Руханият

ҰЛТТЫҚ ДАНАЛЫҚ ОЙ КЕНІШІ

Ғарифолла ЕСІМНІҢ «Ғұламе-наме» трилогиясы хақында

Қазақ дүниетанымында ғалым деген қасиетті ұғым, түсінік бар. Барлық адамзат баласы бас иетін, қастерлеп, құрметтейтін бір абзал жан болса ол –ғалым адам. Қанша ғасыр, тіпті мыңдаған жылдар өтсе де ғалымның бағасы артпаса, оған деген құрмет еш қадірін жоғалтқан емес. Өйткені ғалымдар болмаса, дүние қараң.

Ғалым – Алла тағаланың 99 көркем есімінің бір атауы, білуші яғни көп білуші деген мағына береді. Ендеше, ғылымға көп адамның бойлай бермейтіні де сондықтан болса керек, ал ғылымға ден қойса, ғұлама ойшыл Әбу насыр Әл Фараби айтқандай: «Кімде-кім хикмат (философия, даналық) білімін оқып үйренуге кіріспек болса, ол ең алдымен жас болуы, ниеті дұрыс, әдепті, қайырымды адам болуы керек. Ондай кісі адамдарға мейірімді, таза, адал болуы, азғын қылықтардан; күнә, қиянат, зұлымдық пен аярлықтан таза болуы тиіс. Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет. Хикмат білімін оқып үйренуге кіріспек болған адам білімді де, ғалым адамдарды да құрмет тұтатын кісі болуы шарт. Ондай кісі ғылым адамдарынан басқа ешбір нәрсені қадірлемейтін болмауы керек». Міне, осындай адам ғалым деген дәреже мен құрметке лайықты бола алады.

Ал, білім мен ғылымды иманнан бөліп қарастыруға болмайтынын айтқан ұлы ойшылдың даналығымен ұштастырған ғалым Ақжан Машани: «Ғылым деген сөздің өзі аса жоғары қасиетті есім. Ол өзі көп тараулы, терең білімді, шексіз ғаділ, қайырымды, адамдық ардың жоғары дәрежесін тұтынған адам болу керек. Ондай есім ешкімнің алдында жалбыранып, бақыт іздеп, бас имесе керек. Ондай адамды дүние пұлы, әлемнің бағы, патшаның тағы қызықтырмаған. Оның іздегені ғылыми хақиқат. Ол бір тұрған адам баласының ақыл ойының бейне бір әлемге бірдей шамшырағы болу керек. Ғалым есіміндегі өзінен жоғары мәнсаптың алдында шыбындау, өзінен төменнің алдында қырындау сияқты сасық паңдық деген болмаса керек. Осындай есім күнделікке азбайды, мәңгілікке тозбайды. Ондай есім бізде болған ба? Болған, ол – Фараби» деп, ғұлама Әл-Фараби бойындағы жоғарыда айтқан қасиеттерді бағалай отырып, шыныменен ғалым адамның қандай болу керктігін көрсетіп кеткендей. Бұның барлығы ғалым адамның бойындағы ілкі қасиеттер көрінісі, бұндай ғалым адамдарға қашаннан қоғам зәру. Осындай сипатты ғалымдар кемеңгер Мұхтар Әуезов айтқан «адамшылық жолындағы қараңғы қалтарыстарда қолға ұстайтын шамшырақ».

