1 шілдеден бастап елімізде қандай өзгерістер болады?
1 шілдесінен бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Атап айтқанда, республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция негізінде азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірқатар цифрлық қызмет іске қосылады.

Жаңа Конституция
Ең маңызды оқиғалардың бірі 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енуі болмақ. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның күші жойылады.
Құрылтай құрылады
Жаңа Конституциядағы негізгі жаңалықтардың бірі 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтайдың құрылуы болып отыр. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл. Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын Төраға басқарады.
Сондай-ақ Вице-Президент институты құрылылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында оның мүдделерін білдіреді және Президент айқындаған міндеттерді орындайды.
Жалпыхалықтық диалогты және азаматтық қоғамның елдегі ішкі саясатты қалыптастыруға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында жоғары консультативтік орган – Халық Кеңесі құрылады. Ел азаматтарынан құралатын Кеңес кең ауқымдағы өкілеттікке ие. Сонымен қатар заңнамалық бастама көтеруге және жалпыхалықтық референдум өткізуді ұсынуға құқығы бар. Кеңес құрамында тепе-теңдік қағидаты негізінде этномәдени және қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің атынан 42 адамнан өкілдік етеді, оны Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді
1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Құжат құрылыс саласындағы талаптарды күшейтіп, тұрғын үй құрылысының сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Құжатқа сәйкес барлық қала құрылысы жобалары, соның ішінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары міндетті түрде сараптамадан өтеді. Сонымен қатар мұндай жобаларға өзгерістерді екі жылда бір реттен жиі енгізуге болмайды.
Бұдан бөлек, салынып жатқан әрбір нысанға бірегей сәйкестендіру нөмірі беріледі. Ал жобалардың іске асырылуын бақылау мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
Сейсмикалық қауіпті аймақтардағы нысандарға қойылатын талаптар да күшейеді. Құрылыс кезінде міндетті сынақтар жүргізіліп, маңызды нысандарға қосымша қауіпсіздік талаптары енгізіледі. Бұдан бөлек, құрылыс сапасына тек компания ғана емес, инженерлер мен басқа да жауапты мамандар жеке жауап береді.
Сондай-ақ жаңа Құрылыс кодексі аясында құрылыс саласын бақылауды күшейтуге және салаға қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған қосымша шаралар іске асырылады.
Жаңа кодекске сәйкес, лицензиясы бар құрылыс компанияларының электрондық тізілімі жасалады. Сонымен қатар жосықсыз құрылыс компанияларының реестрі eGov порталында ашық жарияланып, азаматтар құрылыс салушы туралы ақпаратты алдын ала тексере алады.
Тұрғын үйлерге берілетін кепілдік мерзімі ұзартылады. Пәтерлердің жалпы кепілдік мерзімі 5 жылға дейін, ал іргетасы мен жүк көтергіш конструкцияларына 10 жылға дейін кепілдік беріледі.
Сарапшылардың болжамынша, жаңа талаптарға байланысты, әсіресе Алматыда, пәтер бағасы жыл ішінде 10-15%-ға қымбаттауы мүмкін.
Қала құрылысы қағидалары өзгермек
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеудің жаңа қағидалары күшіне енеді.
Енді бас жоспарларды әзірлеу және оларға өзгерістер енгізу тек жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылады. Тек кейбір егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына қатысты ерекшелік қарастырылған. Олардың шығындарын инвестор өз мойнына ала алады.
Қоғамдық талқылауларды ұйымдастыруға да ерекше назар аударылады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдар өздерінің интернет-ресурстарында арнайы бөлім ашуға, бұқаралық ақпарат құралдарында хабарландыру жариялауға және ашық жиналыстар өткізуге міндетті болады. Қоғамдық талқылау кемінде 50 адамның қатысуымен өтті деп есептеледі.
Сонымен қатар енді қала құрылысы құжаттарын әзірлеу кезінде елді мекендердің дизайн-коды, сәулеттік стилі, ғимараттардың қабаттылығы мен түстік шешімдері ескеріледі. Сондай-ақ сейсмикалық, сел және көшкін қаупі сияқты табиғи тәуекелдерге ерекше көңіл бөлінеді.
