Тарих

Күлтегін

Күлтегін ҚҰТЫЛЫҚҰЛЫ (684-731) – екінші Шығыс Түркі қағанаты әскерінің бас қолбасшысы, «Көк түркінің көк семсері» атанған атақты батыры. Моңғолша «Тэнгри» деп аспанды айтады. Оған «хөх» (көк) деген ұғымды қосады. Оның сыры Моңғолияның табиғатында жатыр. Бұл өлкеде жылдың 365 тәулігінің төрттен үшінде көк аспанды бұлт шалмайды. Халықтың Көк Тәңіріне құлшылық ететіні осыдан болар. Бұл біздің ата-бабаларымыздың ежелгі мекені. Олардың «көктүріктер» атануы да содан болса керек. Түркілер «Халқы үшін түн ұйықтамай, күндіз отырмай, қара терін төгіп, қызыл қанын ағызып жүріп елін ел еткен» батыр ұлдарын «Көктің ұлы» деп атаған. Солардың бірі – КҮЛТЕГІН.

Көк түркілер ұлдары ішінде Күлтегін сияқты атаққа лайықтылары өте көп. Олардың алдыңғы қатарында алғашқы Түркі қағанатын құрған Бумын қаған, түркілердің батыс шебін Сырдария, Темір қақпаға дейін жеткізген Естеми қаған, түркілерді табғаштардың (түркі-қытай аралық некеден туған билеушілер) құлдығынан құтқарып, Шығыс Түркі қағанатын құрған Күлтегіннің әкесі Құтылық (Елтеріс) қаған, ағалары Могилян (Білге қаған), Бек – Чор (Қапаған) қаған және басқалар жатады (З.Қинаятұлы).

Күлтегін 684 жылы қазіргі Моңғолияның Орхон өзені бойында тоғыз оғыздардың жерінде туған. Тоғыз оғыздар – қазіргі қазақтың Орта жүзі құрамындағы керейлердің арғы аталары. Әкесінен жастай жетім қалып, ағасы Қапаған қағанның және дана Тоныкөктің тәрбиесінде өскен Күлтегін тым ерте есейіп, қабырғасы қатып, бұғанасы бекімей жатып, жау жарағын асынып, түркі еліне тұс-тұстан анталаған басқыншы жауға қарсы үлкендер қатарында тұрып, ерлікпен күреседі. Бұл ретте түркінің атақты Білге қағаны Күлтегін батырдың басына қойылған ескерткіш тасқа ойып жаздырған ғұмырнамасында «Әкем қаған өлгенде інім Күлтегін жеті жаста қалды. Он жаста Ұмай текті шешемнің бағына інім Күлтегін ер атанды», – деп жазды. Міне, осыдан былай Күлтегіннің ерлік жолы басталады. Ағасы Білге қаған және Тоныкөкпен бірге Күлтегін 712-713 жылдары түріктердің әскерін соғды еліне бастап келіп, оның билеушісі Гуректі жақтап, араб қолбасшысы Кутейба ибн Мүсліммен соғысқан. Одан жеңіліс тауып, кері шегінеді. Шегіну кезінде Күлтегін үлкен жасақпен кейін қалып, негізгі күшті қорғап қалды. 714 жылы Білге қаған мен Күлтегін бірлесіп, қарлұқтар мен олардың одақтастарына соққы берді. 715 жылы Күлтегін азарларды Қаракөл өзені төңірегінде ойсырата женді (Айбын. Энциклопедия. А., 2011, 427-б.).

Тарихи деректер сол кездегі ел тәуелсіздігін сақтап қалу жолында болған қырғын соғыстардың бірде біреуінің Күлтегінсіз өтпегенін тамсана баяндайды. Бұл туралы Күлтегін жазуында нақты белгіленген. Тас жазудың авторы Иоллығтегін Күлтегін ерлігін былайша тізбелейді: «Он алты жасына келгенде … алты чуб, соғдыларға қарсы аттандық. Күлтегін жауға жалғыз ұмтылды. Табғаш Он тутықты қарулы басшыларымен қолға түсірді. Ол әскерді сонда талқандадық. Жиырма бір жасында Чача Сеңұнмен айқастық. Күлтегін әуелі Тадықан шораның боз атын мініп шапты. Ол ат сонда өлді. Екіншісінде Ышбар Жамтардың боз атын мініп шапты. Ол атта сонда өлді. Үшіншісінде Сілікбек тегіннің торы атын мініп шапты. Ол ат та сонда өлді. Күлтегіннің сауытына, қалқанына жүздеген оқ тиді. Бірақ, бірі де денесіне дарыған жоқ. Күлтегін жиырма алты жасқа келгенде қырғыздарға қарсы аттандық. Күлтегін Байырқының ақбоз айғырына мініп, шабуылға ұмтылды. Бір батырын оққа ұшырды, екі батырын найзамен түйреп түсірді. Ақбоз айғырдың белі үзілді. Қырғыз қағанын өлтіріп, елін алдық… Тоғу қаласында шайқастық. Күлтегін азбан ағын мініп ұмтылды. Алты батырын шаншып түсіріп, жетіншісін қылышпен шапты. Тоғыз батырын қуып жетіп, тақымға басты… Оғыздармен соғыстық, Күлтегін жетімек ақты мініп шауып, тоғыз ерін шанышты… Түргеш халқы жау болды. Күлтегінді шағын қолмен жібердік. Жойқын соғыс жасапты. Қара түргеш халқы сол жерде өлім тауыпты…» (А.Сейдімбек, Шығармалары, А., 2010, V т., 437-б.).

