Тамсандырған театр мерекесі

Облыс әкімдігі, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен металлургтер мекенінде қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, көрнекті режиссер Жанат Хаджиев атындағы ІІІ халықаралық театрлар фестивалі өтті. Фестиваль көрнекті режиссердің туғанына 70 жыл толуына арналды.

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрына жиналған қалың көрерменді Нұр-Сұлтан Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай мен Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова құттықтап, актерлер қауымына табыс тіледі.

Жанат Хаджиев – Мәскеудегі М.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесінің 1972 жылғы түлегі, С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының негізін қалаушының бірі. 1980 жылы Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітіріп, туған театрына қайта оралғасын бас режиссер, көркемдік жетекші болған ол Серке театрының биік белеске көтерілуіне бойындағы таланты мен күш-жігерін жұмсады. Талай спектакльді режиссерлік тың шешіммен сахнаға шығарды. Республикалық театрлар фестивалінде бірнеше мәрте Бас жүлдені иеленді. Тума талант 2017 жылы сәуірде дүниеден озды.

Фестиваль сахнасы Қазақстанның Халық артисі Досжан Жанботаевтың жан тебірентер монологымен ашылып, Серке театрының актерлері кезінде Жанат Хаджиев сахналаған М.Әуезовтің «Қарагөз», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектаклінен шағын үзінділер ұсынды. Соның өзіне «теңіздің дәмі тамшысынан білінгендей» тамсандық.

Бес күнге созылған театр мерекесінде жезқазғандықтар мен қонақтар Г.Горинның «Ұмытыңдар оны» (Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры), Б.Мұқаевтың «Сергелдең болған серілер» (Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры), Ж.Ануйдың «Сфорцандо» (У.Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театры, Қырғызстан), Иран-Ғайыптың «Адасқан бақ құсы» (Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық-драма театры), Ш.Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» («Турон» мемлекеттік әскери театры, Өзбекстан), Х.Мюллердің «Филоктет-Медея» (Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театры), А.Фирдоусидің «Знамя Ковы» (М.Вахидов атындағы мемлекеттік жастар театры, Тәжікстан), Ш.Айтматовтың «Шыңғысханның ақ бұлты» (С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры) спектаклін тамашалады.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай бастаған қазылар алқасының мүшелері – Уфа мемлекеттік өнер институты тарих және өнер теориясы кафедрасының доценті Айсұлу Сағитова, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы өнертану факультетінің деканы, өнертану кандидаты Меруерт Жақсылықова, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты театртану және кино бөлімнің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан, М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының суретшісі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мұрат Сапаров драма додасының дарабозын анықтады.

Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері – Мақсат Рахмет – «Үміт», Сағызбай Қарабалин – «Екінші пландағы үздік ер адам ролі», С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Теміржан Жанботаев – «Үздік режиссура», «Турон» мемлекеттік әскери театры – «Үздік музыкалық спектакль», У.Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театры – «Үздік актерлік ансамбль», осы театр актрисасы Жайнагүл Әбдусаламқызы «Екінші пландағы үздік әйел адам ролі» аталымында топ жарды. «Қазылар алқасының арнаулы жүлдесі» Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрына берілді. «Жанат Хаджиев атындағы үздік спектакль» жүлдесі М.Вахидов атындағы мемлекеттік жастар театрына бұйырды.

Жезқазған «Театр Меккесі» деген мәртебелі атауын тағы бір дәлелдеді. Бір жұманың әр сәті әдемі әсер сыйлады. Театртанушы М.Жақсылықова жас актерлер мен студенттерге «Ж.Хаджиевтің қазақ театры өнерін дамытуға тигізген ықпалы» деген тақырыпта шеберлік сағатын өткізді. Қонақтар қолы қалт еткенде «Дидар» телеарнасында баспасөз мәслихатын өткізіп, қала музейлеріне саяхат жасады.

Әлібек ӘБДІРАШ,

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.