Бірыңғай банкаралық QR жүйесі іске қосылады
19 шілдеден бастап қазақстандықтар бірыңғай банкаралық QR арқылы төлем жасай алады. Енді қай банктің клиенті екеніңіз маңызды емес – кез келген банктің QR-коды арқылы тауар мен қызмет ақысын төлеуге, сондай-ақ телефон нөмірі бойынша басқа банк клиентіне ақша аударуға мүмкіндік туады. Бұл жүйеге еліміздегі барлық банк қосылған.
МӘМС жүйесіне жаңа қызметтер қосылады
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде бірқатар жаңа қызмет енгізілуі мүмкін. Өзгерістер медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
Ең маңызды жаңалықтардың бірі – жұлын бұлшықет атрофиясына (ЖБА) генетикалық скринингтің енгізілуі. Бұл тұқым қуалайтын аурулардың қаупін ерте анықтап, болашақ ата-аналарға отбасын жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бет сүйегінде туа біткен ақауы бар балаларға күрделі реконструктивті және пластикалық операциялар МӘМС қаражаты есебінен жасалуы ықтимал.
Бұдан бөлек, онкологиялық ауруларды емдеуге бөлінетін қаржы қайта қаралып, томотерапия сияқты жоғары технологиялы сәулелік емдеу әдістерін қаржыландыру көлемі ұлғайтылмақ.
Сондай-ақ медициналық қызметтердің сапасын жақсарту, халықаралық стандарттарды енгізу және өңірлердегі жоғары технологиялы медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту көзделіп отыр.
Егер тиісті жоба қабылданса, аталған өзгерістер 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Білім гранттарына құжат қабылдау басталады
13-20 шілде аралығында талапкерлер білім гранты конкурсына құжат тапсыра алады. Өтінімді университеттердің қабылдау комиссиялары арқылы немесе eGov порталы арқылы онлайн беруге болады. Қажетті құжаттар:
- жеке куәлік,
- ҰБТ сертификаты
- 3×4 фото
- аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом.
Жеңілдікпен қатысатындар тиісті растайтын құжаттарын қоса тапсырады. Ал «Ұшу аппараттары мен қозғалтқыштарын ұшуда пайдалану» мамандығына түсетіндер міндетті түрде арнайы медициналық тексеруден өтуі керек.
Әскерге шақыру толық цифрлық форматқа көшеді
4 шілдеден бастап Қазақстанда әскерге шақырудың жаңа цифрлық жүйесі іске қосылады.
Енді әскерге шақырылатын азаматтар туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде алынады. Сондай-ақ медициналық тексеру нәтижелері мен басқа да деректер электронды форматта сақталады.
Ал 12 шілдеден бастап шақыру комиссиясының шешімдері қағазбен емес, электронды түрде рәсімделіп, электронды цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) бекітіледі.
Пойыз билеттері енді екі түрлі бағамен сатылады
1 шілдеден бастап пойыздағы төменгі және жоғарғы орындардың бағасы бөлек есептеледі. Яғни, төменгі орын қымбатырақ, ал жоғарғы орын арзанырақ болуы мүмкін. Мұндай өзгеріс жолаушыларға өз қалтасына қарай билет таңдауға мүмкіндік береді. Енді кімге жайлылық маңызды болса төменгі орынды, ал үнемдегісі келсе, жоғарғы орынды таңдай алады.
Қазақстанда теміржол тасымалы да қымбаттауы мүмкін. Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, алғашқы кезеңде магистральдық теміржол желісі мен жүк тасымалы тарифтері орта есеппен 12%-ға дейін өсуі ықтимал.
Әзірге бұл шешім түпкілікті қабылданған жоқ, нақты есептеулер әлі жүргізіліп жатыр. Егер жаңа тарифтер бекітілсе, бұл инфляцияға 0,3–0,5% көлемінде әсер етуі мүмкін, ал ең жоғары болжам – 0,8%.
Тарифтердің өсуінен түскен қаржы тозығы жеткен теміржол инфрақұрылымын жаңартуға бағытталады. Бұл өзгеріс елдегі коммуналдық және газ саласын да қамтитын инфрақұрылымды жаңғырту бағдарламасының бір бөлігі саналады.
