Ғұндардан қалған ғұрып бар

Біздің заманымыздың басындағы I ғасырда (б.з.48 жылы) Ғұн одағы екі топқа жарылып, бірі Шығыс Ғұн мемлекеті, екіншісі Солтүстік–Батыс Ғұн мемелекеті болып аталған. Ғұндар Еуропаға Орталық Азиядан келді. Б.з II ғасырдың бірінші жартысында ғұн тайпаларының Шығыс Қазақстанға және Жетісуға, кейін Батыс Сібір, Орал, Каспий жағалауларына және Еділдің арғы жағындағы далаларға көшіп қонуы басталды. Бұл аймақтарда ғұндардың жергілікті тайпа ұйымдарымен ассимиляциялану үрдісі жүрді.

 

Солтүстік – Батыстағы ғұн мемлекеті біздің заманымыздың IV ғасырында әйгілі болып, Шығыс Еуропаға қарай жылжыды. IV ғасырдың 70 жылдарының аяғында ғұндар Солтүстік Қара теңіз өңірінде пайда бола бастады. Баләмір Тәңірқұт (400 ж. қайтыс болған) бастаған ғұндардың соққысына бірінші болып жығылғандар – Азов теңізі өңірін мекендеген аландар еді. Бұл соғысқа аландар мықты дайындалса да, 370 жылы болған шайқаста ғұндардан жеңіліп қалды. Ғұндар екі бағытта ілгері жылжыды. Біріншісі – қыста мұзды жолмен, яғни, Перекоп және Тамань түбегі арқылы қазіргі Керчь бұғазы мен Қырымдағы Боспор патшалығына беттеді. Мың жылдан аса өмір сүрген Боспор патшалығы жойылды. Екіншісі – батыс және солтүстік – батыста орналасқан сармат – алан және гот немесе швет тайпасына бет түзеді. (Аманжолов К, Тасболатов А. Қазақстанның әскери тарихы. А,. 1999.20 бет). Бірінші шайқас остготтармен өтті. Қанды қырғыннан кейін остготтар талқандалып, ғұндар үлкен жеңіске жетті. Остготтардың патшасы Германарих өзінеөзі қол жұмсап өлді. Осылайша, ғұндар 375 жылы Қара теңіз жағалауындағы остготтарды (шығысготтар) түгелдей бағындырды. Ал вестготтар (Батысготтар) Рим империясы территориясына барып паналады. Сөйтіп, ғұндарға Еділден Дунайға дейінгі жерлерді мекендеген түрлі тайпалар мен халықтар бағынды. Сол кезде ғұндардың ордасы Еділден Қара теңізге көшірілді. Ғұндардың Батысқа жорығы Халықтардың ұлы қоныс аударуының басталуына түрткі болды. Ғұндар 376 жылы Рим империясымен көршілес орналасып алып, көп ұзамай оған қысым көрсете бастады.

V ғасырдың басында Рим империясының Понония аймағын (қазіргі Венгрия жерін) басып алып, ғұн державасын құрды, орталығы қазіргі Венгрияның жері болды. 433 жылы ғұн патшасы Руғила қайтыс болған соң, мемлекет билігі оның інілері Ақтар мен Мыңзық балаларына – Бледа мен Аттиланың (Еділ) қолына көшті. Олар 12 жыл патшалықты бірге басқарып, 437 жылы Рейн өзенінің бойындағы Бургун корольдығын талқандады. Нәтижесінде Солтүстік Еуропамен Галлияға дейінгі герман тайпалары ғұндарға бағынды (Айбын энциклопедиясы, А., 2011, 171 б). Бұл оқиғалар кейіннен Германияның белгілі эпикалық шығармасы болып табылатын «Нибелунгтар туралы жырдың» көрінісіне негіз болды. Осы және өзге де герман эпостық шығармалары мен Скандинавия сагаларында Аттила (Этцел, Атли) Рим империясының қысымындағы халықтарды азат етуші ретінде сипатталады.

444 жылы Бледаның өлімінен кейін Аттила (Еділ) бірден-бір билеушіге айналды. Осыдан кейін ол бұрын білікті қолбасшы ретінде төңірегіне мәлім болса, енді үлкен саясаткер, көреген көсем ретінде жарқырап көзге түседі. «Әділ билеуші» атанады. Оның есімі қарсыластары арасында үрей туғызады. Оны «Құдайдың қаһары» деп атайды («Елтұтқа» Құрастырушылар А.Сейдімбек, М.Жолдасбеков, Қ.Салғара. Аст,. 2001). Француз ғалымы Рене Груссе «Түркілер-билеуге жаралған халық» деп жазады. Көшпенді түркілер екі мың жыл бойы дүркін-дүркін шабуыл жасап, отырықшы халықтарды жаулап отырды. Осы шабуылдарды тоқтататын күш болмағандықтан христиандар оларды өздерін жазалауға жіберген «Құдайдың қаhары» деп санаған. Сол атақ тұлғалардан Аттилаға (Еділ) бұйырды.

