Қарағанды

Шабылған бармақ қалай жалғанды?

Аймақ дәрігерлері өз біліктілігімен қашанда ел ықыласына бөленіп жүр. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Арқа жерінде сәуір айында орын алған ерекше отаға тоқталмақпыз. Қарағандылық дәрігерлер ауыр жарақат алған Денис СТЕФАНЕНКОНЫ мүгедектіктен сақтап қалған. Төрт сағатқа созылған отадан соң абайсызда қолын шауып алған науқастың беті бері қарапты. Дәрігерлер оның кесілген бармағын қайта тігіп берген.

 

Оқыс оқиға түскі уақытта болған екен. Туыстары қансырап жатқан жігітті бірден Абай қалалық орталық ауруханасына алып келген. Жергілікті дәрігерлер жылдам қанды тоқтатып, тасымалдау тігістерін салады. Осыдан соң, науқасты профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жеткізген.

– Шынымды айтсам, не болғаны есімді жоқ. Қолымнан айырылдым деген ойда болдым. Бірақ, білікті мамандардың арқасында қолым аман қалды. Қазір біртіндеп жазылып келеді. Аздап қозғай аламын, сезім талшықтары да қалпына келуде. Реабелитацияның көп көмегі бар. Онсыз операция да көмектеспеуі мүмкін екен, – деді Денис Стефаненко.

Отандық медицинада мұндай күрделі оталар бұрын да орын алған екен. Десек те, Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың дәрігерлері дәл осындай күрделі жағдаймен алғаш рет бетпе-бет келіп отыр. Бірақ, бірден іске кірісіп, науқастың қолын сақтап қалуға тырысыпты. Осылай, ойға алған мақсаттарын сәтті орындап шықты.

– Кәсіби көмектің арқасында емделушінің бармағын сақтап қалдық. Ол ауыр жарақат алғанына қарамастан ота сәтті болды. Науқастың бармағы ішінара кесіліп, бұлшықеттің көмегімен шағын көпір арқылы ғана қолмен біріктірілген екен. Біз сүйекті қалпына келтірдік, сіңірдің, тамырлар мен жүйке талшықтарын байланыстырып тіктік. Ота төрт сағатқа созылды. Мұндай күрделі операция үшін бұл ұзақ уақыт емес, – дейді аурухананың микрохирургі Тимур Игімбаев.

Арада үш күн өткен соң науқас саусағын қозғалта алатын дәрежеге жеткен. Қазір қолының сезімталдығы да қалпына келе бастапты. Дәрігерлер оның құлан-таза айығып кетеріне сенімді. Әйтсе де, науқастың жағдайы біраз уақыт бақылауда болады. Қазір Денис Стефаненко күнделікті физиотерапия алып, емдік дәрілерді қабылдауда. Дәрігерлер жарты жылда толық қалпына келетінін айтады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button