Ресейге баратындар үшін жаңа талап енгізіледі
1 шілдеден бастап Ресейге оқуға немесе жұмысқа баратын Қазақстан азаматтары жаңа тәртіппен кіреді. Енді шекарадан өтпес бұрын кемінде 72 сағат бұрын «Госуслуги RuID» мобильді қосымшасына тіркеліп, электронды өтінім беру қажет.
Өтінім мақұлданғаннан кейін жүйе жеке цифрлық код береді. Ол код Ресейге кіруге рұқсатты растайды.
Маркетплейстерден тауар алу ережесі өзгереді
1 шілдеден бастап Amazon, AliExpress, Temu сияқты шетелдік маркетплейстерден келетін тауарларға жаңа тәртіп енгізіледі. 200 еуроға дейінгі тапсырыстар бұрынғыдай кедендік бажсыз өтеді. Ал егер тауардың бағасы 200 еуродан асса, 5% баж салығы бүкіл сомадан есептеледі. Бұған қоса, сатып алынған тауардың толық құнына ҚҚС (Қосылған құн салығы) да төленеді.
Ал электромобиль, мотоцикл, яхта және қайықтарға 15% тұрақты баж салығы белгіленді. Сондай-ақ қару-жарақ, алкоголь, темекі, қолма-қол ақша және кейбір арнайы тауарларды жеңілдетілген тәртіппен рәсімдеуге болмайды.
Газдың көтерме бағасы қымбаттайды
1 шілдеден бастап тауарлық газдың көтерме бағасын 33%-ға көтеру жоспарланып отыр. Билік бұл қадам газ саласына инвестиция тартып, жаңа кен орындарын игеру үшін қажет екенін айтады.
Баға бірден емес, алдағы үш жыл бойы жыл сайын шамамен 33%-ға кезең-кезеңімен өседі. Бұл өзгеріс тек тауарлық газдың көтерме бағасына қатысты. Ал сұйытылған мұнай газының көтерме бағасы әзірге өзгермейді.
Ипотеканы рәсімдеу талаптары өзгереді
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне (ГЭСВ) 20%-дық шектеу енгізілгеннен кейін банктердің ипотекалық несиеден түсетін табысы төмендеуі мүмкін. Соның салдарынан екінші нарыққа арналған ипотекалық бағдарламалар саны қысқарып, тұрғын үй несиесін мақұлдау деңгейі 35%-дан 23%-ға дейін төмендеуі ықтимал.
Сарапшылардың пікірінше, ипотека ала алмаған азаматтардың басым бөлігі жалдамалы баспана іздеуге мәжбүр болады.
Ал сұраныстың артуы, әсіресе Алматы мен Астана қалаларында, ұзақ мерзімге жалға берілетін пәтерлер бағасының қымбаттауына әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың болжамынша, жалдау ақысы орта есеппен 12–16%-ға өсіп, ай сайынғы төлем 30–70 мың теңгеге дейін қымбаттауы ықтимал.
Азық-түлік бағасы өсуі мүмкін
Әлемде азық-түлік бағасы өсіп жатқандықтан, бұл Қазақстандағы нарыққа да әсер етуі мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, ұн мен нан, сондай-ақ ет өнімдері қымбаттауы ықтимал. Себебі бидай мен мал азығының бағасы өсіп жатыр. Ең қатты қымбаттауы мүмкін өнімнің бірі – қант. Қазақстан қанттың 75%-дан астамын шетелден импорттайтындықтан, кондитерлік өнімдер, тәтті тоқаштар мен газдалған сусындардың бағасы да көтерілуі мүмкін.
Самокаттардың жүруіне шектеу қойылады
Қазақстанда 1 шілдеден бастап жалға берілетін электрсамокаттарға жаңа талаптар енгізілді. Енді әрбір самокатқа жеке тіркеу нөмірі беріледі, ал пайдаланушылар үшін сақтандыру полисі міндетті болады. Сондай-ақ кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын, жылдамдығы мен қозғалысын бақылауға міндеттелді. Жүргізуші куәлігі жоқтарға жолдың жүріс бөлігімен жүруге тыйым салынды. Ал 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне толық тыйым күшіне енеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



