Тарих

Ата Заң – ұлттық құндылық

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған сәттен бастап өзінің жас, егеменді, демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуының күрделі жолын еңсерді. Жас республикамыздың әлеуметтік, экономикалық және саяси жаңғыру жолындағы жетістіктері айқын және халықаралық қауымдастықпен мойындалған. Әлемдік экономика мен саясатта болып жатқан өзгерістер, жаһандану процестері, сондай-ақ мемлекеттің ішкі даму қарқыны қол жеткізген жетістіктермен тоқтала тұруға мүмкіндік бермейді. Уақыттың жаңа талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің норма шығару және құқық қолдану қызметін одан әрі жетілдіру қажет.

Қазақстан Республикасының жаңа конституциялық заңдарының қалыптасу тарихы Қазақ КСР-інің 1990 жылдың 24 сәуіріндегі «Қазақ КСР Президенті лауазымын құру және Конституцияға (Негізгі Заңға) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануымен және елдің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың сайлануымен басталады. Тәуелсіздік алдындағы бұл құқықтық шешім республикадағы мемлекеттік биліктің тұрақтылығы мен сабақтастығын, сол қиын жағдайда экономикалық және саяси егемендіктің негіздерін құруды қамтамасыз етті. 1990 жылдың 25 қазанында Н.Назарбаевтың бастамасымен Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік Егемендігі туралы» Декларация қабылданған еді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі жарияланған сәттен мемлекетіміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңі басталады. 1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларация жөнiнде» декларацияның қабылдануы тәуелсіз және дербес мемлекеттің қалыптасуындағы басты кезең болды. Декларацияның ерекшелігі – егеменді мемлекеттің барлық негізгі элементтерінің одан әрі қалыптасу үдерісі үшін заңнамалық негіздерді анықтау еді. Кейін қолданыстағы Конституцияны өзгерту жөнінде бірқатар заңдар қабылданды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел Президентінің алғашқы жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сол кезеңдегі заң шығарудағы басты жетістік 1991 жылдың 16 желтоқсандағы «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңы еді. Ол жаңа мемлекеттіліктің, жаңа Республиканың пайда болуын бейнелейтін заңнамалық акт.

Конституциялық дамудың келесі кезеңі 1993 жылғы ҚР Конституциясының қабылдануы. Жаңа мемлекеттің қалыптасуы қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік құрылымын ұйымдастыру жолымен өзінің мемлекеттік болашағын ретке келтіруді талап етеді. Біріншіден, бұл Қазақстан халқының Конституцияға қол жеткізудегі табиғи құқығын іске асырды. Екіншіден, Қазақстанның конституциялық эволюциясы мемлекеттік егемендікті алдын ала анықтап, оған құқықтық сипат берді. Жаңа тәуелсіз мемлекетті Конституциялық мемлекеттің өркениетті дәрежесіне көтерді.

1995 жылғы ҚР Конституциясы қоғамдағы демократиялық процестердің қалыптасуын бекітті. Жалпы дауыс беру арқылы Қазақстан халқы өзінің еркін білдіре отырып, жаңа Конституция қабылдады. Сондықтан, мұны халық пен мемлекет арасындағы олардың құқықтары мен міндеттерін, өзара қарым-қатынасы мен мемлекеттің негізгі қағидаларын бекітетін келісім-шарт деп атауға болады. ҚР Конституциясы – жоғары заңдық күші бар нормативтік-құқықтық акті. Халық, ол арқылы «қоғам мен мемлекет» құрылысының негізгі қағидаттарын құрып, мемлекеттік билік органдарының ұйымдастырылуы мен қызметінің жүйесін айқындайды. Адам мен азаматтың құқықтық мәртебесінің негіздерін бекітеді.

