Жасыбай батырдың шыққан тегі жайлы шындық

Тарихи деректерді пайымдауда пікір қайшылығы, көзқарастар кереғарлығы қашан да болып тұрған. Және ондай пайым, пікірлер жарияға шығып, баспасөз беттерінде көп талқысына түсері тағы белгілі. Біз бұл материалды жариялау барысында да байсалды бағыттан айнымай, бейтарап ұстанымда болғанымызды ескертеміз. Газет соңында да: «жарияланған мақала авторларының пікірлері редакция көзқарасын білдірмейді» деп жазылған. Мақаласында автордың өзі де оқырманға ескерту жасапты осы тұрғыда. Сондықтан, қадірлі оқырман, автордың уәжі қисынды, дәлел-айғақтары негізді болған соң материалды алдарыңызға тартып отырмыз.

Редакциядан.


Ғаламтордан да, оқулықтардан да «Жасыбай Өмірұлы – арғын, бәсентин руынан» деген деректердің пайда болғанына көп жылдар өтті. Баянауылда қызыл гранит құлпытастар да қойылыпты. Басты дерек көзі – Мырзатай Жолдасбеков, Қойшығара Салғарин, Ақселеу Сейдімбектің «Елтұтқа» кітабы. Ал, «Елтұтқадағы» авторлар деректердің түпнұсқасын кезінде Семейге жер аударылып келген Ресей патшасының өлкетанушысы И.Коншиннен алғанын көрсетіп жазыпты.

«И.Коншиннің жазбаларында, халық шежірелерінде, аңыз-әңгімелерінде, батырдың өзіне арнап шығарған «Ер Жасыбай» жыр-дастанында біраз мағлұмат берілген» делінген онда (141-142 бет).

Сонымен «Ер Жасыбай» дастанын оқып, ақтардық. Дастанның түпнұсқасын Алматыға атақты археолог ғалым, Баянауыл өлкесінің тумасы Әлкей Марғұлан тапсырыпты. «Ер Жасыбай» дастанының толық нұсқасы «Бабалар сөзі» тарихи жырларының 59 томында, академик С.Қасқабасов бастаған ғалымдар С.Қосан, Б.Әбізбаева, Ғ.Орда басшылығымен 2010 жылы толық басылған. Дастанда Ер Жасыбай 18 ғасырдың көрнекті тұлғасы екені айтылған. Ер Жасыбайдың атасы Тұяқты жерлеп келген соң, елге келіп інісі Темірмен табысқан диалогтары керемет келтірілген. Жасыбай інісі Темірмен бірге жаумен соғысқаны әсерлі жырланыпты.

«Ақыры Темір сондай айғай салып,

 Жіберді үйдей тасты жұлып алып

Қаратау арғы жағы сары дала…

 …Төртеуі төбелескен тастарынан

Қаратау болған екен жермен бірдей.

…Алмады қолдарынан найза қылыш»

Жырда жауының астына түсіп, дәрменсіз күйге түскенде Жасыбайға інісі Темір келіп болысады (352-353 беттер).

Жырды оқысаңыз ішінде Баянауыл да, Сиректас та айтылмаған. Соғыс алаңы ретінде Қаратау көрсетілген. Көктөбе деген жер бар. Тағы бір ерекшелігі, дастанда үш-ақ адамның аты аталады – Ер Жасыбайдың өзі, атасы Тұяқ және інісі Темір (352-353 бет). Ең таңқаларлық жай, олар соғысқан жаудың қай этносқа жататыны мүлде айтылмаған. Сонда авторлардың «өзіне арнап шығарылған Ер Жасыбай Жыр-дастанында біраз мағлұмат берілген» деп жазған тұжырымы мүлде шындыққа жанаспайтын болып шықты. Сондықтан, ғаламторда келтірілген деректер де еш негізсіз.

