Тарих

Ақ Орда

Шыңғыс ханның тау суындай қарқынды жорығы XIII ғасырдың 40 жылдарына дейін, бір ұрпақтың көз алдында Евразияның Ұлы даласына толық үстемдік жасап үлгерді. Алғашында Жошы ұлысы деген атпен шаңырақ көтерген мемлекет кешікпей – ақ қанатын кеңейтіп, Алтын Орда атанды. Шығысында Балқаш көлі мен Ертіс бойынан бастап, батысында Қаратеңіз бен Дунай өзеніне дейінгі өңір Алтын Орда иелігінде болды. Әсіресе, Жошының бел баласы Бату ханның (1227-1255) батыл қимылдары Алтын Орданың мемлекеттігін біржолата орнықтырып, батысында Венгрия мен Польшаға дейінгі жерді, оңтүстігінде Кавказдың біраз бөлігін қол астына қаратты.

Алтын Ордада басқарудың ұлыстық жүйесі енгізіліп, басып алынған жерлер мен халықтарға үстемдік етті. Бату билігі кезінде Жошы ұлысы екі бөлікке – оң және сол қанатқа, яғни, екі мемлекеттік бірлікке бөлінді. XIV ғасырдың басында Жошы ұрпақтары иеліктерінің Еділ бойындағы даланы, Еділдің батыс жағындағы жерлерді, Қырымды, Солтүстік Кавказды және Хорезмнің солтүстік бөлігін қамтыған батыс бөлігі (оң қанат) бұрынғысынша Алтын Орданы құрады. Жошы ұлысының қазіргі Қазақстанның (Жетісуды қоспағанда) Жайық өзенінің шығыс жағындағы және Арал теңізі мен Сырдарияның солтүстік жағындағы кең-байтақ аумақты қамтыған шығыс бөлігі (сол қанат) Ақ Орда құрамына кірді.

Алтын Ордада – негізінен Бату ханның ұрпақтары, Ақ Ордада Орда-Еженнің ұрпақтары билік құрды. Әйтсе де, Бату ұрпақтарына аз мөлшерде вассалы болған Орда Ежен ұрпақтары өз мемлекеттерін тәуелсіздікке жеткізді (Қазақтар. 1-т., 54-б.).

Хан ордасы XIII ғасырдың орта шенінде (Плано Карпини жазбасы бойынша) Алакөлдің маңында, яғни, Орда Еженнің әкесі Жошы ханның бастапқы отырған жерінде болды.

Орда Еженнің иеліктері мен Алтын Орданың арасына орналасқан Қазақстан аумағы Шайбани мен оның ұрпақтарына бағынышты болды. XIV-XV ғасырдың басында бұл аумақты шығыс авторлары бірде Ақ Орда, бірде Көк Орда деп атайды. Мұны Орда Ежен әулеті өкілдері билігінің осы аумаққа да таралуымен түсіндіруге болады.

Ақ Орда моңғолдардан кейінгі кезеңде Қазақстан аумағында жергілікті этникалық негізде құрылған тұңғыш ірі мемлекеттік құрылым. Оны осы жерлерді ежелден мекендеп келе жатқан және моңғолдардың жаулап алуынан көп бұрын-ақ қыпшақ бірлестігінің құрамына кірген, сондай-ақ Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезінде Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс аудандары мен Алтайдан қоныс аударған түркі тілдес тайпалар мекендейтін еді. Онда қыпшақтармен қатар наймандар, үйсіндер, қарлұқтар, керейіттер (керейлер), арғындар, сондай-ақ қоңыраттар, маңғыттар және басқалар мекендеген. Шыңғысхан әскерінің тұрақтанған тобы жергілікті халыққа сіңіп, олардың дінін, тұрмыс-салтын қабылдады (Қазақстан тарихы. т-2, 109 б).

