Тарих

Түрік қағанаты

Тарихтан жиі ұшырасатын Скиф (Сақ), Үйсін, Қаңғы (Қаңлы), Дулат, Оғыз, Қыпшақ – бәрі де Сібірді, Қазақстанды, Орта Азияны, Орта-төменгі Еділді, Каспий жағалауларын сонау ерте замандардан-ақ мекендеген түркі руларының әркездегі ру-ұлыстық, түрлі бірлестік аттары еді. Заманымыздың V ғасырынан бастап бұл өңірлерде әлгі аталған бірлестік, мемлекеттердің негізінде түркі халқы қоғамдасып, соның негізінде Түркі қағанаты орнады.

Бүгінде түркі халықтары деп аталатын қазіргі әзербайжан, түркімен, қырғыз, қазақ, өзбек, қарақалпақ, башқұрт, татар, алтай, хакас, ұйғыр, чуваш, ойрат, тува халықтары осы Түркі қағанатында топтасқан ру-тайпалар негізінде қалыптасқан (М.Жолдасбеков). Күші жағынан да, аумағы жағынан да заманының іргелі мемлекеті болған Түркі қағанатының тарихы V ғасырда ашындардан басталады. 460 жылы Ашын тайпасы жужан (Европа тарихшыларының деректерінде «Аварлар») өкіметінің қол астына қарады, сөйтіп, олар Шығыс Түркістаннан Алтайға көшірілді. Олар жужан өкіметіне темір және металл бұйымдардан төлем беріп отырды. Тарихи деректерге қарағанда, ашындар көшіп келген Алтай тауын ол кезде өздерін «Түркіміз» деп есептеген байырқылар, булақтар, қарлұқтар, кимектер, едіздер, қыпшақтар, қаңлылар, үйсіндер, дулаттар, сол сияқты бертінде түркі халықтарының негізін құраған басқа да көптеген дала тайпалары мекендеген. Н.Аристов «Түркілердің бастапқы шығу тегі мен олардың ата жұрты туралы» деген мәселеде: «Түркілердің негізгі үлкен тайпалары алғашында Алтайды мекендеген. Алтайдағы жер-су аттары көне түркі халық аңыздарына енуі бұған дәлел бола алады. Ежелгі Түркі мемлекеті ғұндар империясы болып есептеледі» – дейді (Н.А.Аристов Түркі тайпалары мен халықтарының этникалық құрамы және олардың саны туралы ескертпелер. 1896. 182 бет.). V ғасырдан бастап осы аталған рулардың бәріне түсінікті, ортақ түркі тілі қалыптаса бастайды. Алтайда Ашын тайпасының маңына жерглікті тайпалар одағы топтасып «түрік» атауын қабылдады.

Алтыншы ғасырда Қазақстан жері түркі тайпаларынан шыққан Ашынның династиясына жататын билеушісі бар Ұлы Түрік қағандығының қол астында болды. Түрік халқының қалыптасуы қағанаттың құрылуына дейін, III-VI ғасырдың ортасына дейінгі уақытта кезең-кезеңімен Шығыс Түркістан мен Алтайдың Ганьсу ауданында және Алтайда жүрді. Алғаш рет Түрік есімі 542 жылы аталады. Осы кездерде Қытайдың Вэй князьдығының солтүстігіне жылда солтүстік-батыстан келетін түріктердің шапқыншылық жасап кетіп отыратындығы шежірелерде баяндалады. Қытайлықтар түріктерді ғұндардың ұрпағы деп санаған. Алғашқыда «түрік» термині ақсүйектердің немесе әскери аристократияның өкіметі дегенді білдірді, яғни таза әлеуметтік мағына берді. Кейіннен сөздің мәні кеңейе түсті және ол билік етуші «патшалық» тайпаның және оған бағынатын тайпалардың символы болды. Көршілес тайпалар бұлардың барлығын түркілер деп атай бастады (Қазақтар. I том. А., 2003. 21 бет.). Бұл ғасырда түркілер Моңғолиядан және Қытайдың солтүстік шекарасынан Қара теңізге дейін созылып жатқан ұлы көшпелі империяның негізін қалады.

