Руханият

ЖЕР мен ЕЛ және ЖОЛДАУ…

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Қазақстан халқына Жолдау жасағанда, түйінді Алаш арысы Ахмет БАЙТҰРСЫНҰЛЫНЫҢ сөзімен шегелегеніне жалғыз мен емес, жалпақ жұрт куә. Байқауымызша, Президент Қазақстан қоғамының қыры мен еңісін, ұңғылы мен шұңғылын тамыршыдай тап басып, қай салада болсын мәселені төтесінен қойып отыр. Қордаланған қат-қабат дүниелер жетерлік. Алайда, бәрінің шешілу жолын кәсіби тұрғыда нұсқап, бағыт-бағдар ұсынды. Қазақстанның ендігі даму жолында Президент айтқан сөзді басшылыққа алып, әр сала соған істі қабыстыра алмаса, Үкімет пен атқарушы билікке серт.

Жоғарыда Президент ойын Ахмет Байтұрсынұлының сөзімен сабақтап түйіндеді дедік. Бір жақтан мынандай жаһандық індет, бір жақтан экономикалық аһуал қысып келіп бергенде, қандай ұлт, ұлыс болмасын осылай өзінің негізгі бастау-бұлағын іздеп кетеді. Оны біз Президенттің өткен жолы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатынан да аңдағанбыз. Сондағы әлеуметке арнаған пікірінің көпшілігі хакім Абай ойынан бастау алғанын анық сезгенбіз әрі осы газет бетіне жазғанбыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқаны бар, «әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп. Біздің елдің күллі даму жолы мен өркендеуінің негізгі жұлын-жүйесін Алаш арыстары бастап жазып кеткен. Қазақтың мың жылдық тарихына көз жүгірткендер де білуі тиіс. Бұл елді қашан да жері мен даласы асырап тұрғанын. Соны білген Әлихан Бөкейхан «Жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Жерсіз адам жоқ! Жерсіз мемлекет болмайды! Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек!» деді де, қазақ қоғамын дамытудың бір бағыты бүгін де Президент айтқан ауыл шаруашылығы саласы деді.

Біз қанша жерден Айға ұшып, аспанды кезсек те қайта қонатын мекеніміз – жер және қалай болғанда да аграрлы мемлекетке айналу керектігін күн өткен сайын түсініп келеміз. Оны мына пандемия анағұрлым дәлелдеп берді. Карантин кезінде ел ауыл шаруашылығы өнімдеріне қарап қалды. Осы жолғы Жолдауында Президент: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Вертикальді кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал. Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Біз горизонтальді кооперацияның әлеуетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Келесі жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мәселесі бойынша Жер кодексінің кейбір нормаларына қатысты енгізілген мораторий күшін жояды. Жеріміз шетелдіктерге сатылмайды» деді. Қазақ қоғамындағы көкейкесті дүниелердің бірі – осы. Бұған артық ауыз сөз қосудың өзі артық. Ауыл шаруашылығын заманауи үйлестіріп, кетігін табу – мамандардың ісі.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button