Үміт үрейді жеңеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ бүгінгі телевизиялық Үндеуі үрей құрсауындағы елдің үмітін үрлеп, сеніміне серпін берді. “Әр қазақ – менің жалғызым” деп әрбір отандасының тағдырына алаңдаушылық білдірген Президент Қазақстан халқының арандатуға тап болмай, қиындықты сабырмен жеңуге шақырды. Бұл дегеніміз – елдік мұрат еншісіндегі жауапкершіліктің сипаты.
Иә, сақтық шараларын сақтау, тәртіпке бағыну, ел басындағы ауыр күндердің салдарын жауапкершілікпен сезіну — жалпыға ортақ қастерлі міндет. Әлеуметтік желіде желдей ескен жалған ақпарат пен арандату пиғылдарына тыйым жасау жөніндегі пәрменді шешімі де – парасатты ойдың жемісіндей.
Дәрі-дәрмек тапшылығы мен қымбатшылығы да анау айтқандай бақылаусыз қалмағандығын сезіндік. Ауыр күндердің әрбір сәті мен қаралы шаңырақтардың тартқыш тауқыметіне де билік бейжай қарап отырған жоқ. 13 шілдені “Ұлттық Аза тұту күні” деп жариялауында Президентіміздің адам факторына басты байлық деп қарайтын зор жауапкершілігі жатыр.
Ендеше, негізсіз сын айтып, жөнсіз мін іздеуді доғарып, қатерлі індетпен бірігіп күрескеніміз абзал.
Не керек, Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі Үндеуі қатер бұлтын сейілтіп, індет қаупін азайтқан кемел ойларымен маңызды болды.
Үміт үрейді жеңетініне көзіміз анық жетті.
Саят СӘЛКЕБАЕВ,
Жаңаарқа ауданы, Қызылжар кентінің әкімі.