Десек те бүгінгі мақалаға арқау болып отырған академик Ғарифолла Есім – қазақ философиясының шамшырағы, яғни философияны қазақ дүниетанымына сай ұғындырған ұстаз. Ұлттық даналық ой тамырын тереңнен зерттеп жүрген есімі исі қазаққа ертеден мәшһүр ғалымды таныстырып жатудың өзі әбестік шығар. Философия ғылымында ғалым адамдар көп болғанмен, Есімнің есімі еркеше. Тәуелсіздік алғалы отыз жыл уақыт болса да, рухани кемелділік өрісімізді айқындауда әлі де Батыстық бағыттан арылмай келе жатқанымыз жасырын емес. Ал, Ғарифолла Есім болса, ұлттық ойлау жүйесінің тарихи бастауларын айқындауымен қазақ филолософия ғылымының негізін қалаған ғылымдардың бірегейі десек қателеспейміз. Бұл орайда данышпан Абай Құнанбайұлының: «Әрбір ғалым хакім емес, әрбір хакім ғалым»,- деген даналық тұжырымдамасына сүйенетін болсақ, ғалым болу бір басқа да, хакімдік дәрежеге жету бір басқа.Қазақ бұндайда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген. Ескі сүрлеу соқпақтан шыға алмаған, қатып қалған қасаң қағидадан қайтпаған көп оқығандар әлі де еркін ойлы жастардың санасын жаттың ділімізге қайшы келетін рухани құндылықтарымен улап жатқаны жасырын емес. Бұған қатысты Ғарифолла Есім: «Тәуелсіз елдің тәуелсіз ойлау жүйесіне реформа керек. Көрші өзбек еліндегі кафедралардың аты «Фалсафа және ұлттық идея» деп өзгертілген. Біздегі философия кафедраларының атауы сол баяғы қаз қалпында. Неге дейсіздер ғой, кезінде қарқынды түрде даярланған «базалық білімдері» тек Гегель, Кант, Маркс, Лениндерді оқып, үйренумен болған, соның нәтижесінде саналары сіресіп, ескі ойлау жүйесінде қалыптасқан кадрлар әлі де жоғарғы оқу орындарында қызмет етуде»- деп, ащы ақиқатты айтқан болатын. Ғалымның ерекшелігі де сол, бұрынғы Батыстық ойлау дағдысынан бас тартып, алғашқылардың бірі болып ұлттық ойлау жүйесін қалыптастыруында.

Қазақ филосфия ғылымының негізін қалаушылардың көшбасшысы өзінің «Пәлсапа – бекзат сана» мақаласында: «Осы күнге дейін философия деген ұғымды мейлінше қолданып келдік. Ойлау мәдениетінің басқаша сапалық түрі болады дегенге мән бермедік. Білім, ғылым саласы елімізде тек Батыс өркениетінің негізінде қалыптасқандықтан, ойлау жүйеміз де философиялық ұғыммен шектелді. Философия негізінен Батыс Еуропада өріс алған ойлаудың түрі» дегенді айтып та, жазып та жүр. Сондықтан да ұлттық дүниетаным, ұлттық болмысты танудың Ғ.Есім байыптаған парасат пайымына шындап бет бұрғанымыз абзал.

Алаш арыстарының тұяғы, асылдың сынығы Қайым Мұхамедхановтан тәлім алған Ғарифолла Есім Алаш идеясын жаңғыртып, ұлттық мінез қалыптастыруда аянбай тер төгіп жүр. Ғалым «Адам-зат» еңбегінде «Ар», «Ұят», «Мінез», «Көңіл», «Пейіл», «Ниет» сынды мән-мағынасы терең оқшау ұғымдарды қазақ дүниетанымымен дәнекерлеуде жаңа бағытты бағамдайды. Бұл да білігі бөлек зерттеушінің өзіне тән ғылыми ерекшелігі десек болады.

Ғалымның Абай мұрасын арнаған еңбектері саф ойларға толы. «Ғұламе-наме» еңбегінде Ғ.Есім:«Менің жолым – Абай жолы» деген ғалым, «Абай жолы – Қазақ халқының жүрер жолы екені анық. Абай жолы – Тәуелсіздік жолы! Ол да анық!», -деп түйеді. Ұлттың ірі тұлғалары хакім Абай, данышпан Шәкәрім, кемеңгер Мұхтарға арналған «Ғұлама-наме» трилогиясының ғылыми салмағы ерен. Іргелі еңбек қазақ дүниетанымын кеңейтетін, жаңашыл да тосын ойларымен нәрлендіретін құнды құрал, «Ғұламе-наме» – ғылымға ден қойған жастарды қазақы болмысмыздан ажыратпайтын, ұлттық дүниетанымнан адастырмайтын алтын қазық іспетті.

Ғалымның Абай туралы терең пәлсапалары, Шәкәрімнің «ар» ілімі туралы талдаулары, Мұхтар туралы айтқан бағалы ойлары қаншама жылдар бойғы қажыр қайраттың, үлкен еңбектің жемісі.

Түйіп айтқанда, академик, Ғарифолла Есімнің «Ғұламе-наме» трилогиясы Абай атындағы мәдениет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлыққа лайықты еңбек деп бағалаймын.

Айтбай ЖҰМАҒҰЛ,

«Рухани жаңғыру»

өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы,

Е.А.Бөкетов атындағы

Қарағанды университеті «Тұлғатану»

ғылыми зерттеу орталығының

аға ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button