1995 жылғы ҚР Конституциясы қазіргі кезеңдегі қоғамның жай-күйі мен мемлекеттіліктің дамуын қамтыды. Бұл кіріспеден және 9 бөлімнен тұратын жаңа Конституция құрылымында көрініс тапты. Преамбула Конституцияның құрылтайшылық сипатын көрсетіп, оны қабылдаған ерекше субъекті Қазақстан халқы екенін айқындайды.

Конституция қазіргі демократиялық мемлекеттің құқықтық жүйесінде ерекше орын алады. Әрі құқықтық мемлекеттің қажетті белгілерінің бірі. Конституцияның болуы – заңдылық. Құқықтық тәртіп және билік институттарының тұрақтылығының міндетті шарты. Мемлекеттік биліктің жұмыс істеуіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекет құруға және басқару нысанына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси дамуы азаматтардың құқықтарын іске асыру үшін барлық қажетті жағдайларды жариялау, жасау жөніндегі мемлекеттің жігерлі қадамдарымен сипатталады. Сонымен қатар, біздің ойымызша, бүгінгі таңда бұдан басқа аса маңызды мемлекеттік міндеттер жоқ. Өйткені, дәл осы адам құқықтарын іске асыруға қоғамның саяси, экономикалық, мәдени және басқа да көптеген сұрақтарын шешудің сапасы едәуір дәрежеде тәуелді болады. Мемлекеттік саясаттың баламасы – адамға құрметпен қарау, оның құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіру, қысым жасау және де оның әрбір жеке өкілінің рухани жай-күйі мен дамуына тікелей әсер етеді.

2007 жылдың 21 мамыры «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның қабылдануымен ерекшеленді. Бұнымен қатар, уақыт сынағынан өткен мемлекеттік құрылыстың қазақстандық үлгісінің параметрлері сақталыпты. Азаматтық қоғам институттарын жан-жақты дамыту, мемлекет пен қоғам қатынастарын үйлестіру бағытының арқасында мемлекеттік және қоғамдық институттардың неғұрлым белсенді өзара іс-қимылына конституциялық тыйым салулар мен шектеулер алынып тасталды. Бүгінде еліміздің ішкі жағдайлары мен қажеттіліктеріне толығымен жауап беретін жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жаңғыртылды.

Мемлекет заңнамалық және атқарушы билікке, қаржылық құқықтар мен мүмкіндіктерге ие бола отырып, Қазақстан халқының өмір сүруі үшін лайықты жағдайлар жасауға және ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен құқықтық бекітуге кепілдік беруі тиіс. Мемлекеттің қоғам алдындағы қызметтік рөлін күшейту – оның қызметінің мақсатын өзгерту табыс кепілі деп айту қажет. Әлеуметтік бағдарланған мемлекет қызметінің бағыттарынан басқа, экономикаға мемлекеттік ықпал ету жолымен нарықтық қатынастардың тұрақсыздығымен және экономикалық дағдарыстармен күрес, еңбекті қорғау сияқты мемлекеттік реттеу жолдарын атап өтуге болады.

Конституция қолданылуының жоғары тиімділігі әртүрлі құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық және өзге де кепілдіктермен қамтамасыз етіледі. Барлық мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың іс-қимылдарын деңгейлер бойынша, қабылданатын шаралар, орындау мерзімдері, адами және өзге де ресурстар бойынша нақты келісу қажет. Бұл күрделі міндетті шешуге Республика Президенті құрған, сынақтан өткізілген және қазір табысты жұмыс істеп жатқан мемлекеттік жоспарлау жүйесі мүмкіндік береді. Ол Қазақстан 2050 Стратегиясына, ҚР Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларына негізделген. Өзге де стратегиялар мен мемлекеттік бағдарламаларда, елдің және барлық мемлекеттік органдардың жоспарларында жүргізіледі. Осылайша Конституцияның бірлігіне қол жеткізеді.

