Бас тақырыпБасты тақырып

«Қарағандыда бәрі тыныш» немесе өрт ашқан ақиқат

Қыркүйектің екінші жартысындағы қара суық бойымызды ғана қалтыратпады. Жанымызды да жауратты. Қарағандыдағы үйдегі, түздегі ызғар үш адамның өмірін жалмады. Айдың ортасынан басталған сыздан баспанасын паналай алмаған жұрт үй-жайына жылытқыш қойып, жан шақырып жатты. Амалсыздан. Ал, сол құзырлы орындардың мұндайдағы амалы қайда? Сол бейқамдығының соңы кісі өліміне жеткізді. Өзі алып жүре алмайтын шоқпарды беліне байлап алғандар өздерін емес, өзгелерді мерт қылды. Жылытқышқа жұртты жүгіндіргендер енді кімді кінәлар екен?!

 

ЖЫЛУДЫҢ ҚҰНЫ – АДАМ ӨМІРІ

Төрт қабырғаңыздан тентіреуге сәл қалғанда, «өлдім, жан шықты» дегенде қыркүйектің 26-шы жұлдызында Қарағандының жылу желілеріне «қан» жүгіре бастаған. Бірақ, дәл қаланың қақ ортасындағы бір үйдің бір подъезіне жылу жетпегенін тілсіз жау – өрт тимегенде, онда үш адам майып болмағанда, билік «Қарағандыда бәрі тыныш» деп отыра берер ме еді, қайтер еді?!

Қайғылы оқиға орын алғаннан кейінгі күннің ертесінде Қарағанды қаласы төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Нұрлан Бекбосынов өрт туралы хабар өрт сөндіру бөліміне кешігіп түскенін мәлімдеген-ді. Оның сөзінше, өртті хабарлағандар үй тұрғындары емес, сыртта жүргендер. Барынша жедел қимылдың нәтижесінде тұрғындар эвакуацияланған. Бірақ, өкінішке орай, өртке оранған пәтердегі үш тұрғын көз жұмды.

Қазыбек би ауданының әкімі Нұрлан Рыстин бұл үйдің №9 подъезінің жертөлесіндегі жылу желісінде ақау анықталғанын, соның салдарынан жылу берілмегенін айтады. Сол кезден бері жылу жүйесінде жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұл, бірінші кезекте, ПИК жұмысының жеткіліксіздігі дейді әкім.

– Аталған подъезге «Арман» ПИК-і қызмет көрсетеді. 28 қыркүйекте жылу берілген кезде тұрғындармен өткізілген жиынның шешімі бар. Онда тұрғындар №9,10,11 подъездерде КСК жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, содан кейін жылу қосылуы туралы шешім қабылдаған, – деді Нұрлан Рыстин.

Оған дейін созылып келген жөндеу өрт шыққан күннің ертесінде бірден мәреге жетті. Жылу жедел берілді. Әйткенмен, құны адам өмірімен өлшенген жылудың үш адамды қайтып әкелмейтіні аян. Осыдан соң «ақауды жедел жөндеу үшін адам өлуі керек пе еді?» деген сауал сумаңдап көкейге келетінін несіне жасырайық?

«КІНӘ КІМДЕ?»

Жау кеткен соң қылышын тасқа шабатын құзырлы орындар қазір кінәліні іздеп, айыптыны анықтауға кірісіп кетті. Қыркүйек туысымын тұрғын үйлердің қойын-қонышын суық алып, қабырғасына сыздан қақ қатқаны әзірге ешкімге керек емес. Жылудың шүмегін ұстағандар «сұраған жылуларын сұраған кезінде бердік» дейді. Жергілікті билік уақытында сұрадық дейді. «КСК жөндеу жүргіздім» дейді. Сонда кім кінәлі? Мұздай үйіне жылытқыш қойып, жан сақтаған, жан сақтаймын деп құрбан болғандар ма?

Қарағандыда алты ай қыс екені ежелден мәлім. Қыркүйектің жиырмасыншы жұлдызынан кейін пәтеріңізде, жұмыс орныңызда жаныңыз темір болмаса, жылытқышсыз «үсіп» өлесіз. Жылда осы. Қарағандыға қыркүйек келді дегенше, қыс келді дей беріңіз. Алайда, мұны біле тұра, атқамінерлер қарекетсіз еді. Сол қарекетсіздіктен қайғы жамылды. Ендеше, айыптылықтың ақыры арғы жақта.

ПИК-ТЕ ПӘТУА БАР МА?

Облыстық ТКШ және энергетика басқармасының мәліметінше Қарағанды облысында 460 ПИК (КСК) бар екен. Соның ішінде, өрт шыққан Қазыбек би ауданында 82-ден астам ПИК құрылған. Енді, бұлардың қаншасы еңбегін адал атқарып жүргені бір Аллаға болмаса, басқаға мәлімдігіне күмәніміз қалың. Жылу жүйесіне, қысқы мезгілге көпқабатты үйлердің сақадай сайлығын айтып, сан сапалақ цифрларды ұсынатын да осылар. Жасыратын жоқ, сол КСК-ға сеніп, бүгінде шашылып-төгіліп, подъезі құлауға жақын қалған көпқабатты үйлер қаншама?

1997 жылы 16 сәуірдегі ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңды басшылыққа ала шыр етіп, дүние есігін ашқан ПИК-тер міндеттемелерін мүлтіксіз орындап отырған жоқ. Ай сайын төлемін бергенімен жібі түзу жұмыс атқармаған соң ПИК-тен басын ала қашқан пәтер иелері мен үйлер де аз емес. Айына әр пәтер иесі пәтерінің әр шаршы метріне 20 теңгеден жоғары ақы төлейді. Бір ПИК-те кемінде 150-200-ге жуық пәтер бар. Осылардан жиналатын қаржының қайда жұмсалғанынан былайғы жұрт бейхабар. Өйткені, өздері қожа, өздері би оларды тексеріп, тергеп жатқан құзырлы орын, не тұрғындар жоқ.

Алдағы уақытта ПИК-тің мұндай шалағайлығынан оның орнына құрылатын «Мүлік иелерінің бірлестігі» – жаңа құрылым құтқарады деген дәме бар.

ТҮЙІН

XXI ғасырда жүріп, үйден далаға, күннің көзіне жылынуға шығатын біздей жұртты әлемде шам алып іздесеңіз, таппайсыз. Алайда, бүгінгінің ақиқаты бұл.

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Жұрт жаураса, жылт еткен күннің көзіне бойын жылытты соңғы айда. Өркениет деп өңеш созатын «әдемі өмірге» мұнымыз қаншалықты жарасымды? Өркениеттің «өрінде жүргендер» өздері бағамдар. Бұған біз секілді қарапайымдардың миы жете бермейді екен…

Қарағандыда бәрі тыныш… емес

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button