Жұртшылық жадындағы батыр

Аманкелді Иманов – халық батыры, 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырушы, Кенесары ханмен бірге қанды жорықтарда басын бәйгеге тіккен Иман батырдың ұрпағы. Болашақ ел қорғаны 1873 жылы 3 сәуірде бұрынғы Торғай уезінің Қайдауыл болысына қарасты Терісбұтақ деген жерде (қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданы) дүниеге келген.

Ол 12 жасқа дейін ауыл мектебінде, ал кейін 4 жыл медреседе оқып, түрік, парсы және араб тілдерін меңгерген. Ұлт-Азаттық мүддесіне байланысты ісқимылдар кезінде орыс тілін жетік білуі, жалпы сауаттылығы және білімдарлығымен ерекшеленген.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қоғамдық-саяси маңызы өте терең болғаны белгілі. Сол себепті, оған қатысқан адамдардың саны 50 мыңға дейін жетті. Аманкелді сарбаздары 27 күн бойы Торғай қаласын қоршауда ұстап тұрды. Көтеріліс Ресейде Ақпан төңкерісі басталғанға дейін жалғасты.

1917 жылғы қазанда және 1918 жылғы қаңтарда Аманкелді Торғайда және Торғай облысында Кеңес өкіметін орнатуға белсене араласты. Торғай уезінің әскери комиссары болды. Әліби Жангелдиннің ықпалымен РКП (б) мүшелерінің қатарына қабылданды. Делегат ретінде 1918 жылы Орынборда өткен Кеңестер съезінің жұмысына қатысты. Сол жылы шілдеде кеңес қызметкерлерінің бір тобын басқара жүріп, ауылдық және болыстық кеңестер сайлауын өткізді. Орынбордағы Торғай Кеңесінің І съезінің қатысушысы (21 наурыз — 2 сәуір, 1918 жыл). 1919 жылы.

Торғайда Кеңес өкіметі таратылғаннан кейін өзара тартыстың құрбаны болып, қамауға алынады. Қамауда жатқан жерінде қастандықпен қазаға ұшырайды.

Батырдың денесі әуелі Алакөлге қойылып, кейін аудан орталығы санатындағы бұрынғы Батпаққара ауылына қайыра жерленді.

1960 жылы оның мәңгілік мекенінің іргесіне еңселі ескерткіш орнатылды. Авторы – қазақтың тұңғыш кәсіби мүсіншісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Хакімжан Наурызбаев. Батырдың ескерткіші Аманкелді ауданы, Аманкелді ауылындағы «Шұғыла» жастар орталығы ғимаратының алдындағы алаңда орналасқан. Қоладан құйылған мүсінде батыр басын асқақ көтерген, сол қолында қылышы бар, оң қолын кеудесінің сол жақ тұсында ұстаған қалпында бейнеленген. Ескерткіш мәрмәр тақталармен қапталған тікбұрышты тас тұғырға орнатылған. Оның жоғарғы жағында «Аманкелді Иманов 1873-1919» деп ойылып жазылған жазу бар.

Жұртшылық өздерінің жадында есімі жатталып қалған батыр рухына тағзым ету үшін ол мәңгілік тыныс тапқан мекенге арнайы баруды еш толастатқан емес.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.