Басты тақырып

Қуатты компания

           Жезқазғандағы қуатты кен өңдеу кешенінде ірі екі фабрика (ірілеп, орташа және майдалап ұнтақтау мен бас корпусы — жеке-жеке, ал, қойылту-сүзу торабы мен өндірістік қалдық қоймасы — ортақ) бар. Біреуінің жылына — 8, ал, екіншісінің 13 миллион тонна кен өңдеуге жобалық қуаты жетеді.
Мұнда құрамындағы металдың минералы, физика-химиялық қасиеті мен флотациялау ерекшелігі бір-біріне ұқсамайтын, әртүрлі технологиялық талап пен реагенттік режимді қажет ететін төрт түрлі шикізат өңделеді. Олар: күкіртті, тотыққан және аралас кен, металлургиялық өндіріс қалдығы (шлак).
Жалпы компания құрамында қазір бес (Жезқазғанда — екеу, Сәтбаев, Балқаш және Қарағайлыда) байыту фабрикасы бар.

Кешенді кен өңдеу кешені

Жезқазғанда өндірілген кен бұрын Оралға жөнелтілген. Оны жергілікті жерде өңдеу мәселесі кейін, соғыстан соң көтерілді. 1947 жылы №1 байыту фабрикасының іргетасы қаланып, 1953 жылы желтоқсанда бірінші кезеңі қатарға қосылды. 22 желтоқсанда алғашқы кен керуенін қабылдады. Сөйтіп, құнарлы концентрат алу жолға қойылды. Балқаш бойы мен Орал өңіріне кен жөнелту тоқтатылды.
1963 жылы №2 байыту фабрикасы пайдалануға берілді. Әсіресе, профессор Мостович тапқан тәсілмен тотыққан кенді өңдейтін секция бұрын мүмкіндік болмаған шикізатты кәдеге жаратуға жол ашты. Ал, реагентпен өңдеу арқылы құм мен шлам түйіршігін жеке флотациялау мыс айыру мөлшерін арттырып, концентрат сапасын көтерді.
Кен байыту тәжірибесінде тұңғыш рет мыс құмдағын байыту технологиясының көптеген мәселесі оң шешім тапты. Қиыршық пен қойыртпақты жеке флотациялау тәсілі игерілді. Жабдықты жетілдіруге, жаңғырту мен тиімді техниканың жаңа үлгісін жасауға үнемі айырықша назар аударылды.
Мәселен, тиімділігі жоғары “КИД-1700”, “КИД-2200” ұнтақтағышы кезінде осында өндірістік сынақтан өткізіліп, кем-кетігі жетілдіріліп, сосын игерілді. Сол ізденістің негізінде Ресейде әлемдік аренада алдына қара салмай келе жатқан шетелдік ұнтақтағышпен бәсекеге түсе алатын инерциялық түрі өмірге келді.
Бұл байыту фабрикасы кезінде Қазақстан түсті металлургия өндірісінің қатты қалдығын пайдаланатын базалық кәсіпорынға айналды. Өндірістік қалдықты кешенді кәдеге жарату келешегі осы жерде дәйектелді. Өндірістік қалдықтың Ресурстар кадастры жасалды. Жезқазған мыс қорыту зауытының шлагын пайдалану сол кезде қолға алынды.
Кәсіпорын тарихында ұжым талай тығырыққа тіреліп, ілкімді ізденіс пен табандылықтың арқасында жол тауып отырды. Әсіресе, қайта құру кезеңінде және экономикалық тоқыраумен тұспа-тұс келген одан кейін де қиындыққа килікті. 1995 жылы кен өңдеу көлемі күрт кеміп, бар-жоғы 12,4 миллион тонна болды.
Қалыптасқан сондай күрделі жағдайға байланысты кәсіпорынның күйін жақсарту және өндіріс деңгейін бұрынғы қалпына келтіру міндеті күн тәртібіне өткір қойылғанда байытушылар сындарлы кезеңнен сәтті өтті. Үш жылдың о жақ, бұ жағында жобалық деңгейге жетті. Оған байытушы біліктілігі мен ұжым ұйымшылдығы игі ықпал етті.
Кенді көп өңдеп, маңызы шамалы шикізаттан құнарлы концентрат алу үшін тиімді технологиялық жүйені өндіріске енгізумен шектелмей, оны ұдайы жетілдіріп отырды. Тәулік бойы толассыз келетін кен керуенін кідіріссіз қабылдау мен технологиялық үдерісті үйлестіру, жабдық жұмысын бақылау басқарудың автоматтандырылған жүйесі арқылы жүзеге асты.
Қарап отырсақ, фабрика қатарға қосылған күннен бастап байытушылар кен өңдеу мен металл қалқудың тиімді тәсілін табуда тынымсыз тер төгуде екенін көреміз. Дағдарыс діңкелеткен қазіргі күрделі кезеңде де ұжым сыр бермей келеді.