Соған қарамастан, «Елтұтқа» кітабында «Жасыбай екі ағайынды болған, інісі – Байсары…» деп жазған. Анықтау үшін ғаламторда шыққан бәсентин шежіресіне үңілдік. Онда Өмір биден бес ұл, яғни, Жасыбай батыр, Алатай, Қанай, Шонай, Малай туыпты. Кітапта А.Сейдімбек Өмірді «Шешен болған» деп жазған. Бұл жерде де автордың «Халық шежірелерінде» дегені де шындыққа жанаспайды.

Мүмкін автордың басқа кітаптарында бар болар деп ізденіп А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы (шежірелік деректерді пайымдау)» деген 2008 жылғы зерттеу еңбегіне үңілдік. Расында көптеген шежіре деректер келтіріліпті. Бірақ, Жасыбай батыр жайлы, оның інісі Байсары батыр жайлы еш дерек таппадық. Кітаптың 17 тарауында Орта жүз жайлы жазыпты.

Бұл кітапта да Ақселеу Сейдімбектің туып-өскен жері Жаңаарқа ауданы және бүгінгі Шет ауданымен іргелес жерлерде Тоқа руының өкілдерінің өте көп қоныстанғанын ескерсек, автордың Тоқа руы жайлы өз ойынан шығарған кейбір ұлағатсыз сөздерін түсіну қиын. Материалдардың ел аузынан еш өзгертпей жинағандығына күмән келтіретін жерлері баршылық. Себебі, дерек көздерін қай жерден алғандығы кітапта толық көрсетілмеген.

Өзі туып-өскен ортада көптеп тұратын Күшікбай батырдың ұрпақтары басылымда жарық көрген шежіре бойынша Жасыбай батырдың тікелей ұрпақтары саналатыны дүйім елге белгілі. Автордың қалмақтармен соғысқанда аты шыққан Күшікбай батыр жайлы деректерді келтірмегені де түсініксіз.

Енді қолыма «Елтұтқа» кітабын ұстап, Жазушылар одағының мүшесі, елге танымал ардагер жазушы Өмір Кәріпке мәселенің анық-қанығын сұрауға бардым. Өмкең – Ақселеумен үзеңгілес, қаламдас, етене араласқан адам. Өмекең «Елтұтқа» кітабын оқығанын және Ақселеуге өзінің жеке пікірін білдіргенін айтып төменгідей қолхат жазып берді.

Енді тек қана Павлодар облысы, Баянауыл ауданы аймағына емес, бүкіл Республикаға танымал белгілі этнограф, дінтанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектеріне үңілдік. Атап айтқанда, ірі ғалымдар талдаған еңбектердің бірі – Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің философия, саясаттану және дінтану институтының Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің еңбектері негізінде жазылған Серік Нұрмұратов, Бақытжан Сатершинов, Алмасбек Шағыбаевтардың ғылыми еңбегі. Басылым (ғылыми қазына) 2012-2014 жылдары салааралық ғылыми бағдарлама аясында дайындалған. Рецензенттері философия ғылымдарының докторы, профессор М.Сәбит, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Ә.Нысанбаев, философия ғылымдарының докторы, доцент А.Сағиқызы. Зерттеу еңбек ISBN-978-601- 304-000-4 деп тіркелген. Бұл еңбекте Мәшһүр Жүсіп Көпеев шежіресінен төменгідей үзінді келтірілген. Қара жәшіктен алынған Мәшһүр Жүсіп жазбалары, 261 бет.

«Шежіре бойынша Жасыбай батырдың сүйегі Тоқа болады, Арғын әулеті Бес Мейрамнан тарайды. Мейрамнан – Қуандық – Қарпық. (Сызылған жерлер Мәшһүр Жүсіптің жазбаларынан алынған).

Қарпықтан – //Көзей// – Тоқа//

Тоқадан алты ұл – //Тұңғатар, Бесім, Тоқтауыл, Сары, Молқы, Құлымбет // туады.

Бесімнен алты ұл – // Сарықожа батыр, Қарашора батыр, Есенаман, Барғана, Айтқожа, Сатыпалды //.

