Соғыс балалары немесе әкеге сағыныш

Сұм соғыстың жалмағаны аз ба еді?! Дүниеге кіршіксіз, тап-таза көзімен қарап, алаңсыз өмір кешетін балалықтың да есесі кеткен онда. Тал түске дейін ұйықтап, қарны тойған соң асыр салып жүгіргеннің орнына, белі бүгіліп масақ теріп, ер-азаматтың ауыр жүгін арқалаған балалар да Жеңіс күнін асыға күтті. Жеңіспен бірге әкесі, ағасы келетінін бала жүрегімен түйсініп, олармен бірге балалық шақтың да қайта ораларын білгендей.

Әкем Алпысбай Махамбетшеұлы, сол кезде 13-14 жастағы бала. Соғыс басталғалы балалыққа «қош» деп, қол бұлғап, қара жұмыстың қамытын киіп, жасына тән емес жауапкершілік алғандардың бірі. Ауылдан 10-12 шақырым өзіндей балаларға, қарт әжелерге, балаларын арқалаған әйелдерге басшылық етіп, егін еккен.

«Ол кезде ауылда ер адам болған жоқ. Бәрі соғыста. Ауылда қалған кәрі-құртаң, бала-шаға таң бозынан егінге бет алатынбыз. Табанымыз тілімтілім, шаң-тозаң, күндікке ас көрмеген қарнымыз шұрылдап, кеш бата көнімізді сүйретіп ауылға оралатынбыз» деп есіне алатын еді өзі сол кезді. Еңбекпен шыңдалған әкем Алпысбай қайратты әрі еңбекке төзімді болды. Ауыр еңбек соғыс балаларының жігерін жасытпады, қайта жани түсті. Жеңістің құны қымбат болуы да сондықтан.

Ал, жауды жеңген күнгі қуанышын айтқанда көзіндегі жарқылдан оның осы бейбіт күнді қаншалықты қадір тұтатыны көрінетін. «Жеңіс күні ауа райы сондай тамаша, ыстық болды. Жалаң аяқ жүгіріп, ауыл сыртында өсіп тұрған көк шөптің үстіне жата кеттім. Сол күнгі қуанышты сәт есімде сақталып қалды» – деп бізге болған оқиғаларын айтып беріп отыратын.

Әкем марқұм өте зерек, тарихты жақсы білетін еді. Ауыл адамдары ол кісіден мағлұмат алып отыратын. 1945-1947 жылдары Алматы зооветтехникумын аяқтап, Шет ауданында ауыл шаруашылық мекемесінде еңбек жолын бастады. 1965-1972 ж.ж. ауыл бөлімшелерінде басшы болды. 1972-1984 жылдары аудандық мемлекеттік сақтандыру мекемесінде басшы болып сол жерден зейнетке шықты.

Тыл ардагерінен бөлек, еңбек ардагері бірнеше медальдар мен марапаттауларға ие болды. Аудан энциклопедиясында да әкем туралы біраз жазбалар бар.

Әлі есімде, әкем бізді, балаларын ертіп, туған жері Наршөкен, Қотыр-Қызылтау бөктерін аралап, табиғатты тамашалап қайтатынбыз. Жоғарыдағы әңгімелерін де сол кезде естіп, арқа-жарқа болатынбыз.

Анам – Захан Әбішқызы да Ұлы Отан соғысының тыл ардагері. Жастайынан шешесіне бидай масақтарын терісіп, таңның атқаны мен кештің батқанын білмей қалатын едік деп отыратын. Екеуі өмірге 8 бала әкеліп, өсіріп-жеткізді. Ұрпақтары қазір өз алдына бір ел болған.

Дегенмен, әкем 86, анамыз 82 жасында өмірден өтсе де, көңілдегі сағыныш басылмайды екен. Перзенттің перзенттігі де осында. Қанша жасқа келсе де ата мен анаға деген балалық ешқашан таусылмайды. Өмірдегі тірегіміз бен жанымыздың шуағы болған әкеміз Алпысбай мен анамыз Заханның мейірімінде шек жоқ еді.

Өмір тоқтаусыз сырғып жатыр. Әкем мен анам айтқан естеліктер жадымызда. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы мерекесінде осы жазбам арқылы соғыс балаларының алдында құрметпен тағы бір басымды игім келеді. Жоғалған балалық шағы үшін, ауыр еңбекке жасымай, қасқайып қарсы тұра алғаны үшін, Жеңісті жақындату үшін оқпен емес, терген әр масағындағы бидай түйірі үшін алғысым шексіз!

Гүлшара АЛПЫСБАЙҚЫЗЫ,

қызы.