Шығыста – татабылар, қидандар, солтүстікте – қырғыздар мен аздар, батыста – түргештер, басмылдар мен соғдылар түгелдей Қапаған қаған басқарған қағанатқа бағынды. Алайда, рулық-тайпалық бөліністе өмір сүріп үйренген түріктер, отырықшы қытайға бағынбай тәуелсіз ел болу үшін көшпенділерді күшпен біріктіруге мәжбүр болып отырған Қапаған қағанның көреген саясатын түсіне алмады. 711 жылдан бастап қарлұқтар, аздар және ізгілдер оған қарсы көтерілді. Оларды біртіндеп ұйғырлар, байырқулар және манчжур-тұңғыс тілінде сөйлейтін, түріктерге жау қидан және татабы тайпалары қолдады. Осындай дүрбелеңде 716 жылы Қапаған қаған байырқулардың көтерілісін басып, қайтып келе жатқанда аңдаусызда тосқауылға тап болып, қайтыс болады.

Енді билік кезегі Құтылықтың ұлдары – Могилян мен Күлтегінге келеді. Екеуі де хан тағына мұрагер болатын. 21 жастағы жас батыр Күлтегін әкенің қаған тағын ағасы Могилянға ұсынып, оны «Білге (данышпан, білгір, парасатты) қаған» деп лауазымдап, Түркі мемлекетінің қаған тағына отырғызды. Өзі елінің сол қанатының билеушісі және Түркі мемлекетінің әскери бас қолбасшысы болып тағайындалды. Түркі мемлекеті үшін бұл өте ауыр кезең қазіргі Моңғолияның Орхон өзені бойындағы Білге қаған ескерткішіндегі мына жазулардан айқын аңғарылады: «… Түркі халқының атақ-даңқы өшпесін деп Тәңірі мені қаған отырғызды. Ең болмаса, дәулетті халықты билемедім. Іші ассыз, сырты тонсыз, әлсіз, нашар халықты басқардым. Інім Күлтегінмен, екі шад, інім Күллі – Чормен ақылдастым. Әкеміз, ағамыз иелік еткен халықтың атақ-даңқы өшпесін деп, түркі халқы үшін түн ұйықтамадым. Күндіз отырмадым. Інім Күлтегінмен бірге, екі шадпен бірге өліп-талып иелік еттім… Ебтегі халықты өз ішінен жауластырмадым (от-су қылмадым). Мен өзім қаған болып отырғанда жер-жерден босқан халық жаяу, жалаңаш, өліп-жітіп қайта келді. Халықты көтерейін деп терістікте оғыз халқына, ілгері қытай (қидан), татабы халқына, түстікте табғачқа қарсы он екі рет аттандым. Одан соң Тәңірі жарылқап, құт-бағым бар болғандықтан, өлімші халықты тірілттім… Аз халықты көп қылдым. Ығыр елдікті, ығыр қағандықты игі (тыныш) еттім. Төрт тараптағы халықты бағындырып, бейбіт еттім, жаусыз қылдым. Көбі маған кірді» (Т.Омарбеков, «Қазақ мемлекеті: қағанаттар, ұлыстар мен хандықтар баяны», А., 2017, 63-64-б.).

Күлтегін – Қытай қоластындағы Шығыс Түркі қағанатын қайта қалпына келтіру үшін қол бастаған қаһарман, аруақты әскербасы болды. 718 жылы қас жауы табғаштар шабуылын тоқтатты. Қағандық шамамен 721-722 жылдары Қытайға, шамамен 722-723 жылдары татабыға жорықтар жасаған. Осыдан соң Таң империясы амалсыздан Білге қағанмен бейбіт келісімшарт жасауға мәжбүр болды. Мұның өзі шын мәнінде Қытай тарапынан Түркі қағанатының дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалуы еді. Осының нәтижесінде 722 жылдан 741 жылға дейінгі жиырма жыл бойы халық бейбіт өмір сүреді. Білгенің қаған, Тоныкөктің кеңесші, Күлтегіннің әскербасы болып 15 жыл билік құрған шағы қағандықтың гүлденген дәуірі еді («Қазақтар», А., 1998, ІІ т., 25-б.).