1226-1309 жылдарда Ақ Ордада Орда Ежен (1226-47/50), Күнқыран (1250/51-80), Қоныша (1289-1301), Баян (1301-1309) билік құрды. Орда Еженнің алғашқы мирасқорлары тұсында-ақ Ақ Орданың билеушілері Алтын Орданың қол астында екенін сөз жүзінде мойындағанымен, іс жүзінде тәуелсіз саясат жүргізді. Ол кезде Алтын Орда хандарының астанасы Ұлы Сарай еді, олар Ақ Орданы тек сөз жүзінде ғана басқарды, ал барлық ішкі саяси күш Ақ Орданың өзінде болды. Сол себепті де шығыс қолжазбаларында Ақ Орда Алтын Ордамен қатар одан өзгеше бір мемлекет ретінде сипатталады.

XIV ғасырдың басында Шыңғыс хан ұрпақтарының арасындағы алауыздық күшейген заманда Орда Еженнің немересі – Баян атасына қараған ұлыстың көп жерін өз қол астында сақтап қалды. XIII ғасырдың екінші жартысы мен XIV ғасырдың басында Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалардың экономикалық, мәдени, геосаяси жағынан қайта өркендеуінің және Хайду мен Дуваның Баян ханмен Шығыс Қазақстанда территория үшін талас-тартысының нәтижесінде ұлыс орталығы Сыр бойына, Сығанақ қаласына көшірілді (Айбын. Энциклопедия. А., 2011. 42 б.).

Ақ Орда феодалдық мемлекет еді. Алайда, оның қол астындағы жерлерде қоғамдық дамудың дәрежесі біркелкі болған жоқ. Ақ Ордаға қарасты отырықшы, егінші аймақтарда феодалдық қатынас қалыптасты. Ал көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған ай­­­мақтарда көшпелі мал шаруашылық өндірісінің өзгешелігіне сай патриархалдық – феодалдық қарым-қатынас басым болып отырды. 

Ерзен (1320-1344), Мүбәрәк Қожа (1344-1345), Шымтай (1345-1366), Орыс (1361-1380) хандар тұсында Ақ Орданың саяси-шаруашылық мәдениеті гүлденіп, күш-қуаты кемеліне келді, мемлекеттік беделі артты. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы өркендеуімен бірге, Сырдарияның орта алқабы мен Талас, Шу өзендері бойындағы отырықшы-егінші өңірлердегі егін шаруашылығы қалпына келіп, қайта дамыды. Бұл алқапта Шыңғыс хан жорығынан бұрын мейлінше гүлденген, бірақ соғыста бүлініп құлдыраған Отырар, Сығанақ, Жент, Баршынкент т.б. қалалар қайта жанданды. Ақ Орда хандары қалаларды қалпына келтіріп, қайта құруға зор күш жұмсады. Ерзен хан тұсында Сыр бойындағы қалаларда көптеген медресе, мешіт, ханака, ғимараттар салынды. Бұлар Орта Азиядағы ірі қалалар мен Алтын Орданың орталығы Сараймен арадағы сауда керуен жолы үстінде болғандықтан, бұл қалаларда сауда-саттық өрістеді. Қолөнер дамыды, қала мәдениеті гүлденді. Шаруашылықтың өркендеуі мен сауданың дамуына байланысты ақша айналысы күшейді. (Н.Мыңжан. Қазақтың тарихы. А., 1994. 212 б.). Бұл кезде Ақ Орда әлі де Алтын Орданың құрамында еді. Ақ Орда алғаш рет Ерзеннің ұлы Мүбәрәк Қожа хан тұсында өзінің саяси тәуелсіздігін сақтауға ұмтылды.