Бүгінгі таңда Елбасының «Мәңгілік Ел» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған бес институционалдық реформа қазақстандық мемлекеттілікті нығайтып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру үшін жағдай жасайды. «Бұл – «2050 Стратегиясын» орындауға бағытталған жол. Бес институционалдық реформаның әрқайсысы – үлкен сын және ел үшін үлкен іс. Мұндай реформалардың табысы тек билік пен халықтың ерік-жігері арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін», – деген еді Ұлт Көшбасшысы.

Тұңғыш Президент «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде сөйлеген сөзінде «Біртұтас болашақ ұлт» төртінші институционалдық реформаны сипаттай отырып: «біз тұрақтылық пен келісімнің өзіндік моделін дамытуда елеулі табыстарға қол жеткіздік. Сонымен қатар, қазақстандық бірегейлікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негізделуі тиіс. Барлық азаматтар құқықтардың бір көлемін пайдалануы, жауапкершіліктің бір жүгін көтеруі және тең мүмкіндіктерге қол жеткізуі тиіс. Бұл жағдайда азаматтық тұрақты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болмақ», – деген болатын.

Мемлекеттіліктің қазіргі даму кезеңі жекелеген құқықтар мен бостандықтар Конституцияда ғана декларацияланып қана қоймай, оларды іске асырудың құқықтық тетігінің болуымен сипатталады. Бүгін Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кепілдігін қамтитын заңдардың тұтас топтамасы қабылданды.

Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан ұйымдық-құқықтық іс-шаралардың конституциялық реформасы шеңберіндегі өзекті бағыттардың бірі сайлау заңнамасын жетілдіру еді. ҚР Тәуелсіздік жылдары ҚР Конституциясының 33-бабында бекітілген сайлау құқығын іске асыру үшін берік құқықтық негіз құрылғанын атап өту қажет.

1995 жылы 28 қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңы осы Конституциялық Заңның ҚР Президентінің, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, мәслихаттары депутаттарының және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу кезінде туындайтын қатынастарды реттейтінін анықтайды. Республика азаматтарының еркін білдіруді қамтамасыз ететін кепілдіктерін белгілейді.

ҚР Президентін, Парламентті, жергілікті өкілді органдарды сайлау бойынша өткізілген сайлау науқандарының тәжірибесі, заңды қауымдастыққа баға беру, оның ішінде беделді әлемдік ұйымдар мен сарапшылардың бағалаулары, халыққа жүргізілген сауалнамалар жалпы қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен азаматтардың сайлау құқығын іске асыру процесі нақты, дәйекті және жан-жақты реттелгенін көрсетеді. Сонымен қатар, азаматтық қоғамның дамуына қарай, ҚР сайлау заңнамасы одан әрі жетілдіруді қажет етеді. Бұл жағдай қолданыстағы заңнаманың және құқық қолдану тәжірибесінің оңтайлы құқықтық нысандарын іздестіру қажеттілігіне түрткі болады. Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі Даму Стратегиясында, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласында ҚР заңнамасын, оның ішінде, сайлау құқығы мен процесін жетілдірудің бағдарлары нақты айқындалған. Мәселен, қазіргі конституционализмнің жалпы заңды даму тенденциялары ҚР саяси плюрализм қағидатын саяси-құқықтық бекіту қажеттілігін білдіреді. Саяси жүйенің тиімді жұмыс істеуі саяси партиялардың мемлекеттік және қоғамдық өмірге белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Заң шығарушы мемлекеттік емес ұйымдардың, азаматтардың, олардың бірлестіктерінің мемлекеттің саяси өміріндегі рөлі мен маңызын арттыру, құқықтары мен бостандықтарын кеңейту үрдісін ескеруге тиіс.