Византияның атақты шежірешісі, V ғасыр тарихшысы, ғұн патшасына 448 жылы жіберілген Византия елшілігінің мүшесі грек Приск Панийский өзінің «Византия тарихында» Еділді (Аттила) ірі мемлекет тұлғасы, ұлы істердің ортасындағы дана билеуші, талантты мәмілегер және әділетті сарапшы, Еділ (Аттила) мемлекетін Римнің қауіпті бақталасы ретінде суреттей отырып шындықты бейнелеген. Ол Батыс Рим және Шығыс Рим империяларының қуатты ғұн патшасымен одақтасуға ұмтылысын баяндайды. (Қ. Жумағұлов). Француздың XVII ғасырдағы ұлы драматургі Пьер Корнель Еділдің (Аттила) жеке басы, соғыс өнері туралы: «Еділ қара торы өңді, қара отты көзді, кең кеуделі, паң жүрісті, аласа бойлы, барлық ғұндар сияқты сақалын өсірген адам еді. Көзсіз батыр емес, керісінше шайқаста айлакерлігімен көзге түсетін. Дене күші мен сымбаты бірдей болатын. Ақ көңілді, кең пейілді жан еді…» деп сипаттап жазған. Жарқыраған қаруы, жинақы шатыры ұқыптылығын көрсететін деген мәліметтер береді. Ол өте қайырымды, адамгершілігі мол болғандықтан оны тек ғұндар ғана емес, оларға тәуелді халықтардың барлығы да жақсы көрген.

Еділдің тұсында империя өзінің шарықтау биігіне көтеріледі. Шығыста Кавказға, батыста Рейнге, терістікте даниялық аралдарға, күнгейінде Дунайға дейінгі жерге Ғұн империясының иелігіне айналады. Еділ бастаған ғұн әскері 447 жылы Фракия мен Илларияны талқандап, Фермопил мен Константинополь іргесіне дейін жетеді. Шығыс Рим императоры II Феодосий ғұндарға бір рет 6000 пұт алтын, жыл сайын 2100 пұт алтын мөлшерінде салық төлеу міндетін мойнына ала отырып бітім сұрады.

Арада төрт жыл өткеннен кейін Батыс Рим императоры III Валентиннің қарындасы Онорияның өтінішімен Еділ батысқа аттанып, Галлияға басып кіреді. Осы кезде оның әскерінің құрамында 100 мың түрік және әртүрлі тайпалардан құралған 100 мың әскер болған. Галлияны билеуге Рим императоры жіберген атақты қолбасшы Аэций вестгот, алан, франк корольдерімен тіл табысып, Еділге қарсы 200 мыңнан асатын әскер шығарады. Мұның аяғы тарихта бұрын болмаған үлкен қырғын – әйгілі Каталун шайқасына әкеледі (451 ж.). Тарихшылар осы шайқаста майдан даласында 165 мың жауынгердің өлігі қалды дегенді айтады. Шайқас 451 жылы маусым айының 20-ында басталды. Каталун даласындағы ұрыс Ганнибалдың тұсындағы (б.з.б 216 ж.) Канн, Наполеонның тұсындағы Ватерлоомен (1815 ж.) қатар тұра алатын Еуропа және әлем тарихындағы атақты шайқастардың қатарына жатады. Каталун қырғынынан кейін Еуропада ғұндарға қарсы тұратын ешқандай әскери күш болмады. Сөйтіп, ғұндар Батыс Рим империясы территориясына толық үстемдік етті.

452 жылы Еділ Италияны ойрандап, Падуя, Милан, Аквилея, Верона, Монтуя және Бергамо секілді қалаларын алады. Ендігі кезек Римдікі еді. Мәңгілік қаладан Рим папасы – I Лев Еділге, қайырымдылық сұрау үшін, елші жібереді. Елшілер Еділге көп алтын, асыл заттар тарту етті. Күтпеген жерден Еділ келісім берді. Рим қаласын қиратуға, тонауға күші жетіп тұрып ондай әрекетке бармады. Бұл оның қарақшы емес, әділ билеуші екенін білдіреді. Сөйтіп, ол осынау ұлы жорықтан Дунай бойындағы мемлекеттің астанасы Еділқалаға (Этзелбургке) үлкен жеңіспен, салтанатпен оралады.