Орыс хан тұсында Ақ Орда дербес хандыққа айналды. П. Савельев, А.Ю.Якубовский, П.П.Иванов Натанзияның «Му ин-ад-дин» атты туындысына сүйене отырып, Орыс хан – Шымтай ханның ұлы, Жошы ханның немересі деп санайды. Орыс хан 1361-1362 жылдары Ақ Ордада әкесінің орнына таққа отырды. Бірақ, 1368-69 жылдардан бастап қана (Ақ Орданың астанасы Сығанақ қаласында өзі соқтырған теңгелер осы кезден бастап белгілі) Ақ Орданы дербес биледі. Орыс хан қашанда саяси жағынан Алтын Ордаға тәуелсіз Ақ Орданы басқаруға ұмтылған екен. Әбдіразақ Самарқанидың мәлімдеуінше, Орыс хан Ақ Орданың Сырдария маңындағы аймақтарда егін және қала шаруашылықтарын дамытуды қолдаған. Ал сыртқы саясаты негізінен Әмір Темірдің шапқыншылық жорығына тойтарыс беруге бағытталды (Қазақ Совет энциклопедиясы, 8 том, 599 б.). Бұл мақсаттарды жүзеге асырудың аса тиімді де басты шарасы – ішкі феодалдық қырқыстарды жойып, бір орталыққа бағынған мемлекет құру еді. Бұл дәуірдегі ауыр апат – Шыңғыс тұқымынан тараған сұлтандар мен ханзадалардың хан тағына таласқан ішкі феодалдық қырқысы болатын. Ақ Орда хандығында 1354-1364 жылға дейін өзара қырқысқан күрес үстінде сегіз хан қаза тапты. Орыс хан Ақ Орданың ханы болып тағайындалған соң ішкі феодалдық қырқысты жойып, Алтын Орданы өзіне бағындыруға әрекет етті. Осы мақсатын жүзеге асыру үшін 1368 жылы «державаның тіректері мен сарай шонжарларының» қолдауына сүйенген Орыс хан Еділ бойы жағына жорық жасады. Ол 1374-1375 жылдары Сарайды алып, Қажы – Тарханды (Астраханьды) қоршады, деректемеде «Орыс Хан жұрты» деп аталған Кама бұлғарларының жерін бағындырды. (М.Г.Сафаргалиев. Алтын Орданың құлауы. Саранск. 1960, 130 б).

Бірақ, 1375-1376 жылдары Орыс хан Сырдария жағасына қайтуға мәжбүр болды, ал онда Ақ Орданың оңтүстік шегінде Орта Азияның билеушісі Әмір Темір өзінің агрессиялық қимылдарын өрістетіп жатқан болатын.

Ақ Орда хандығының негізгі әскери күші ерте заманнан осы өңірді мекен еткен көшпелі және жартылай көшпелі тайпалар еді. Бұл тайпалардың ішіндегі алты арыс ел – қыпшақ, найман, жалайыр, қоңырат, алшын, арғын «алты сан алаш» яки «алаш мыңы» деген атпен Жошы хан ұлысына еніп, Жошы хан өлген соң Орда Ежен шаңырағын көтерген Ақ Орданың ұйытқысы болған еді. Қазақтың алғашқы армиясы – Алаш мыңдығы Орыс ханның ұлдары Тоқтақия, Темір-Мәліктің басшылығымен Әмір Темірге қарсы талай мәрте шайқастарға қатысты. (Қазақтың қысқаша тарихы, 215 б.). Ақ Орданың күшеюінен сескенген Темір Орыс ханға Ақ Ордадағы өзінің қолшоқпары Тоқтамысты айдап салды. Темірдің әскери көмегіне сүйенген Тоқтамыстың 1374-1375 жылдардағы Орыс ханға қарсы алғашқы жорығы сәтсіз аяқталды, Ақ Орда әскерлері Тоқтамыстың әскерлерін талқандады. Тек төртінші жорық кезінде Орыс ханның және оның баласы Тоқтақияның қайтыс болуы Әмір Темір мен оның қолшоқпарларының жеңіске жетуіне мүмкіндік берді. 1377 жылы Орыс хан қайтыс болғаннан кейін Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшті. Осы кезде Тоқтамыс Әмір Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандап, өзін 1379 жылы Ақ Орданың ханы деп жариялайды. 1380 жылы Тоқтамыс Сарай – Берке мен Еділ маңындағы басқа да қалаларды, Қырым мен Мамай ордасын басып алды. Ақ Орда мен Алтын Орданы билігіне алған Тоқтамыс бұрынғы жебеушісі Темірдің енді өзіне қарсы шықты. 1395 жылы Тоқтамыс Темірден күйрей жеңіліс тауып Сібірге қашып кетті, оны 1406 жылы Сібір ханы Шәдібек өлтірді. Ақ Орда Әмір Темірдің боданына айналды. 1423-1424 жылдары Орыс ханның немересі Барақ өзінің бақталастарын жеңіп шығып, Ақ Ордада хандық билікті өз қолына алады. Бұл кезде, Ақ Орданың басты қаласы Сығанақ, сондай ақ Сырдың орта ағысындағы қалалар Темір әулетінің қолында еді.