Идеологиялық және саяси алуан түрлілік, көппартиялылық демократияның ҚР Конституциясында бекітілген мазмұндық сипаттамасы. Ал, саяси партиялардың өздері – құқықтық мемлекет шеңберінде оның жұмыс істеуі үшін қажетті институт. Дәл осы партия еліміздің мемлекеттік-саяси жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сайлаушылардың қалың тобын мемлекет істерін басқару процесіне қосуға арналған. Саяси өмірде партиялардың рөлін күшейту азаматтық қоғам институттарын нығайтуға бағытталған көптеген елдердің жалпы үрдісі. Сонымен қатар, конституциялық реформа жүргізу барысында дәл осы үрдіс ҚР Конституциясында тиісті көрініс таппады. Бұл мәселелерді конституциялық деңгейде пысықтау азаматтық қоғам институттарын елемеу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған. ҚР Конституциясында саяси партиялардың қоғамдағы және мемлекеттегі рөлі мен маңызы туралы Ережелерді бекіту тұрақтандырушы фактор. Біздің қоғам өмірінде саяси плюрализм мен дамыған демократияның түрлі нысандарын тездетіп бекітуге ықпал етеді.

Конституцияда халықтың еркіндігін ұйымдық ресімдеу сұрақтарына біздің ойымызша, қоғам өмірінде саяси плюрализм мен дамыған демократияның түрлі нысандарын бекіту үшін нақты құқықтық негіз құруға мүмкіндік берер еді. Сайлау комиссияларының функциялары Конституциялық мәртебеге лайық, ол үшін сайлаудың жарыспалығы мен баламалығы қағидаттарын конституциялық тұрғыдан бекіту, сайлау комиссияларының сайлаушылардың еркін қалыптасуының заңдылығын қамтамасыз ететін органдар ретінде орны мен рөлін айқындау орынды.

Жалпы, ҚР құқықтық жүйесі романо-герман құқықтық жүйесіне жатады. Құқықтың негізгі қайнар көзі – нормативтік-құқықтық акт. Мәселен, ҚР Конституциясының 4-бабына сәйкес келетін заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілердің, халықаралық шарттық және республиканың өзге де міндеттемелерінің, республика Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларының нормалары қолданыстағы құқық.

ҚР Конституциясында «қолданыстағы құқық» термині Конституция нормалары тек декларация ғана емес, ол тікелей қолданылатынын атап өту үшін қолданылады. Сонымен қатар, ҚР Конституциясына сәйкес келетін нормативтік-құқықтық актілер ғана қолданылады. Қазақстанның ұлттық құқығы ҚР Мемлекеттік органдары қабылдайтын нормативтік актілерден ғана емес, халықаралық шарттар мен республиканың өзге де міндеттемелерден тұрады.

ҚР Конституциясына сәйкес құқық шығармашылығы субъектілері халық, Президент, Парламент, Үкімет, орталық атқарушы органдар болып табылады. Сонымен қатар, 4-баптың 1-тармағында қолданыстағы құқыққа Конституцияға сәйкес қабылданатын Республиканың Конституциялық Кеңесі мен Жоғарғы Сотының нормативтік-құқықтық қаулылары енгізілгені көрсетіледі. Аталған органдардың нормативтік емес актілері қолданыстағы құқықтың элементтері болып табылмайды. Қолданыстағы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар үш рет енгізілді. Өзгерістер Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының мерзімдері мен өкілеттіктеріне қатысты. Мемлекеттік қызметшілер үшін бұрын көзделген жоғарғы жас шегі алынып тасталды. Бұдан басқа, 1998 жылғы түзетулермен Мәжілістің он депутаты партиялық тізімдер негізінде пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайланатыны көрсетілген. Негізгі заңға елеулі түзетулер 2007 жылы енгізілді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы конституциялық мәртебеге, белгіленген квотаға сәйкес Парламент Мәжілісі мен Сенатына өз өкілдерін жіберу құқығына ие болды. Президенттің өкілеттік мерзімі бес жылға дейін қысқартылды.

