Түрі – басқа, тілегі – бір

Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында татулық пен достықты ту еткен адамдар һақында сөз етудің әбестігі жоқ болар. Өткен ғасырдың қанды-қасап кезеңіне айналған саяси қуғын-сүргін жылдары ата қонысынан аластатылған ұлттар аз емес. Сөйткен ұрпақтың бірі – Зара Магомедовна ЦАГАЕВА.

1995 жылдың наурыз айында дүние жүзіне үлгі болып, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықтың нышаны – Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылса, міне, ынтымағы мен бірлігі жарасқан елімізде бүгінде жүзден астам ұлт өкілдері бір шаңырақ астында берекелі өмір сүріп жатыр.
Өткенге көз жүгіртсек, ел тарихында қалған қиын да қасіретті жылдарда, соғыс кездерінде жетім, жесір қалған талай ұлт өкілдерінің балаларын қазақ халқы бауырына басып, жарым көңіл жандарға құшағын жая білді. Міне, сол бір дәуірлерден бері Қазақстанды туған еліндей көріп кеткен көптеген ұлттар тату-тәтті бейбіт күн кешуде. Жоғарыда аты аталған Қарқаралы қаласының тұрғыны, шешен ұлтының өкілі Зара Цагаеваны осы сөзіміздің дәлелі деуге болады.
Зара Магомедовнаның марқұм әке-шешесі өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін, зобалаң жылдары Кавказдан Қазақстанға жер аударылады. Отбасы алдымен, ат басын Жамбыл облысының Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылына тірейді. Сол жерде жергілікті қазақ халқымен етене араласып, ел қатарлы жұмыс жасап, өмірге 3 ұл және 6 қыз әкеледі. Уақыт өте, Қарқаралыға қоныс аударады. Кейіннен, кейіпкеріміздің ата-анасы ақталып, туған еліне оралады. Дегенмен, ол кезде ұлдары ержетіп, қыздары бойжеткен болатын. Алды отбасын құрып та үлгерген. Сол тоғыз баланың бірі де осы – Зара Цагаева.
Кейіпкеріміз Кеңес үкіметі кезінен жекешелендіру дәуірі басталғанға дейін өмірлік жолдасы В.Усмаиев екеуі қазіргі Қарқаралы ауданына қарасты Еңбек, Егіндібұлақ, М.Мамыраев совхоздарында қойшы болып еңбек етеді. Тату-тәтті ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар 5 баланы өмірге әкеледі. Балаларының барлығы қазақ мектебінде оқып, тәлім-тәрбие алады. Бүгінде қарапайым ғана күн кешіп жатқан шешен ұлтының отбасы үбірлі-шүбірлі әулетке айналған жайы бар. Зара Магомедовна болса, балаларының тілеуін тілеген асыл ана, немерелерінің қамқоршысы болып отырған аяулы әже.
– Бауырмал қазақ халқына деген ризашылығым шексіз. Еш уақытта “сен шешенсің” деп бөліп-жарған емес. Мен аналық жүрегіммен қазақ ұлтына тек алғыс айтамын. 1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі мерекесі құтты болсын! Бір тудың, бір шаңырақтың астында бір үйдің балаларындай ғұмыр кешіп жатқан барша қазақстандықтардың достығы мен сыйластығы, берекесі мен бірлігі мәңгі жасасын, – дейді Зара Цагаева.

Д.ЫДЫРЫСОВ.
ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *