«Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?»

Хакім Абайдың «Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» дейтіні бар ғой тоғызыншы қара сөзінде. Дәл сондай «бір түрлі» ой мына қауашаққа кіріп алып, шықпай жүр. Абайдан садаға кетейік. Абайша ойлап, Абайша мансұқтауға жетеміз де, өреміз жете қойған жоқ, әрине. Басқан ізіне татымайтынымызды да білеміз. Бірақ, хакімнің осы бір қара сөзі әлем індетпен «соғысқан» қазіргі кездегі қазақтың кейпіне дәлме-дәл келіп тұрған соң, амал қанша?! Абайға тағы жүгіндік…

Өзімен кетсін. Маусым-шілдедегі елдің жаппай дімкәс тартуы енді қайтып келмесін. Бұл тышқан жылының маусым-шілдесінде жұрт кешкен ауырлық тарихқа қандай атаумен алдағы уақытта енетінін білмейміз. Бірақ, ауыл-аймақта күнәра жаназа шыққаны, қорымдарда төмпешіктердің көбейгені бір Аллаға аян. Мұны неге айттық?

Жалпы, өзі біз «сол жағымыздан тартып жіберсе, оң жағымызды қоятын қожанасырмыз ба, әлде, таза сезбеспіз бе?» деп те қоямыз кейде. Әйтпесе, індет кезіп жүргенде, халықты жинап, ұрланып, той-томалақ жасап, ырду-дырдудан жерінбеуін не деуге болады? Қожанасырлыққа келе қоймайды мұнымыз. Есерлік, ессіздік. Тағы Абай айтқан, «еріншек, бекер мал шашпақ, өсек, өтірік, мақтаншақтық» сол баяғы. Ол емес деп көріңізші… Мұнымызды жат елдің өзі сынап жатты…

Індет өршігенде әлеуметтік желіде елімізде тұратын өзге ұлт өкілінің той тойлап, қыдырып, құдалық жасап жүрген қазақтардың жеті атасын түгендеп, ашына айтқан ащы сөздері Қазақстанды шарлап кетті. Үнсіз қабылдадық. Әншейінде «қазаққа неге тіл тигізесің?» деп дөңайбат көрсетіп шығатындар да жұмған аузын аша алмады. Өйткені, ол бетімізге шыжықша шыжғырып шындықты басты. Сол айтылған ақиқаттың ақыры не болғанын да білеміз. Сөйте тұра, тыйылмадық. Неге?

Індет туралы аңыз бен ақиқаттың аражігі қаңтардан бергі тоғыз айда ашылып келеді. Қандай жағдайда, нендей кезде мұның халыққа қатер төндіретіні, қайткенде аман қалатыны әбден жіліктеп берілді. Қапыда бас салған қытай, жапон, корей елі секілді емес, біз бұл індетпен ол туралы мол мәліметтерді оқып, тоқып барып, бетпе-бет келдік. Қазақстан әлемде бірден төтенше жағдай жариялап, қарекетке көшкен мемлекет болды. Төтенше жағдай жарияланған сол екі айда «жауға» қарсы дайындық әбден пысықталып, мемлекеттің бес қаруы сайлануы керек-ті. Содан соң сауытымызды киіп, қалқанымызды тағынып, найза-қылышымызды ұстанып, «келсең, кел» дегенде, індеттің әңкі-тәңкімізді бір-ақ шығарғанына бәріміз куәміз.

Сонда жұрт жаппай мемлекетті, Үкіметті «қарғай» бастады. Әлбетте, Үкіметтің де қателігі жетерлік. Құзырлы орындардың қамсыздығы да, арты да ашылып қалды. Бірақ, бір жағынан бұқараның бейқамдығы, немқұрайлығы да сан соқтырды. Оны мойындауға тиіспіз. Бұл арада таразы басы тең емес.

Осыдан соң, жазда жанымызды қоярға жер таппай, ауырып, аунап тұрған соң да ойлануымыз керек-тін. Әйткенмен, ой жоқ екен. Әлі сол думан, әлі сол «ұрланған» тойтомалақ. Бейқамдық. Қарекетсіздік…

…«Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ» деген хакімнің әулиелігі де осында екен ғой… Абай күйінген қазақ сол қалпы екен…

Қызғалдақ АЙТЖАН,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.