Түркі халықтарының бірлесуін тарихшылар Бумын қаған үстемдік еткен 545 жылдан санайды. 546 жылы тирек тайпалары қазіргі Моңғолияның оңтүстігі мен орталық бөліктерін мекендеген және бұл жерлерге үстемдік еткен аварларға (жужандарға) қарсы жорық жасайды. Түрік қағаны Бумын күтпеген жерден қатты шабуыл жасай отырып, бей-берекет жатқан тирек армиясын қапылыста басып, кескілескен шайқастан кейін оны күйрете жеңеді де, тиректердің 50 мыңнан аса әскерін түріктер тұтқынға алады. Даланың әдеттегі құқығының қағидаларына сәйкес тұтқынға алынған әскерлер өзінен-өзі жеңушінің армиясына қосып алынатын еді. Осы кезден бастап, бұрын аварларға вассалдық тәуелділікте болған түріктер енді олардың бәсекелестеріне айналады (Қазақстан тарихы. I том. А., 1996. 269.б.). Осы дайындықтардан кейін Бумын 552 жылы аварлардың (жужандардың) негізгі күшін талқандап, олардың қағаны Анахуан өзін-өзі өлтіреді. Түрік тайпалары енді Бумын төңірегіне шоғырланып, сол жылы ол өзін «Ел қағаны» деп жариялайды. Ел ордасы Орхон өзені бойындағы Өтукен қойнауында болды. Ордада қағанмен бірге ақылшы жырау тұрған. Қағаннан кейінгі басшыны – Жабғы (бас уәзір), ханның өз мұрагерін – тегін деп атаған. Әскери демокартияға негізделген түркі қоғамында халық – бек (ақсүйек), қара будун (бұқара), құл, күң деп жіктелген. Ұшы алтын жебемен балауыз мөр куәлік ретінде қолданылды.

Бумын 553 жылы қайтыс болады. Бумын өлгеннен кейін таққа оның інісі Қара – Еске (553-554жж.) отырады. Ол Орхонның жоғары жағында аварларды (жужандарды) екінші рет жеңеді. Мұқан қаған билеген (554-572жж.) жылдарда қағанат шығыстағы Ляодуннан, батысындағы Каспий теңізіне, оңтүстік Моңғол шөлінен Байкалға дейнгі ұлан ғайыр атырапты алып жатты. Мұқанның тұсында аз уақыт ішінде (553-554 жж.) түріктер шығыста қайлар (татабтар), қидандар және оғыз – татар тайпаларын, солтүстікте Енисей қырғыздарын, Жетісу жеріндегі түргенттерді өздеріне қаратты. Оған тіпті Қытайдың Ци, Чжун мемлекеттері де бағынып, жылына 100 мың топ торқа төлеп тұрды. Әскер саны 100 мыңға, көрші елдерге аттандырылған елшілік саны 370-ке, олардың құрамындағы адам саны кейде мыңға дейін жетті. Бұл жылдары түріктердің батысқа қарай жасаған жорықтары күшті болды. Оларды Бумынның інісі Естеми жүргізді. Ол – Бумынның тірісінде-ақ қол басқарып көзге түскен, қағанның жабғысы (уәзірі) болған адам. Кейін тарихи деректерде оны Батыс түріктерінің түпкі атасы және Батыс Түрік қағанатының негізін қалаушы деп атайды (Жұмақаева Б. Қазақстан тарихы. А., 2010. 37.б.). Естеми баhадүр атағымен, 100 мың қолмен батысқа атанып, 563-567 жылдары Орта Азия, Ауғанстан, Пәкістан, Солтүстік және Батыс Үндістан жерлерінде, Шығыс Түркістанның бір бөлігіне билігін жүргізіп отырған Ақ ғұндар (эфталиттер) мемлекетін талқандап, Жетісуды, Жейхун (Әмудария), Інжу (Сырдария) бойын алып, мемлекет шекарасын Шашқа (Ташкент), Арал теңізіне дейін жеткізгені, 10 ірі тайпаны біріктіргені үшін «10 оқ будун қағаны» атанды, бірақ ресми қаған болған емес. Осы ұлан-ғайыр аумақты мекендеген түркі тілдес ашина (түркі), қырғыз,үйсін, қаңлы, қарлұқ, оғыз (теле), қыпшақ, т.б тайпалар Түркі қағандығының құрамына енді. Ұлы түркі қағандығы өте қысқа мерзім ішінде Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жатқан тайпаларды біріктіріп, бір орталыққа қаратады – сол өлкені еркін жайлаған соғдыларда Түркі қағандығына қарсы тұра алмайды.

