Руханият

Ұлы ақынның ұлағаты

Дәл қазіргідей жaһaндaнyғa бeт бұpғaн қaлпымыздa ұлттық epeкшeлiгiмiздің нeгiзі бoлып тaбылaтын ұлттық құндылықтapымызды caқтay жәнe ұлттық ұpпaқ тәpбиeci мәceлeciнiң мaңыздылығы aйқын болып отыр. Aдaмзaт тapиxындaғы aдaми құндылықтap ғана өмipдiң мәнi мeн мaғынacы, мaңызы бoлып келеді. Бұның ғылым peтiндe зepттeлiп, зepдeлeнiп, тaмыpын тepeңгe жiбepгeндiгiнe тapиxи дepeктep дәлeл бoлa aлaды. Шындығындa, тәpбиe мeн құндылықтap тaғдыpы бip-бipiмeн тығыз бaйлaныcты. Coндықтaн дa xaлықтың дiлi ocы нeгiздe қaлыптacaды.

Қазақстан Республикасының білім беруді дамыту тұжырымдамаларында «Жоғары білім берудің мақсаты – жеке тұлғаның сапалы жоғары білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыру, әрбір адамға оқытудың мазмұнын таңдауға кеңінен мүмкіндік беру» делінген. Осыған орай болашақ мамандарды дайындау барысында халықтық мұраларды, әсіресе, ұлт зиялыларының еңбектерін зерделеу терең мән-маңызға ие. Ерекше атап өтеріміз, шығармаларының тереңдігімен, өміршеңдігімен ел жадында сақталып, бүгінгі таңда уақыт өткен сайын айшықталып, дараланған тұлғалардың бірі – қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлы.

Қазақ әдебиетінің бай қазынасы – ауыз әдебиетінен нәр алып, өз бетінше ізденіп оқу арқылы ұлы ақын деңгейіне көтерілген ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы, сөз өнерінің классигі Абай Құнанбайұлының ең алғаш нәр алған бастау бұлағы – халқымыздың төл әдебиетінің асыл үлгілері болса, екінші білім көзі – Физули, Фирдауси, Низами, Науаи, Сағди, Қожа Хафиз сияқты Шығыс класиктерінің шығармалары болды, бұдан кейін – орыстың Пушкин, Лермонтов, Толстой, Крылов, батыстың Гете, Байрон, Шекспир, Шиллер сияқты классик жазушыларының әдеби мұралары ұлы ақынның тұлға боп қалыптасуына зор ықпал етті.

Абай қазақ пен Шығыс әдебиетінің асыл үлгілерін әжесі Зереден, халық ақындары Шөже, Байкөкше, Балталардан естіп, жадында сақтап өссе, қазақтың шешендік сөздерін әкесі Құнанбайдың және өз заманындағы небір дүлдүл ділмәр шешендердің өсиет-үлгі сөздерінен үйреніп ер жетті. Ақындардың терме-толғаулары мен қиссадастандары, билердің шешендік өнері жас Абайдың сөз өнерінің бүге-шігесін жетік білуіне септігін тигізді. Қала берді, шығыс әдебиетін еркін оқып меңгерген жас ақын Абай осы елдердің салт-дәстүрлерін, тіршілік-тынысын, ерлік ісін өз шығармасына арқау етті. Мысалы, Абай өзінің «Масғұт» атты поэмасына шығыс халқының ертегісін негіз етіп алған. Онда иесіз тамда қарақшылар өлтіргелі жатқан шалды ажалдан арашалап құтқарған Масғұттың ерлігін суреттейді.

Жігіттің адамгершілігіне дән риза болған шал оған үш түрлі алма жемісін сыйға ұсынып:

Ағын жесең: ақылың жаннан асар,

Сарысын жесең: дәулеттің судай тасар.

Егер де қызылын алсаң таңдап,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар,– деп, ақыл, байлық, әйелдің бірін таңдауға мұрсат береді. Жігіт: «Байлық бір жұт алса, жоқ болады, көре алмас күндестер де көп болады, бір кісілік ақыл өзімде де бар, көп наданның арасында жұрттан асқан ақылды болып не бітірем. Қой, одан да сұлуды жолдас етейін», – деген тоқтамға келеді де, қызыл алманы таңдайды. Сонда шал: «Шырағым, әйелді жолдас етуді неге қаладың?» – дегенде, жігіт: «Хан да, қара да анадан шықты, әйел сөзіне құлақ салмас жан болмайды. Ханды қаһарынан қайтаратын, ердің ашуына арашашы, ақылшы болатын үйдің де, түздің де, татулық, бірлік, берекенің де ұйтқысы – әйел. Осыны ойлап, әйел қауымымен дос болуды қаладым», – дейді.

Абай өз еңбектерінде, біріншіден, өнер мен ғылымды, адамгершілікті, достықты паш етсе, екіншіден, халық қамын ойлайтын парасатты азаматтар қай елде болмасын ұлтына, дініне қарамай, солардан үлгі алу, өнеге тұту, дос ету, сөйтіп «Адам баласының бәрін бауыр тұту» керектігін, гуманистік – ұлы қасиет жас ұрпақтың бойынан табылғаны жөн екенін айтады. Абайдың барлық еңбектерінде жастарға үлгі етіп ұсынған адал еңбек, ар-ождан – қай дәуірде болмасын көнермейтін, адамды қиыншылық атаулыдан аман-есен алып шығатын тіршіліктің тұтқасы, өмірдің нұсқасы, жастарды алға жетелер жарық жұлдыз-нысанасы екені даусыз.

