Кездесу

Жаңашыл жүйе жайлы ашық әңгіме

Сәрсенбі күні Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан ӘБДІРОВ жұмыс сапарымен Қарағандыға келіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде жұртшылықпен кездескен болатын. Төраға университет жастарымен де кездесуді жөн көріпті. Студенттердің сайлау үдерісін жетілдіру жұмысы бойынша ұсыныстарын тыңдады. Кездесуде ОСК төрағасы жастардың сайлау процесіне қатысты ой-пікірлерінің маңызды екендігін атап өтті.

Суреттерді түсірген автор

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Қазақстанды құру міндетін қойды. Ондағы жаңару барлық салаларға қатысты. Еліміз реформалар қарсаңында тұр, соның ішінде, саяси реформалар бар. Өзгерістер сайлау жүйесіне де әсер етеді. Сондықтан, біз бүгін осы саладағы мәселелерді бірге талқылау үшін келдік. Жастар – елдің болашақ зиялы қауымы және электораттың маңызды құрамдас бөлігі. Осыған байланысты біз үшін қазіргі таңда жастардың сайлау процесі мәселелерінің кең спектрі төңірегінде пікірлері мен ұсыныстары өте маңызды», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

ОСК төрағасы ең әуелі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған сайлау процесін жаңғырту жөніндегі бастамаларын егжей-тегжейлі түсіндірді. Электрондық дауыс беруді енгізу, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету, ауыл әкімдерін сайлау кезінде пікірсайыстар өткізу және әлеуметтік желілерді үгіт алаңдары ретінде пайдалану жөнінде пікірлер болды.

Жастардың сайлау институтына деген қызығушылықтары мен сенімдерін нығайту, олардың саяси мәдениетін арттыру қажеттігі сияқты мәселелер кездесудің маңызды тақырыбына айналды десек болады. Қатысушылар жас сайлаушыларды оқыту, әсіресе олардың сайлау және сайлану құқықтарын түсіндіру шараларына ерекше назар аудару қажет деген ойларын тілге тиек етті. Осы ретте, бұл жұмыста заманауи ақпараттық арналарды және тың әдістерді қолдану маңызды деген пікірлерін білдірді. Сонымен қатар, кездесуге қатысқан жастар сайлау процесіне цифрлық технологияларды енгізу, сайлау мәдениеті мен алдағы сайлауда жастардың белсенділігін арттыру бойынша бірқатар нақты ұсыныстарын алға тартты. Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған осындай іс-шаралар жастардың сайлауға деген сенімін арттырудың пәрменді тетіктерінің біріне айналатынын және жастар осындай диалог орнатуды қолдайтынын түсіндік кездесуден.

– Кездесудің мақсаты – жастарды сайлау процестері туралы хабардар ету. Ертең олар депутаттарды, ауыл әкімдерін, қалалар мен аудан әкімдерін сайлауды немесе саяси лауазымдарды дауысқа салады. Сондықтан, біз сайлау процесінің не екенін, оның Қазақстан демократиясын дамытудағы рөлі қандай екенін, бұл үдерістің біздің елімізде қалай дамып жатқанын түсіне бастауымыз керек, – дейді төраға.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында еліміздегі саяси реформалар туралы өзінің ұстанымдарын, тапсырмаларын, ойларын нақты жеткізген еді. Соның ішінде қомақты бөлігі сайлау процесіне қатысты айтылды.

ОСК мүшелері осыған дейін 15 өңірді аралап шығыпты. Былтырдан бері 995 ауыл әкімінің тікелей сайлауы өткен. Сонымен қатар, 2021 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы 2024 жылдан бастап аудан әкімдері тікелей сайланатынын жеткізді. Ал, биыл «Қазақстан» телеарнасына берген сұхбатында 2023 жылы пилоттық жоба ретінде басталатынын хабарлаған болатын. Мұның бәрі сайлау комиссияларының жауапты кезеңде тұрғанын көрсетеді. Болашақта қала әкімдерінің де сайлануы ықтимал. Сондықтан, сайлауды үлкен саяси қадам деп түсінеміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button