Шортанбай жырау. Қондыгерге хат

Байлар ұрлық қылады,
Көзіне малы көрінбей,
Билер жейді параны,
Сақтап қойған сүріндей.

Заманың сенің құбылды
Текеметтің түріндей.
Ойлағаны жамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Жеті жұрт кеткен
қожадан,
Сен тұрмайсың бүлінбей.
Қазақ ұлы жиылып,
Құдайыңа сыйынып,
Қондыгерге хат жазып,
Кешіктірмей дат жазып,
Өлместің де қамын қыл,
Басың сотқа ілінбей.

***

Мына заман қай заман?
Азулығы бар заман,
Азусызға тар заман.
Тарлығының белгісі:
Жақсы — жаннан түңілген,
Жаман — малдан түңілген,
Мұның өзі — зар заман.
Зарлығының белгісі:
Бір-бірлерін күндеген,
Жай-жайына жүрмеген,
Мұның өзі — тар заман.
Тарлығының белгісі:
Мұсылманнан хал кетті,
Тәңірім болғай деместен.
Анты жұқпас бойына,
Әр не түсер ойына,
Жалмаузы болды үлкенің,
Қазақ, сенің сорыңа.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.