АймақШахтинск

«Талаптыға нұр жауар»

Шахтинск қаласы терең тарихымен, кенді аумағымен және еңбексүйгіш тұрғындарымен үнемі ел назарында. Мемлекет тарапынан қолға алынған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының нәтижесін бір кісідей көруде әрі оны жүзеге асыруға атсалысып келеді.

2020 жылдың 9 айында Шахтинск қаласы аумағында жұмыссыздардан жұмыс табуға жәрдемдесуге 1247 өтініш түскен. Оларға қол ұшын беруге қалалық жұмыспен қамту орталығы қажетті іс-шара атқаруда. – Тұрақты жұмыс орнына 850 адам орналастырылса, әлеуметтік жұмыс орнымен 50 азамат қамтылды. Қоғамдық жұмысқа 173 тұрғын жұмылдырылып, жастар тәжірибесіне 47 адам жіберілді. Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін басқа да шаралар іске асырылуда. Мысалы, жаңа бизнес идеяларды іске асырып, 200 АЕК мөлшерінде грант беруге 27 млн. 953 мың теңге қаражат немесе 51 грант қарастырылды. Оның ішінде, республикалық бюджеттен 7 млн. 953 мың теңгеге 15 грант және жергілікті бюджеттен 20 млн. теңгеге 36 грант бөлінді, – дейді Шахтинск қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлжахан Сыдықова.

Жыл соңына дейін жергілікті бюджеттен 11 млн. 667 мың теңгеге 18-ге жуық грант беру жоспарлануда. Гранттар – Brow студиясы, полиграфиялық қызмет, тігін өндірісі, дизайнерлік қызмет, пиццаны дайындау және жеткізу сынды қызмет түріне беріледі.

Мысалы, Алтынай Темірғалиева өз кәсібін ашуға 555 600 теңге алған. Ол кәде-сый өнімдері мен, мүсіндер жасау және қабырғаға сурет салумен айналыспақшы. Жұмысқа қажетті құралжабдық сатып алыпты. Кәсібін «Ханшайым» ЖК деп атап, жұмысты бастап та кеткен.

Алдымен, Алтынай Темірғалиева «Бизнес бастау» жобасы аясында 2 апталық онлайн-курстан өткен. Онда бұл кәсіптің қыр-сырын үйреніп, сертификат алған. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына құжат тапсырған. Күйеуі Ерсін Темірғалиев он жылдық тәжірибесі бар кәсіби суретші. Алтынайдың кәсіп ашуына оның суретшілігі түрткі болған.

– Жолдасымнан бірнеше жылдан бері көп нәрсе үйреніп, осы отбасылық кәсіпті дөңгелетуді ұйғардық. Тапсырыс ақырындап түсуде. Болашақта дамып, тәуір табыс табуға ұмтылудамыз. Өйткені, бұл кәсіп бүгінде сұранысқа ие. Туған күнге немесе мерекелік кештерге түрлі мүсіндер мен жабысқыш сувенирлер, стақанға немесе киімге түрлі ою ойғызып, жазу жазғызғысы келетіндер саны артуда. Осындай мүмкіндікке жол ашқан қалалық жұмыспен қамту орталығы мен кәсіпкерлер палатасына алғысым шексіз, – дейді Алтынай Дәулетқызы.

Бұған дейін жас отбасы жалданып жұмыс істеген. Мәселен, Ерсін мүсін жасаса, Алтынай оны бояп көмектескен. Осылай жалданып табыс тапқан жас отбасы, енді өздері сол кәсіптің иесі. Табыстың көлемі тапсырыс берілген мүсіннің немесе суреттің, кәде-сыйдың көлеміне байланысты. Ең кішкентайы – 500 теңге. Әзірге айына 100 мың деп көрсеткен. Осылайша Алтынай табыс табумен қатар, мемлекетке салық төлеп, ел экономикасын дамытуға үлес қосып келеді. Әрине, мереке кезінде тапсырыс көлемі артып, табыс та мол болмақ. Тек, уақытылы, сапалы етіп жасап берсе болғаны. Бәсекелес Шахтинск өңірінде жоқтың қасы, көбі облыс орталығында. Сондықтан, жақсылап жарнама жасап, тұтынушыны қызықтыра алса, кәсіптері гүлдене түсері анық.

Сонымен қатар, Ерсін Темірғалиев әріптесімен қыста мұздан түрлі мүсіндер де жасайды.

Шахтинск аумағындағы игі істер мұнымен шектелмей, одан әрі жемісті өрбуде.

2020 жылы Шахтинск аумағы бойынша Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде 37 нысанды іске асыру жұмысы жүзеге асыру басталып, онда 674 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, Жұмыспен қамту орталығының жолдамасына 354 жұмыссыз жіберілген, бұл жоспардан 6,9% артық. Жұмыспен қамтудың жол картасы жобаларының қатарында әлеуметтік-мәдени нысандарды, жолдарды, тротуарларды күрделі және ағымдағы жөндеу, аула аумақтарын абаттандыру, құрылыс және тағы сол сияқты инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда.

Атап айтсақ, бес мектепті жөндеуден өткізу, мәдениет және тілдерді дамыту бағытында жұмыс істейтін екі нысанның шатырын айырбастау жұмысын, жолдарды, жылу желілерін, су құбыры арналарын, аула аумақтарын жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы қарамағындағы 9 нысанды жөндеу, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен электр беру желілерінің құрылысы және іргелес кенттердегі жолдарды жөндеу және аула аумақтарын абаттандыру.

Шахтинск аумағында осындай қызу жұмыс жүруде. Жұмыссыздар жұмыс тауып, отбасын асырауда. Осы игіліктің барлығы мемлекеттік бағдарламалардың халыққа ауадай қажеттігін және Шахтинск қалалық жұмыспен қамту орталығы мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өзара ынтымақтастықта, жемісті еңбек етіп жатқанының арқасы. «Талаптыға – нұр жауар» демекші, жұмыла атқарылған жұмыс нәтижелі болары анық. 

Жәлел ШАЛҚАР.

ШАХТИНСК қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button