1425-1426 жылдары Барақ Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып, Сығанақты және Сырдария бойындағы басқа да қалаларды босатты. Осы жеңістің нәтижесінде Ақ Орда Темір әулетінің үстемдігінен тәуелсіз болып алды. Алайда, Ақ Орданың ішіндегі феодалдық талас-тартыс тоқтамады. Осының салдарынан 1428 жылы Барақ хан Ноғай Ордасының мырзалары Қази, Наурыздың тасадан атқан оғынан қапылыста қаза табады. Ол Ақ Орданың соңғы ханы болды. Барақ хан өлген соң, Шығыс Дешті Қыпшақта шайбанилық Әбілхайыр ханның қырық жылдық билігі орнады (Б.Д.Жұмақасова, Қазақстан тарихы, А. 2010, 81 б.).

Түркі тілдес тайпалар мекендеген Ақ Орданың ресми тілі – қыпшақ тілі, немесе көне қазақ тілі болып табылады. Батыс түрік (VI-VIII), Түркеш-қарлық (VIII-X) және қимақ-қыпшақ (X-XII ғасырлар) дәуірлерінен бастап қазақ тайпаларының өз алдына халық болып қалыптасуы осы Ақ Орда кезінде үздіксіз жүрді. Ақ Орданың астанасы Сығанақ қаласында, Сырдың орталық бөлігіндегі қалаларда ғылыми ізденістер, қолөнері және әдебиет айтарлықтай дамыды. 1341-1342 жылдары қыпшақ тайпасынан шыққан атақты ақын Құтб қыпшақ тілінде (көне қазақ тілінде) «Хұсырау-Шырын» дастанын жазды. 1359 жылы атақты ақын Ахмет Хорезми Сырдария бойында әйгілі «Махаббатнама» дастанын жазды. XIV ғасырда жазылған «Шаджарат әл – атрак» («Түрік шежіресі») атты кітаптағы деректер мен ел аузындағы аңыздар бойынша, 1227 жылы Жошы хан аң аулай жүріп қаза тапқанда, Шыңғыс ханға қаралы хабарды жеткізуге ешкім батпайды. Сонда көне дәуірдегі қазақтың ұлы жыршысы, сазгер-күйшісі және халықтың тарихи аңыздарының кейіпкері найман Кетбұға бас кетер ауыр міндетті өз мойнына алады. Әуелі: «теңіз бастан былғанды, кім тұндырар, а, ханым, Терек түптен құлады, кім тұрғызар, а, ханым», – деп Шыңғысханды қаралы хабарға әзірлеп алады да, баласы Жошының өлімін күймен естіртеді. «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі осылай жарыққа шыққан (Қазақ өнері. Энциклопедия. А., 2002. 265 б.). Сыпыра жырау сол замандағы Тоқтамыс пен Темір арасындағы тартысты жырлады. Жыраудың толғаулары әралуан аңыз, әңгімелер мен («Құбығұл», «Едіге би», «Тоқтамыс ханның хикаясы» т.б.) эпикалық жырларда ғана сақталып қалған («Ер Тарғын», «Едіге батыр» т.б.).

1227 жылы Жошы хан өліп, Жошы ұлысы екіге жіктелгенде жарыққа шыққан Орда Ежен ұлысынан бастап, 1428 жылы қайтыс болған Ақ Орданың соңғы ханы Барақ ханға дейінгі аралықта Ақ Орда хандығы екі жүз жыл өмір сүрді. Ақ Орда мемлекеті кейінгі Қазақ хандығының құрылуына негіз қалады, тіпті, қазақ хандығын құрушы Керей мен Жәнібек Орыс ханның немересі еді. Осы Керей мен Жәнібек құрған қазақ хандығы тұсында қазақ халқының өз алдына жеке халық болып қалыптасу барысы толық аяқталды.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button