Осының алдында Еділ герман тайпаларын бағындырған кезде Бургундия ханшайымы Ильдикоға ғашық болып қалған еді. 453 жылы елінде үлкен той жасап, осы ханшайымға үйленеді. Бірақ, алғашқы неке түнінде белгісіз жағдайда кенеттен қайтыс болады. Оның орнына әкесімен бірге шерулі жорықтарға қатысып, қолбасшылық дарыны танылып үлгерген батыр баласы Эллақ отырады. Еділ өзінің көзі тірісінде оны мұрагері етіп белгілеген болатын. Сөйтіп, билік басында болған он тоғыз жыл ішінде Ғұн империясының жеріне жер, еліне ел қосып, даңқын алысқа жайған Еділ қаған Шығыстың ұлы жауынгер ұлдарының бірі ретінде тарихқа енеді. Содан да болар, батыстың тарихшылары оның есімін адамзат тарихындағы ұлы адамдар – Александр Македонский мен Юлий Цезарь есімдерінің қатарына қояды («Елтұтқа». Құрастырушылар А.Сейдімбек, М.Жолдасбеков, Қ.Салғара, Аст. 2004 ж.). Кез келген тарихшы тарихта болған соғыс жайлы ғана жазып қоймауы керек. Оның ұрпаққа, сол кезеңге қандай ықпалы болғанын зерттегені дұрыс. Сол тұрғыдан алғанда, Еділ (Аттила) өз жорықтарының нәтижесінде Рим империясындағы құлдық дәуірді жойып, адамзат баласын құлдықтан құтқарды (Қ.Салғара).

454 жылы Еділ өлгеннен кейін Батыс ғұн империясы ыдырап, герман тайпалары ғұндардан бөлініп кетті. Бұрынғы үлкен империя құрамында тек ғұн тайпалары, яғни, түркі тілдес тайпалар ғана қалды. Ежелгі замандағы ғұндар батысқа қоныс аударудан бұрын ежелгі қазақ тайпаларымен тығыз байланыста болған. Олар бір мезгіл үйсін, қаңлы, тағы басқа тайпаларды билеген. Солтүстік ғұндар батысқа қоныс аударғанда үйсін, қаңлы, алан жерлеріне келіп, одан соң Шығыс Еуропаға қарай ауған. Осы кезде ғұндардың бір бөлігі осы өңірлерде қалып, үйсін, қаңлы, алан ұлыстарымен тоғысып, оларға сіңісіп кеткен. V ғасырда Еділ мен Днепр аралығындағы ғұн одағы ыдырағаннан кейін, бұлардың бір бөлігі қайта толқып, қазақ даласына келіп, олардың кейінгі ұрпақтары оғыз, қыпшақ, қарлұқ атанып кеткен. Бұл тайпалардың бір бөлігі қазақ халқының құрамына қосылып, қазақ халқын қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Соның үшін ежелгі ғұндарды қазақ халқын құраған қайнарлардың бірі деуге болады (Н.Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. А., 1994. 107б.). Этникалық байланыс болуымен бірге ғұндардың жалпы тұрмысы, мал бағуы, киіз үй жасауы, күймеде жүруі, көшіп-қонуы қазақ халқының салтымен бірдей. Құдалық салты, өлімге бас июі, бетін жыртуы, жоқтау айтып, жыр шығару әдеті де қазақтармен бірдей (Ә.Марғұлан). Бұларға өткен ғасырда орыс халқының ұлы ғалымы А.Веселовский жарқын ой бөлген. Бірақ, оның ізін ала шыққан ғалым болмады. В.Бартольдтың көрсетуінше, ғұндарды тегінде түрік деп атайды; қытайлар өзінің тарихында VI ғасырда түріктерді ғұндардың ұрпағы деп көрсеткен.

VI ғасырдан бастап Батыс ғұн империясы «Уарғандар қағанаты» (Арғындар қағанаты) деп аталды. Баянхан тұсында күшейген Уарғандар қағанатына Византия салық төлеп тұруға мәжбүр болды. Уарғандар қағанатын 798 жылы Франк королі – Ұлы Кароль талқандады. Осыдан соң ғұндар мемлекеті бас көтерген жоқ (Ұлы Дала мемлекеттері. А., 38 б.).

Әлеуметтік есею тұрғысынан алғанда, бұл кезеңдегі Ғұндар бұрынғы әскерлік-демократия сатысынан көтеріліп, феодализмге аяқ басты.

Қазіргі тарихи үрдістегі азиялық Ғұн ұлысы (48-156 ж.ж.), Батыс Ғұн ұлысы (350-469 ж.ж.), Ақ Ғұн ұлысы (367-560 ж.ж.), Табғаш дәулеті (386-557 ж.ж.) деп жүргеннің бәрі де Ғұн ұлысының аясынан шаңырақ көтерген. Ғұн ұлысының еңсесін көтеріп, ел еткендер: Түмен, Мөде (Боғды), Баләмір, Жұлдыз, Қаратүн, Айбарыс, Октар, Атыл (Аттила), Теңізек, Күн хан, Шама хан сияқты ғұнның біртуар ерлері еді (А.Сейдімбек. Шығармалары. II том. 2010. 23 б.). Тек жеке тұлғалар ғана емес, исі Орта Азиядағы үйсін, арғын, алшын, қаңлы, ұйғыр, қыпшақ, қырғыз, оғыз, қарлұқ сияқты тайпалар мен ел-жұрттар да Ғұн ұлысының бауырынан өрбіген үрім-бұтақ.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.