Бас тақырыпОблыс әкімі

Қырда – қызу науқан

Астықты Арқа төсінде орақ науқаны қарқын ала түсуде. Егін алқаптарында қызу еңбек. Диқандар ерте көктемнен басталған бейнеттің зейнетін көретін күн жақын. Қырда екпінмен жүргізіліп жатқан жиын-терімнің аяқ алысы облыс басшылығының жіті назарында.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаров жұмыс сапарымен Осакаров, Нұра және Абай аудандарына барды. Сапар барысында Осакаров ауданындағы – «Найдаровское», «Жатва», «Жаңа ай», «Заря», «Жерұйық – 2050», «Садовое и К», Нұра ауданындағы – «Шахтерское», «Нұра бидай», «Қайнар», Абай ауданындағы – «Шанс», «Астро-Агро» шаруашылықтарында болды.

Бүгінде «Найдаровское» ЖШС жаңа технологияларды қарқынмен қолданысқа енгізуде. Мәселен, пилоттық режимде қолға алынған нысаналы жер өңдеу әдісі арқылы мол өнім алуда. Ал, «Жаңа ай» ЖШС ораққа толық әзір. Шаруашылық басшысы Вячеслав Шамординнің айтуынша, тек, ауа райы ғана ептеп кедергі келтіруде.

«Шахтерское» ЖШС барлық жұмысты сандық форматқа көшіруге кіріскен.

– Биыл 38 мың гектардан астам жерге тұқым себілді. Ораққа 95 техника күші жұмылдырылады. Картоп түсімі де мол болатын сияқты. Өнімді сақтайтын қоймалар дайын тұр, – дейді серіктестік жетекшісі Георгий Прокоп.

Таяу уақытта шаруашылық 12 мың тонналық картоп қоймасының құрылысын аяқтамақ. Бұған дейін заманауи технологиямен жабдықталған 8 мың тонналық қойма қолданысқа берілген-ді. Абайлық диқандар да картоп жинауға кіріскен.

«Шанс» шаруа қожалығы науқан барысында еліміздегі жалғыз «Varitron» төртқатарлы комбайнды іске қосқан. Неміс комбайны тәулігіне 25 гектар жердің өнімін жинауға қауқарлы.

 – Биыл біз тұқым тазалайтын «Пектус» кешенін сатып алдық. Соның арқасында сапалы тұқымды іріктеп үлгердік. Қазір шаруашылықта диверсификация жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ, жем-шөп цехының құрылысын бастадық. Мал шаруашылығын екпінді дамытуға көңіл бөлудеміз, – дейді шаруашылық директоры Игорь Жабяк.

Шаруашылық басшыларымен кездескен Серік Шайдаров тиісті ақыл-кеңесін ортаға салып, билік тарапынан қолдау шаралары қарастырылатынын айтты.

 – Қазір егінді уақытында жинап алу міндеті алдымызда тұр. Бұл ретте бөлектеп егін жинау әдісін, десиканттарды пайдалану керек. Астықтың ылғалдылығы жоғары. Дән кептіру жабдықтарын әзірлеңіздер. Біз өз тарапымыздан бөлінетін арзан жанар-жағармайдың көлемін арттыру мәселесін бақылауға аламыз, – деді Серік Жаманқұлұлы.

Биыл облыс аумағында 826 мың гектарға дән егілді. Оның ішінде, 623,9 мың гектарға – бидай, 174,1 мың гектарға – арпа, 17,9 мың гектарға – сұлы, 10,1 мың гектарға – бұршақ тұқымдастар, 17,1 мың гектарға – майлы дақылдар, 9287 гектарға – картоп және 1442 гектарға көкөніс тұқымы сіңірілді.

Егін бітік шықты. Ауа райы жылы қабақ танытса, аймақ диқандары 900 мың тонна астық жинауды жоспарлап отыр. Былтырғы көрсеткіш – 813 мың тоннаны межелеген еді.

Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button