ҚР құқықтық жүйесі қоғамдық қатынастардың біртекті жиынтығын реттейтін абстрактілі-жалпыға бірдей тәртіп ережелерінің жиынтығы ретінде құқықты түсінуге негізделді. Сондай-ақ, ҚР құқықтық жүйесінің негізгі ерекшелігі адамның табиғи құқықтары мен бостандықтарының басымдығын бекіту еді.

Президенттік басқару нысаны шеңберінде Мемлекет басшысының мәртебесі оған жағдайды толық басқаруға және осыған орай Қазақстан жағдайында мемлекеттік билік органдарының келісілген жұмыс істеуін қамтамасыз етуге, қоғамды табысты реформалау үшін неғұрлым қолайлы алғышарттар жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, күшті әлеуметтік дифференциация болып жатқан көпэтносты және көпконфессиялы қоғам үшін Президент тұлғасында азаматтық бейбітшілік, қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісім кепілінің болуы маңызды. Бұл биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттырудың тиімді құралы.

2017 жылдың 26 қаңтарында Елбасы Қазақстанның саяси трансформациясы жайында ұсыныс жасады. Президенттің атқарушы және заң шығарушы биліктерге, өз халқының сенімі мен қолдауын пайдаланатын өз өкілеттіктерін өз еркімен беруі – әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін жағдай.

«Бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, менің тапсырмам бойынша Конституцияға жасалған түзетулер жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарылды. Мен талқылау барысын мұқият қадағаладым және негізінен талқылауда халық біз ұсынған ұсынысты қолдаған. Бүгін біз келіп түскен ұсыныстарды, азаматтардың пікірлерін қарастырамыз, қорытынды жасаймыз және біздің одан арғы іс-әрекетіміз бойынша шешім қабылдаймыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы жұмыс тобының отырысында.

Ал, 6 наурызда Парламент «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдап, Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынды. Конституциялық Кеңес өз шешімінде «ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңы Конституцияға сәйкес деп қаулы етті.

Жаңа конституциялық реформа – Мемлекет басшысының ұзақ ойлануының, Парламент депутаттарымен, мамандармен, азаматтық қоғам өкілдерімен кеңесулердің, әлемдік тәжірибені топтастырудың нәтижесі. Бұл ретте әлемнің бірде-бір Конституциясын көшіруге болмайды деген нақты түсінік бар. Өйткені, белгілі бір саяси жүйе бір елде табысты және басқа елде тиімсіз болуы мүмкін. Қазіргі тарихта мұндай мысалдар аз емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің одан әрі дамуы үшін бірқатар міндеттер қойды. Елбасының ел алдына қойған мақсаттары мен міндеттері өзгеріссіз қалуы тиіс. «Қазақстан-2050» Стратегиясы, ел дамуының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспары, Ұлт жоспарының 100 қадамы. Бұл біздің магистралды бағдарымыз.

Сонымен қатар, Үкіметтің осы стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу тәсілдерін қайта қарау уақыты келді. Реформаларды жүзеге асыру қарқыны бәсеңдеді деп мойындау керек. Бұл фактіні халықаралық және отандық сарапшылар көрсетіп отыр.

Ел экономикасы реформаларының бағдарламасын түбегейлі дайындау маңызды деп санаймын. Бізге негізгі проблемалар мен оларды шешу әдістерін айқын көрсететін жаңа экономикалық бағыт қажет. Тек осылай ғана біз мемлекет алдында тұрған стратегиялық маңызды мақсаттарға қол жеткізе аламыз.

Ұсынылған реформа елдің саяси жүйесін демократияландыру бағытындағы одан әрі ірі қадамы. Президент біздің ел азаматтарының әл-ауқаты, Мәңгілік Ел үшін мемлекеттілікті нығайтудың императивін негізге алады. Қазақстан Республикасында конституционализмнің жоғарыда аталған тіректері шын мәнінде жүзеге асырылған. Конституциямыздың қуаты міне, осында.

Еркін КӨБЕЕВ,

облыстық мәслихат депутаты,

заң ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Back to top button