Сарықожадан – // Жасыбай батыр // туған. Жасыбай батырдан – / Мырзамбет / – / Ескене / – / Байбек / – / Жәнібек / – / Оспан / – / Сейфолла / – / Сәдуақас (Сәкен) / – 1894 жылы туған.

Сонда Сәкен Сейфуллин Жасыбай батырдың тікелей ұрпағы». МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЕВ. iph.kz/ doc/ru/554.pdf (261 бет).

Мәшһүр Жүсіптен қалған шежіре мұра 20 томнан астам кітап болып республика оқырмандарына таралған. Сондықтан, ұлы ғұламадан қалған Жасыбай батыр жайлы шежіредеректі бұрмалаудың қажеті жоқ деп санаймын.

Тағы бір ескертетін жай, «Елтұтқа» кітабында Жасыбай батырдың руын «Бәсентин» деп жазған. Сұрастыра келсем, оны ру ішіндегі Сырым бұтағына жатқызады екен. Тарихта белгілі Малайсары батыр осы Сырымнан тарайды. Деректер бойынша Малайсары батыр 1700 жылы туып, 1750 жылы қаза тапқан. Жасыбай батыр болса, 1716 жылы туып, 1741 жылы жау қолынан қаза тапқан. Қазақтың көне салты бойынша ағасы жорыққа шыққанда қашанда жанында інісі бірге жүрген. Малайсары батыр жайлы жазылған деректерді зерттеп, ондай мағлұмат таппадық. Бұл да бір ескеретін факті болып табылады.

Ресей империясы бодандығында болған кезде Ертіс өңірін бәсентин руы мен Сүйіндік, Қуандық ұрпақтары қатар қоныстанған. 14 болыс ел жайлаған жердегі деректерде Жасыбай батыр жайлы жазғаны бар ма деп мемлекеттік архивтен «Влиятельные Ординцы Баянаульского внешнего округа (1830-1868 г.)» деген өлкетанушы Дәурен Аяшиновтың аудармасын таптық. Бұл ақ патша шенеуніктерінің өлкені мекендеген бәсентин руларының старшыны, би, ру басшылары тізімінде Сырым руы, Малайсары батыр, Қазанғаптар барлығы тәпіштеліп жазылған екен. Бірақ та «Елтұтқадағы» автор жазған Өмір би мен Жасыбай батырдың аттарын кездестірмедік.

Ерте кезде Қуандық руының ұрпақтарын Баянауыл, Майқайың, Қалқаман, Шідерті, Селеті өңірлерінен орыс-казак колонизаторлары сыйғызбай бүгінгі Қарағанды облысы жерлеріне ығыстырған екен. Тарихи деректерде кездестіретін орыс-казак солдаттары басы Қытайдан басталатын Ертіс өзеніне аттарын, жылқыларын суаруға келген қазақтарды қарсы жағадан мылтықпен атып өлтіреді екен. Ата-бабаларының қоныстанған жерлерінен қай жылдары үдере көшкендері туралы деректерді Ресей Федерациясы, Омбы қалаларының архивтерінен іздеп табу керек. Бүгінде белгісіз тарихтың куәсі болып, Қуандық руынан тарайтын Жетімек атындағы тау, Жасыбай көлі, Естемес-Естекбай қыстауы, Қаратоқа адыры, батырымыздың және ата-бабалар қорымдары жатыр.

Сонымен қатар, ақ патша заманында Баянауыл өлкесінің географиялық картасында аудан жерінің бір бөлігін, Майқайың, Қалқаман, Шідерті, Жетімек тауы, Селеті, Осакаров, Нұра, Жаңаарқа, Шет ауданындағы Сәкеннің туып-өскен жерлері Тоқа руына жататыны көрсетіліп, бекітілген. Ол картаны Олжабай батырдың ұрпағы Олжас Сүлейменов ағамыз республикаға белгілі танымал ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай арқылы Олжабай батыр жайлы деректі кітап жазуды маған ұсынғанда қолыма берген, архивтік материалдардың ішінде болды. Географиялық жер картасы Жасыбай батырдың туып-өскен жерінің Мәшһүр Жүсіптен қалған шежіреге сәйкес екенінің анық дәлелі – осы.

