Руханият

Қарағанды – көш басында

Облысымыз мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық «Рухани қазына – 2020» байқауында ең көп марапатқа ие болды. Биыл онлайн форматта өткен сайысқа еліміздің 14 өңірінен 255-тен астам өтінім түскен. Тағы айта кетерлігі, жылдағы дәстүрлі номинациялардан бөлек, ұйымдастырушылар арнайы жүлделер мен атаулы сыйлықтарды да қарастырған. Мәселен, кәсіби әулеттерге арналған «Бір отбасы – бір кәсіп» арнайы номинациясы тағайындалса, 29 жасқа дейінгі жас мамандар үшін «Жыл серпіні» аталымы да бар.

Қарағанды облыстық тарихиөлкетану мұражайы «Алтын Орданың 750 жылдығына орай» номинациясында, облыстық бейнелеу өнері мұражайы «Музейлердің ең үздік инклюзивті онлайн жобасы» аталымында, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану мұражайы «Балаларға арналған ең үздік онлайн музей жобасы – 2020» санатында жеңімпаз атанды. Ал, көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхана «Кітапханалардың үздік инклюзивті онлайн жобасы» аталымында марапатқа ие болды. Ал осы кітапхананың тифлопедагогы Владимир Высочинский «Үздік қызметкер» атанды.

Жас мамандарға арналған «Жыл серпіні» арнайы аталымында Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығының экскурсоводы Қуаныш Тыныбек, «Мәдениет үйінің, ауылдық маңызы бар клубтың үздік қызметкері» аталымында Шешенқара ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Жанна Бурашова жеңімпаз атанды.

Бейнелеу өнері мұражайының жетекшісі Бибігүл Құдабаева бұл марапат бүкіл ұжымның және олардың жарты жылдық жұмысының жемісі екенін айтады. Карантин кезінде олар бейнеэкскурсиялар, шолулар, мұражай сабақтары, ғылыми конференциялар, өнер туралы әңгімелер мен очерктер, суретшілермен онлайн кездесулер, челлендждер, конкурстар, викториналар түріндегі әртүрлі тақырыптар бойынша 700-ден астам жарияланым дайындаған. Осы кезде әлеуметтік желілер мен музей сайтына кіру 200 мыңнан асқан.

– Мұражайдың онлайн жобаларының арқасында шетелдік суретшілер бізге өз суреттерін сыйлауға ниет білдірді. Ал, ақшалай сыйлығымызды музейдің дамуына жұмсаймыз, жақсы дыбыстық жабдық сатып алғымыз келеді, – дейді Бибігүл Сағынтайқызы.

Теміртау тарихи-өлкетану музейі де сыйақыларын дыбыс жабдығын алуға жұмсамақшы.

– Биыл коронавирус індетіне байланысы қосылған онлайн жобалар аталымы біз үшін жаңа нәрсе болды. Соған қарамастан, көрмелеріміз тәрізді біз онлайн жобаларымызды да қызықты етуге тырыстық. Байқауға соңғы алты ай ішінде жасалған «Музей тәжірибелерін» ұсындық. Жобада сырмақтар тігіп, самаурын қайнаттық, диірменмен ұн тартып, киіз бастық. Атап айтқанда, мұражай экспонаттарын қозғалысқа келтірдік. Жоба 600 мың қаралымға ие болды, – дейді аталмыш музей жетекшісі Наталья Скорикова.

Жанна Бурашова Шешенқара кентінің мәдениет үйінде 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. «Рухани қазына – 2020» байқауынан бөлек, «Бауырсақ шоу» жобасына да қатысқан. Кенттің мәдениет үйінде 16 үйірме бар, одан бөлек, этномәдени бірлестіктер, халық ансамбльдері жұмыс істейді.

«Біз өнер көрсетуге арналған костюмдерді өзіміз іздейміз, адам бойындай қуыршақтар жасаймыз, бұл туралы байқауға жіберілген бейнетүсірілімде айтылды» деген Жанна Амангелдіқызы сыйақыны жаңа костюмдер алуға жұмсайтындарын жеткізді.

Қарағанды облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасы да онлайн режимде – белсенді. Мекеме кітапхана пайдаланушыларымен карантин кезінде байланыс көпіріне айналған Youtube арнасы мен бейнежурналын құрған. Владимир Высочинский жұмыс істейтін ақпараттық орталық зағип немесе нашар көретін пайдаланушыларды кез келген ақпарат құралдарында кез келген ақпаратқа қол жетімділікпен қамтамасыз етеді.

– Жобаларымыз адамдардың сенімділігін арттыруға көмектеседі. Мен зағип немесе нашар көретін адамдарды компьютерлік сауаттылыққа оқытып, интернетті пайдалану және желілік кеңістікте бағдар берумен айналысамын. Қызметкерлердің жұмысын ынталандыра түсетін байқау ұйымдастырушыларына өте ризамын, – дейді Владимир Высочинский. 

Салтанат ІЛИЯШ.

Суретті түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button