12 тонна балық тәркіленді
Құқық қорғау органдары қызметкерлері Балқаш көлінен 12 тонна балықты заңсыз аулаған 62 жастағы ер адамды қолға түсірді.
Қарағанды облысының ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияровтың айтуынша, заңсыз әрекетке барған күдікті Алматы-Екатеринбург тас жолында ұсталған. «DAF FT FX» маркалы көлікті табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері «Уылдырық» жедел алдын алу шарасы аясында тоқтатқан. Көлікті тексеру кезінде 12 000 келі балық (көксерке, беріш) тәркіленген. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Айта кетейік, жыл сайын браконьерлермен күресу үшін еліміздің су қоймаларында «Уылдырық шашу» балық қорғау акциялары өткізілуде. Қазіргі таңда бағалы балық түрлері уылдырық шашу маусымына орай құқық және табиғат қорғау органдары заңсыз балық аулауға, өткізуге, сатып алуға және оларды заңсыз тасымалдауға жол бермеу үшін бірлесіп жұмыс атқаруда.
Нұрдос КӘРІМ