Сәкеннің мектепте білім алып, өскен ауылы Өспен руднигінің тумасы Жұмағали Мағзиев Баянауыл жерін аралап, көнекөз қариялармен жолығып, ата-бабалары жайлы мағлұматтарды зерттеп, жазған «Тарихқа үлес» атты кітабының 24 бетінде бұлжытпас дәлелдер бар.

 «Мұнда өлшеусіз тарихи құжаттардың сақталғанына куә болдым. Бұл қыруар арабша (төтеше) жазылған еңбектерді аударып оқып отырғанда, «Сүйіндік – Олжабай, Қуандық – Жасыбай батырдың қимас дос болғанының куәсі болдық» деп жазған.

Ақселеу өзі жақсы танитын жаңаарқалық жазушы, журналист Асан Жұмаділдиннің 2009 жылдың басында жарық көрген «Жаңаарқа, дерекнама» атты кітабында осы өлке тарихында белгілі билер, батырлар, басқа да тұлғалар туралы жазған. Кітапта «Жасыбай батыр. Руы – Енең Тоқасы» деп келтірілген. Жазушы дереккөздерін көнекөз ақсақалдардан, архивтағы құжаттардан, шежіреші Саққұлақ ақсақалдан жинаған екен. Бұл деректерді жазушы Ақселеудің де естімеуі мүмкін емес.

2019 жылы 15 қаңтарда Павлодар облысы, Баянауылдың «Баянтау» аудандық газетінде ардагер-ұстаз Шолпан Жақыпованың «Сәкен шыңы» атты деректі мақаласы жарық көрді. «Баянауыл ауданы, С.Торайғыров ауылының бізге қараған Ақбет тауы бауырында көлге сән беріп тұрған кербез биік шың бар. Ауылдағы үлкендер Сәкен (Сәдуақас) шыңы» дейді деп бастаған мақаланы. Омбы – Ақмола – Славгород – Павлодар – Баянауыл – барлығын қосқанда 844 шақырым жолды жаяу жүріп, түрмеден қашып, бабасының жерін паналаған Сәкен жайлы жазыпты. Табиғатта аңға да, тірі адамға да ортақ бір инстинкт бар. Жаны қиналса, аң ініне қашады. Адам өз ата-бабасының өскен жерінің жары мен тасына тығылады. Екі батырдың қайғылы тағдырлары да қандай ұқсас десеңші?! Жасыбай батыр қапыда қалмақтың Құбамергенінің оғынан қаза тапса, Сәкен Сталиннің жендеттерінің оғынан өлді. Жасыбай батыр өзі туған жерінің бір асуын жастанып жатыр. Ал, оның ұрпағы Сәкен мүрдесінің қайда қалғаны әлі белгісіз.

Қарағанды қаласында 2002 жылы баспадан шыққан «Қарпық шежіресі (Көзей-Тоқа, Мәмбет, Тінәлі)» кітабының 45-ші беттерінде Сарықожадан – Жасыбай, Марқа. Ал, Жасыбайдан – Қалмамбет, Мырзамбет туған деп жазылған. Кітап авторлары Ж.Бикенов, Ж.Жакенов және Т.Исабек. Осындағы Тұяқ Исабек 440-тан артық ғылыми еңбектің, 4 шежіре кітаптың авторы, профессор, ғылым докторы. Деректер жеті аталарына дейін білетін әрбір түтіннен ерінбей жиналыпты. Бұл шежіре кітап жеке бір жазушының фантазиясы емес, өте терең, жан-жақты зерттелген ғылыми әрі тарихи жинақ болып табылады (Тұяқ Исабектің айтуынша, кітаптың бір данасын Ақселеу Сейдімбекке берген).

