысында теріс ағымның жетегіне кетпеу үшін діни сауаттылық пен парасаттылықты қалыптастыру керегі айтылады.
Ал, басты мақсаты Ислам дінін жамылып, адам өмірін құрбандыққа шалып жүрген адасқандардың шынайы бейнесін көрсету. Кейіпкерлер Арман – ақиқат жолынан адаса жаздап, уақытында тоқтау жасаған кейіпкер. Амангелді мен Сәуле – қазақылықтың нышанын әспеттесе Жанболат – парасаттылыққа үндейді. Ұстаз, Ділмұрат, Абдулхамит – адасушылардың көрінісі іспетті.
Арман – студент. Әлі де оң-солын танымаған. Дінге бет бұрғысы келеді. Алайда, толыққанды білімі жоқ, ізденбеген. Бір күні жұма намаздан кейін Ділмұрат деген жігітпен танысады. Осы танысудан соң Арманның өмірі мүлдем өзгеріп кетеді… Фильмді соңына дейін баяндап беру мақсат емес, өмірдің ащы шындығын экранға алып шыққан «Saryarqa aqparat» ЖШС ұжымының бұл еңбегін көру керек!
Қоюшы режиссер әрі сценарий авторы Ерболат Қуатбектің тырнақалды туындысы екендігін айта кеткен жөн. Рөлдерді Жансерік Күзембай, Әлібек Әбдіраш, Теңдік Әбуева, Жәлел Шалқар, Қали Әубәкіров, Шаншар Белесбаев сомдады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.