Әкесі Құтылық қаған екінші Шығыс Түркі қағанатының іргесін қалап, шаңырағын көтерсе, артында қалған екі баласы – үлкені Білге қаған ел бастап, кішісі Күлтегін қол бастап, сол қағанаттың айбынын асырып, мерейін тасытқан. Ағайынды екі ұлан ақыл қосып, бірге қимылдап, бірі – елінің алтын тұтқасы, бірі – айбарлы асыл тірегіне айналады (А.Сейдімбек). Ажал жетіп, сол асыл тірек 731 жылы ақпан айының 27-і күні 47 жасында дүние салғанда Ұлы Дала күңіреніп, төрткүл дүниеден түгел елшілер келіп, Күлтегін рухына тағзым еткен. Оны жерлеуге татабы елінен Удар Сеңүн, табғаштан Ісуйі Лікен, Тибеттен Бөлен, алыстағы Соғдыдан, Бұқарадан Тархан ұлы Нең Сеңұн, оғыздан Білге таңбашы, қырғыз қағанынан Тардуш Ынаншы Чур, тағы басқа көптеген белгілі адамдар келген (Айбын, 427-б.). Қайғыдан тек дос елдер ғана емес, қастарының да қабырғасы қайысты. Білге қаған інісінің басына жоқтау-жыр жолдарын жаздырып, құлпытас орнаттырған.

Тарихнамада «Түркі мемлекеті 552 жылы құрылып, 745 жылы ыдырады» деген дерек бар. Аспан астында мәңгілік ештеңе жоқ. Түркі қағанатының ыдырауы да заңды. Бірақ, екі ғасыр өмір сүрген бұл қағанаттан тасқа басылған сөз қалған. Соның елеулісі – «Күлтегін» жыры. «Жырды жаздырған – Иоллығтегін». Жыр Күлтегін батырға арналған. Күлтегін – Білге қағанның інісі. Иоллығтегін – Білге қағанның баласы. Бастарынан бақ, дәулет тарқамаған бұлар – ұлы әулеттің ұрпақтары. Иоллығ – есім болса, «тегін» таққа мұрагер деген ұғым береді. Демек, ол – тек, жыршы, ойшыл ғана емес, тақ мұрагері, саяси қайраткер. Ертедегі түркі мәдениетін зерттеуші ғалымдардың пікірінше, Иоллығтегін 739 жылы өз ажалынан қайтыс болған. Ал, жырды 732 жылы жазған (Ғ.Есім).

Көне жазба ескерткіштердің ішінде нақты фактілерге негізделген «Күлтегін» тарихи жәдігерінің үлкен жазуы 428 өлең жолынан тұрады. Бұл жырдың ерекшелігі – осы жыр бір-бірінен толық дербес тұрған алты хикаядан, яғни, алты оқиғадан құралған деуге болады. Бірінші хикая – түркі халқының ұлы ата-бабалары туралы, екінші хикая – түркілерді табғаштардың бағындырып алғаны жөнінде, үшінші хикая – Елтеріс қағанды сипаттауға арналған, төртінші хикая – Қапаған қаған туралы, бесінші хикая – Білге қағанды жыр еткен, алтыншы хикая – Күлтегін туралы жыр. Жазбада бірнеше оқиға бірінен кейін бірі хронологиялық нақтылықпен жалғасын тауып отырады. Онда Бумын қаған, Естеми қаған, Елтеріс қаған, Білге қаған, Күлтегін ерліктері уақыты жағынан кезек-кезегімен, өмірдегі билік құру уақытымен кезеңдестіріліп баяндалады. Жазба ескерткіштегі тағы бір назар аударарлық тұс – өмірде болған Күлтегін батырдың ерлігінің дәріптелуі. Түркі халқының басына күн туғанда Күлтегін сияқты ердің жауға қарсы аттанғандығы, кімдермен, қанша жасында, қандай ат мініп айқасқанына дейін дәлме-дәл көрсетіледі. Бұл баяндардан байқайтынымыз – Күлтегін батырдың өмірде болған адам екендігі, сол кезде өмір сүрген халықтардың нақты аттары, жер-су аттары жиі кездеседі (Б.Жақып).

Күлтегін жырын алғаш оқыған дат ғалымы В.Томсен «Тәңір», «түрік» деген екі сөзді ажыратқан. Сөйтіп, ұмыт болған көне мәдениет нұсқасы қайта жаңғырғанда қазақтар өздеріне жақын сөздер – Тәңір, түркі, бек, бай ұғымдарымен қайта кездесті. Бұл – түркі мәдениеті мен қазақ мәдениетінің үзілмеген сабақтастығының белгісі (Ғ.Есім). Күлтегін ескерткішінде ғасырлар бойы нұр шашып тұрған негізгі жауһар ой, асыл идея – түркі халқын ауызбіршілікке, ынтымаққа шақыру, ата-баба дәстүрін берік ұстау болса керек.

Сол ескерткіштің ғылыми көшірмесі бұл күнде тәуелсіз еліміздің астанасында, Еуразия ұлттық университеті бас ғимаратының төрінде тұр. Батыр бабаның бақытты ұрпағы күн сайын ескерткіш қасына келіп, ұлы ерлікке тағзым етеді.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы.

Басқа материалдар

Back to top button