Берекеге бетбұрыс

Ендігі әңгіме мысты өңірде шоғырланған кен құрамы, оны кешенді өңдеп, негізгі өнімнен басқа қорғасын мен мырыш концентратын алу мәселесі күн тәртібіне қойылғанда дүниеге келген №3 Сәтбаев байыту фабрикасы туралы. Оның іргетасы қаланғаннан, қалай қатарға қосылғанға дейінгі кезең күні кешегідей көз алдымда…
Апта сайын болмаса да, араға ай аралатпай құрылыс алаңына ат басын тіреп тұрдық. Сосын кеншілер қаласының оңтүстік қапталындағы өндірістік алаңда кереге жайып келе жатқан кәсіпорын, ондағы құрыш қолды құрылысшының қарқынды қимылы жөнінде жапатармағай жарыса жаздық.
Байыту фабрикасының қазығы тура осы тұсқа неге қағылғанын да білдік: өйткені, келешекте оның технологиясына арналған шикізат өндіретін кеніш іргесінде еді, екіншіден, оның өндірістік қалдығын кені алынған кеңістікті толтыруға пайдалану көзделді. Маңызды нысанды облыстық партия комитеті жіті назарда ұстады.
Тұсаукесер салтанаты да есімде…
Кәсіпқой әуестікпен жаңа кәсіпорынның өзіндік ерекшелігі жөнінде жалқы сауал қойғаным жадымда. Сонда: “Технологиясы негізінен қорғасын мен мырыш концентратын алуға арналған. Бұл фабрика жуырда қатарға қосылатын “Анненск” кенішінің құрамы күрделі кенін кешенді өңдейтін болады” деген жауап алған едім.
Бірақ, тура сол сәтте “Анненскіні” пайдалануға берудің “жыры” ұзын-ырғасы жиырма жылға жалғасатыны, қаржы қыспағының құрсауынан бұрын атын естімеген “Самсунг” фирмасы құтқаратыны ешкімнің ойына да оралмаған. Бастапқыда бұл байыту фабрикасы мен “Анненск” кеніші бірегей кешен ретінде қарастырылған сол жобаны жүзеге асыру сәті тым ұзап кеткен.
Алайда, сәтбаевтық байытушылар компания басшылығы жүктеген міндетті мінсіз орындады, күрделі өндірістік мәселені шешуге қаншалықты қабілетті екенін іспен көрсетті. Шикізат өңдеу тарихында құрамы күрделі кеннен металл қалқудың қалдықсыз технологиясы тұңғыш осында өндіріске жолдама алды.
Сынақ алаңына айналған онда талай толымды тәжірибе қалыптасты. Мәселен, жетілдірілген жаңа технологиямен 1987 жылы алынған мырыш концентратына тең келетін балама әлемдік тәжірибеде жоқ екенін айтсақ та жеткілікті. Егер құнарлы концентрат болмаса, сапалы түпкі өнім алынбайтыны металлургия маңайында жүрген кез келген адамға мәлім.
Уақыт орнында тұрмайды. Онымен бірге өмір де, өндіріс те өзгереді. Турасы — жетілу жағына қарай оң өзгеріс жасалады. Сондай кезекті сәтті қазір №3 Сәтбаев байыту фабрикасы бастан өткеруде. Жөндеу жұмысын жүргізу және ескірген негізгі технологиялық жабдықты ішінара жаңғырту мақсатында кәсіпорынның үш корпусы толық тоқтатылған.
Түйіндеп айтсақ, бірнеше ұнтақтау қондырғысы, флотомашина, диірмен, тағы басқа жабдық жөнделеді және айырбасталады. Сөйтіп, кәсіпорынның “екінші тынысы” ашылады. Жаңартылған жабдықпен “Жыланды” жүлгесінің кенін өңдеуге кірісетін сәт те алыс емес…
(Жалғасы. Басы №№39, 40, 41 сандарда).

Әлібек Әбдіраш.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button