#Biz birgemiz!Жаңалықтар

Абай аманатына адалдық

«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын…» дейді, Абай атамыз. Ақын айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Адамды адам ететін еңбек екенін шығармаларынан жиі кездестіруге болады. «Еңбексіз мал дәметкен қайыршылық» деп кесіп айтады. Абай айтқан адал еңбекті жанына серік еткен кәсіпкер азаматшаның бірі – Үміт Мұқашева.

Шағын кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 2017 жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасымен 4 млн. несие алып, шлакоблок құятын станок сатып алған. Сол уақыттан бері, аудан халқының сұранысына сай қызмет көрсетіп, сапалы жұмыс жасап келеді. Кәсіптің нағыз қауырт кезі – күн жылынған уақыт. Ерте тұрып, кеш жататын кәсіпкердің отбасы да табыстың кілті қажымас қайрат, қайтпас қайсарлықта екенін біледі. Жолдасы Тілек Түсіпбаев жұмыстан қолы қалт етсе, шаруашылық басында жүреді. Балалары да білек сыбана өзгелермен қатар еңбек етеді. Биылғы жылғы жұмыскерлердің басым көпшілігі жастар. Тепсе темір үзетін өрімдей жастардың маңдай терін сүрте жүріп, қайыспай еңбектенгеніне еріксіз сүйсінесің. Осындай азаматтардың адал еңбегін бағалаған кәсіпкер Үміт Мұқашева бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де естен шығармайды. Қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында, елдің қажетіне еңбек етіп жүрген бір топ жұмыскерлеріне Алғыс хат пен сыйақы тапсырды. Үлкен бір ордалы әулеттің келіні, қазақы салт-дәстүрді дәріптеп, рухани құндылықтарды құрмет тұтатын Үміт дана Абайдың еңбек туралы айтқанын аманат ретінде қабылдап, өнеге көрсетті.

– «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген, Абай сөзі маған үлкен ой салды. Соның нәтижесінде, осындай ізгілікті іс жасауыма тура келді. Абай айтқан бес дұшпаннан ада жастардың еңбегін күнделікті көріп жүрдім. Әрі оларға саналы тәрбие беріп, еңбекке баулыған ата-аналарына дән риза болдым. Күніне 15 дана блок, 500 кірпіш құяды. Әрқайсымыз ұрпағымыздың өресі биік болғанын қалаймыз. Ал менің кәсібіме адал еңбек сіңіріп жүрген жастардан осыны көрдім. Осындай жалынды жастары бар біздің елдің келешегі кемел болады деген сенімдемін, – дейді кәсіпкер.

Жұмыскер жастар антисептик, арнайы қолғап және бетпердемен қамтамасыз етілген. Түскі тамақтары жұмыс орнында беріледі. Айлық еңбекақылары 90 мың теңге көлемінде. «Жұмыс қып, мал таппаған жігітте қасиет болмайды» дейді Абай. Бүгінгі күннің де талабы-еңбек ету. Ал, адал еңбектің абыройға жеткізетінін түсіну жастар үшін парыз болса, оны лайықты бағалау әр адамның жауапкершілігінде.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button