Түрік қағандығы Византия мен одақтаса отырып, Ұлы Жібек жолына дербес бақылау жасау мақсатымен Иранмен соғысты. Естеми бастаған түріктердің 571 жылы Иранға жасаған жорығынан соң шекаралық шеп болып, Әмудария бойы белгіленді. Ұлы Жібек жолы түріктердің бақылауына түсті. Жібекпен сауда жасау түрік қағандары мен соғды көпестеріне қыруар табыс келтірді. Түрік әскерлері Иран жорығынан Соғдыға қайта оралғаннан кейін, Естеми әскери қимылдарды Волга бойына көшіріп, 571 жылы Солтүстік Кавказды басып алып, Боспорға (Керчь бұғазы) шығады. Оның баласы Түрксанф аландар мен ұйғырларды бағындыра отырып, 576 жылы Керчьті жаулап алады. Осылайша, Естеми Хорезм, Волга бойы, Кавказ және Қырым арқылы Византияға дейінгі ауыр жолды ашқан еді. Византия тарихшысы Менандр 568-576 жылдар аралығындағы византиялықтардың түріктерге жіберген жеті елшілігін атап өтеді. Византия мен екі арадағы сауда қатынастарын Орта Азияда көптеп табылған VI ғасырлық Византия теңгелері де растайды (Қазақтар. 25.бет). Естеми 576 жылы қайтыс болады.

Ұлы далада түркі мемлекетінің, түркі тілінің қалыптасу дәуірінен дерек беретін Күлтегін ескерткішінде былай деп жазылады: «Әлемнің көгінде аспан, төменінде қоңыр жер пайда болғанда, осы екеуінің арасында адам баласы жаратылды. Адамзат баласының үстінен менің бабаларым Бумын қаған мен Истеми (Естеми) қаған билік жүргізді. Таққа отырған олар өз мемлекетін қорғап, түркі заңдарын шығарып, оны бекітті.» Мұнда дүниенің төрт бұрышын түгел өзіне бағындырған алғашқы түркі қағандары билік құрған уақытымен байланысты суреттеледі.

Қытай жылнамасында көрсетілген көне түркілердің мемлекеттік заңы негізігі ірі – ірі бес баптан тұрған:

1-бап. Көтеріліс жасап, бүлік шығарған кісілерге өлім жазасы кесілген (мемлекеттің бүтіндігін сақтау талабынан туған).

2-бап. Түркі будун (жұртының) мүддесін сатып, елге опасыздық еткендер өлім жазасына кесілсін.

3-бап. Қағанат ішінде жазықсыз кісіні өлтіргендер өлім жазасына кесілсін.

4- бап. Сәйгүлік атты ұрлаған кісіге өлім жазасы бұйырылсын (ат – қоғамның соғыс күші).

5-бап. Ұрланған бағалы мүлік үшін он есе артық айып төленсін (Қ.Аманжолов, А.Тасболатов. Қазақстанның әскери тарихы. А., 1999. 26.б.).