Қазақ халқының жазба әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақын Абай халықтың ағарту ісін өркендету үшін шығыс және батыс мәдениетін жан-жақты зерттеп, сол мәдениет негіздерін өз халқына үлгі-өнеге етіп көрсете білді. Абай Шығыс мәдениетінен ақындық пен шешендік өнерін, мұсылмандық ғақлияларды танып, оны қара сөздері арқылы халыққа ұсынды.

Абай батыс мәдениетінен ғылым негіздерін, көркем әдебиетті үйренуді уағыздады. Абай өлеңдерінің эстетикалық тәрбиелік мәні зор. Ақын қазақ әдебиетіне жаңалық ретінде енгізген – табиғат лирикасында табиғат пен адамның іс-қимылын үйлестіре жырлап, әрі табиғат көркемдігіне оқушы мен тыңдаушыны қызықтырады, әрі сол кездегі адамдардың тұрмыстық бейнесін суреттеп, көркемдікті, адамгершілікті сезіндіре отырып, табиғат пен адамның тұтас ұғым екеніне көз жеткіздірді. Ақынның орыс әдебиетінің «мороз, красный нос» бейнесіне ұқсайтын «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, соқыр, мылқау, танымас тірі жанды» деген кәрі құда – Қыс бейнесі әдебиетімізде ерекше үлгі есебінде орын алды.

Онымен қоса,

«Ата-анадай елжірер күннің көзі»,

«Анамыздай Жер иіп емізгенде,

Бейне әкеңдей үстіңе аспан төнер»,

«Күн – күйеу, Жер – қалыңдық сағынысты,

Құмары екеуінің сондай күшті»

деген сияқты тамаша сөз суреттерін салуы қазақтың сөз өнеріне қосқан сүбелі үлесі болғаны анық.

Абай өлеңдері еңбекке, ғылым, өнер үйренуге, адамгершілікке тәрбиелейді. Жас ұрпақты «Бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға» үйретіп,

«Пайда ойлама, ар ойла,

Талап қыл артық білуге.

Артық білім кітапта,

Ерінбей оқып көруге»

– деп, жас ұрпақты бақытты болашаққа шақырады. Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз. Білгендердің сөзіне Махаббатпен ерсеңіз, – деп, білімді адам болу үшін, білімділер айтқан сөзді үйрену керектігін еске салады. «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады» – дейді ұлы ойшыл.

Абай қазақ өлеңдерінің өлшемін жасаған ақын. Ол өлеңді – өнердің шыңы, сөздің патшасы деп, өлеңді өмірлік серік етіп, ақындық жолына түсудің жауапкершілігі зор екенін айтады.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Ақын өлең мен әннің тәрбиелік мәнін жоғары бағалайды. “Әннің де естісі бар, есері бар” деп, ән тыңдауда және айтуда тыңдаушы мен айтушының эстетикалық талғамы болуы керек екенін айтады.

«Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Әннің тәтті оралған мәні оятар»,

«Құлақтан кіріп, бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», – дейді ақын.

Абайдың барлық шығармаларында өзек болған басты тақырыптың бірегейі – адамның мінез-құлық ерекшелігі. «Егер мен қолында билігі бар адам болсам, адам мінезін дұрыстауға болмайды деген адамның тілін кесер едім» деп кесіп айтқан ұлы ойшыл өмір бойы қазақтың бойындағы керітартпа мінез-құлықпен күресіп өтті.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп күңіренген ақын

«Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді, Аузымен орақ орған өңкей қыртың»,

«Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқың» – деп өкінеді.

«Қайнайды қаның, ашиды жаның,

Мінездерін көргенде» деп, халықты жаман мінезден аулақ болуға, жақсы мінезді бойға сіңіріп, бірлікте, татулықта өмір сүруге шақырады.

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос, – деп, ел болуды, бір-бірін құрметтеуді үйретеді. «Біріңді бірің ғиззат, құрмет етіс» дейді.

Абайдың ғақлия аталып кеткен 45 қара сөзі – тек қазақ халқына ғана емес, барлық адам баласына бағыт сілтей алатын құнды дүниелер. Өзі «өз сөзім өзімдікі» деп, керек еткен адам алар дүние ретінде қағаз бетіне түсірген тәмсілдер ақынның көп жылдар жинаған тәжірибесінің, алған білімінің арқасында адам баласына жол көрсетер, өмірдегі күрмеуі қиын мәселелерді шешуге көмектесер құнды қазынаға айналды.

Осы сөздерінде ақын ғылымды оқып-үйрену, білім алу үшін үш нәрсені басшылыққа алу керектігін айтады:

1. Ықылас қоя тыңдау керек.

2. Тыңдағанды бірнеше рет ойда қайталап, бекіту керек.

3. Ой кеселдерінен сақ болу керек.

Абай жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. «Ата-анаға көз қуаныш», «Заман ақыр жастары», «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Жастықтың оты жалындап» деген өлеңдерінде жастарды әдепті болуға, сөз қадірін білуге, сабырлы, арлы, еңбекқор болуға шақырады.

Қорыта айтқанда, Абай шығармасы – халқымыздың ғасырлар бойы жинақтаған ұрпақ тәрбиесі жөніндегі ой-пікір, білім, тәжірибелер жиынтығы. Оның қалдырған мұрасы келешек ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасы, ауыл, аймақтың, Отанның ар-намысын қорғауға, т.б. ізгі адамгершілік қасиеттерге баулуға қызмет етеді.

Құрманғазы СЕМБИЕВ,

«Bolashaq» академиясы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,

профессор.

Басқа материалдар

Back to top button