2001 жылы 21 шілдеде Жасыбай батыр ұрпақтары үлкен ас беріп, Шет ауданы, Өспен ауылындағы Нілді тауының бір биігіне Сәкен Сейфуллин бабаларының ескерткіші қойылды. 5000-нан артық халыққа берілген асқа басшылық еткен Рашид Көпбаев, Тұрар Алтынбеков және Сағынтай Исиндер – Жасыбай батырдың тікелей ұрпақтары болатын. Ұйымдастырушылардың айтуынша асқа Ақселеу мырза да шақырылыпты. Егер «Елтұтқа» кітабының да 2001 жылы шыққанын ескерсек, Ақселеу мырза сонда келіп, жиналған 5000 халықтың алдына шығып: – Оу, халайық! Жасыбай батыр да, Сәкен де сендерге бөтен! – деп неге айтпаған деген заңды сұрақ туады.

Ақселеу Сейдімбек мырза ғалым, ғылыми атағы бар. Ғылыммен айналысқан адам кез келген жаңа деректі зерттеп, өз пікірін қалдыратыны белгілі. Бірақ, 2002 жылы Тұяқ Исабектің өзі қолына берген «Қарпық шежіресіндегі» Жасыбай батыр жайлы басылған деректер турасынан ешқандай мағлұмат жазбағаны түсініксіз.

2019 жылы «Сәкен – 125» қоғамдық қоры құрылып, Сәкен Сейфулиннің 125 жылдық мерейтойын өткізуге мұрындық болып, қыруар жұмыстар атқарды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жаңаарқа ауданында дүбірлі той өтіп, Астанада ғылыми конференция, Қарағандыда республикалық айтыс, Көкшетауда, Жаңаарқада, Шет ауданында ескерткіштер қойылып, саяжайлар салынды. Атап өтер бір жайт, ақпан айында Сәкеннің атылған күніне Нұр-Сұлтан қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітінде туғантуыс, ағайындары Құран оқытып, ас бергенде Сәкенді Бейімбет пен Ілиястан бөлген жоқ. Үш арысқа бірдей Құран бағыштады. Астанада үш арысқа арнап керемет ескерткіш те орнатылды.

Мерейтой өтпес бұрын ғаламторда, баспасөз беттерінде «ғалымсымақтар», «сенсация» жасаушылар Сәкеннің атына қара күйе жағуға тырысып бақты. Бірақ, халық оларға әділ бағасын бере білді. Ондай құжаттарсыз деректер, бос даурықпа сөз тек қателіктерге апаратыны белгілі. Жазушы, ғалым, профессор, Жаңаарқа ауданының тумасы Ақселеу Сейдімбектің «Елтұтқа» кітабындағы Жасыбай батыр жайлы жазғандарын жан-жақты зерттеп, саралап, осы тұжырымды оқырман қауымға ұсынып отырмын. Бұл зерттеу, сараптау жасалған тұжырымның мақсаты – Арғыннан тарайтын Бәсентин руы мен Қуандық ұрпақтары ортасында дау туғызу емес. Және де бұл мақалада Бәсентин шежіресінде жазылған өздерінің Жасыбай атты батырлары болған жоқ деген пікірден аулақпыз. Сәкеніміз бар қазаққа ортақ белгілі тарихи тұлға. Жасыбай да Сәкеннің түп атасы, Бес Мейрамның бар ұрпағына ортақ тарихи тұлға.

Жасыбай батырдың шыққан тегі жайлы келтірілген деректерді оқып ағайындар бір ортақ шешімге келеді деп ойлаймын. Оған негіз – осы мақалада мен ашып жазған Ақселеу Сейдімбектің «Елтұтқа» кітабында жіберген өрескел қателіктері. Бір жағынан қараса, таңданарлық еш себеп жоқ сияқты. Кейбір білгіш жазушылар (ғалымдар) Шыңғыс ханды – Жалайыр, Сұлтан Бейбарысты – Беріш руынан деп жазып та жүрген жоқ па?

Нұрша КӘКЕНОВ.