«Жастар тәжірибесі» жастарды қызықтыра ма?

Былтыр облыс бойынша жоғары оқу орындарын 10 мыңнан, колледждерді 11 мыңнан астам түлек бітіріпті. Биыл да осы межеден артық болмаса, кем болмасы анық. Әне-міне жас маман атанатын түлектің негізгі мәселесі – жұмысқа орналасу. Бұл ретте кедергілер баршылық. Алайда, жұмысқа сәтті орналасудың мүмкіндігі де жоқ емес.

Кедергілер деп отырғанымыз ең әуелі – еңбек өтілі мен тәжірибенің жоқтығы. Оқуын енді бітірген түлектерде ол екеуінің болмайтынын білсе де, жұмыс берушілер талап етуден танбайды. Шарасыздықтан жас мамандар дипломды қалтаға басып алып, кезіккен кез келген жұмысты істеуге пейілді болады. Ал, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Жастар тәжірибесі» – осы түйіткілді мәселенің түйінін шешуге таптырмас мүмкіндік.

Төлеу Мұхтар, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек нарығының мониторингі және талдау бөлімі басшысы:

– «Жастар тәжірибесі» жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жатады. Жастар арасында сұранысқа ие. Былтыр осы бағдарламаға қатысқан 1232 адамның жартысынан көбі тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл 1173 адам қатысады деп жоспарлап отырмыз. Оның 202-сі қазіргі таңда жұмыс жасап жатыр.

Талап бойынша «Жастар тәжірибесіне» қатысушылар 29 жастан аспаған мамандық бойынша 3 жыл ішінде жұмыс істемеген болуы тиіс. Жұмыс ұзақтығы – 6 ай. 25 АЕК, бұл қазір 63 125 теңге көлемінде еңбекақысы да төленеді. Сәйкесінше, зейнетақы, әлеуметтік аударымдары жасалады.

Жыл басынан бері «Жастар тәжірибесіне» қатысқан Диас Қасымовтың практикасы аяқталар күн жақын. Ол одан кейін де өзі жұмысқа қабылданған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында тұрақты жұмысқа қалу ниетте екен.

– Университет бітірген бетте әскерге кеттім. Келгеннен кейін бірден «Жас-тар тәжірибесі» бойынша құжат тапсырдым. Себебі, жұмыс берушілер еңбек стажын сұрайды. Ал, бұл жақсы мүмкіндік. Тәжірибе жинақтайсың, еңбекақы аласың, зейнетақы аударымдарың жүріп жатады. Ақшасы аз демеймін, мүлдем төленбесе бұдан да жаман болуы мүмкін еді ғой, – дейді ол.

Өздеріне маман іздеген мекемелер мен ұйымдар үшін де «Жастар тәжірибесі» тиімді бағдарлама. Қажет мамандарын өздері оқытып алады. Әдетте, бағдарламаға қатысушылар мемлекеттік мекемелерге жіберіледі. Қазір жеке сектормен де байланыс тығыз екендігін айтады мамандар.

«Құрылыс эксперт проект» ЖШС маманы Әсел Темірбекова маман табудың қиын екенін айтады.

– Біздің жұмысқа сәйкес мамандарды біз өзіміз іздейміз, – дейді ол. – Оқытып, өзімізге кадр ретінде қалдырамыз. Екінші жыл жұмыс жасап жатқан «Жастар тәжірибесімен» қабылданған жастар бар. Мамырдан бастап 3 жас маманды қабылдадық. Тәлімгерлік негіздері жұмыс жасайды.

«Жастар тәжірибесі» уақытша жұмыс орны десек те, жас маманның алғашқы кәсіби машықтарын қалыптастаруға мол мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттің жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту бағытында шын мәнінде оң нәтижесін көрсеткен көп жылдан бері қолданыстағы шара.

Жыл сайын қаншама түлек бітіреді, дайын тұрған жұмыс жоқ. Екінші жағынан маман тапшы деп зар қағатын кәсіпорын, өндіріс, ауруханалар мен мектептер көп. Екі тарап арасындағы байланыстың жолы – «Жастар тәжірибесіне» екі жақ та мүдделі. Осы бағдарлама аясына бастапқы кәсіби біліктілікке қол жеткізіп, өтіл жинақтайтын жастар уақыт өте келе сол мекемелерге дайын маман болып барады.

Жансая ОМАРБЕК