Мұқаннан кейін таққа оның ұлы Табар (572-581жж.) отырып, Қытайлар мен ынтымақта тұрды, елдің саяси басқару жүйесін өзгертіп, ағасына елдің сол қанатын, інісі Бөле ханға оң қанатын басқартты, орталық билікті өз қолында қалдырды. Көшпенді жұртты басқарудың дәстүрлі жолы болғанымен бұл ақсүйектердің билік үшін тартысын қоздырды. Шабалио қағанының тұсында орталық Моңғолия тайпалары бірнеше дүркін бас көтерді. Шабалио көтерілісті басқанымен, бас көтеру тиылған жоқ. Мұны Қытайдың Суй әулетінің басшылары шебер пайдаланып, тайпа басшыларын бір-біріне айдап салып отырды. 587-590 жылдары мемлекетті үш қаған биледі. Ақырында 603 жылы Түрік қағанаты екі мемлекетке – кәзіргі Қазақстанның территориясын, Жоңғария және Шығыс Түркістанды қамтитын Батыс Түрік қағанаты мен Моңғолияда орналасқан Шығыс Түркі қағанатына ыдырап тынды (Ұлы дала мемлекеттері. А., 44-46 б.).

Тәңірлік дін – Түркі қағанатының мемлекеттік діні болды. Көкке – Тәңірге, қара жерге, суға табынған. Түркі халқы о дүниені жер үстіндегі тірліктің жалғасы деп түсінген. Дүниеден қайтқан кісінің қазасына жоқтау шығарып айтқан. Қағанаттың халқы түркі жазуын қолданып, түркі тілінде сөйледі. Сол тілдегі әйгілі тас қашау жазуларын қалдырды. Шығысында Қытай қорғаны мен Батысында Темірқақпа (Дербент) арасында біртұтас мемлекет құрған түркінің даңқты ерлері: «Басы барды – идірдік, тізесі барды – бүктірдік» деген сөздерді тасқа қашап қалдырды (А.Сейдімбек. Шығармалары. Т.2. 2010. 23. б.).

Қағанат халқы айналысқан негізгі шаруашылық түрі – көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы. Негізгі баққан, өсірген малдары – қой, жылқы. Жылқының қымызын, қойдың ағын ішіп, түркілер қыста қыстауға, жазда жайлауға көшіп жүрген. Осы кәсібі жайында тарихшы Л.Гумилев былай дейді: «Түркілердің әйелге деген құрметін есептемегенде, олардың отбасының XIX ғасырдағы қазақтардың отбасынан пәлендей өзгешілігі бар деп айтуға ешқандай негіз жоқ». (М.Жолдасбеков.). Жазба деректер бойынша жер – суды мұқият бөліп, оның шекарасын қатаң сақтап отырған. Бірақ бұл жекеменшікті көрсетпеген. Өйткені жерді сатуға және сатып алуға болмаған. Жаз жайлау, қыс қыстауды жайлайтын түркілердің басты панасы – көшіп қонуға жеңіл киіз үй болған. Сонымен бірге түркілер киіз басу, кілем тоқу, жүн маталарын тоқу істерін де жақсы білген. Әмеңгерлік салтта сол замандардан қалған. Түркілер ірі өзен бойларындағы қыстауларда жер өңдеу кәсібімен айналысқан. Оған басты дәлел – Жетісу және Оңтүстік Қазақстанда жүргізілген археологиялық зерттеу кезінде тұрақты үй-жайлардың табылуы. Археологиялық зерттеулерге қарағанда Шу және Талас аңғарларындағы аумақта барлығы 36 қала жұрты табылып, олардың VII-IX ғасырларда өмір сүргендіктері анықталған (С.Жолдасбайұлы). Осы көріністен түркілердің VI ғасырда-ақ отырықшылана бастағанын көруге болады.

Түркі қағанатындағы саяси-әлеуметтік өмір мен наным-сенімнің біртұтас болғандығы соншалық, күні бүгінге дейін Шығыс Түркістаннан бастап Жер Орта теңізіне дейінгі түркі тілдес қырық шақты ұлт бір-бірімен аудармашысыз түсінісе алады. Олардың моральдық-этикалық қалыптары мен мінез-құлықтарында да айырмашылық жоққа тән (А.Сейдімбек.).

Кейін өз алдына отау тігіп, ел болған Батыс Түркі қағанаты, Шығыс Түркі қағанаты, Түркеш хандығы, Қарлұқ жабғылығы сияқты мемлекеттердің бәрі де әйгілі Түркі қағанатының сынықтары болатын.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button