Әдебиет

Үш терек

Қараағашта,
Үш теректің тұсынан
Өтіп бара жатқан едік үш ұлан.
Үшеуміз де жалт қарадық
бір сәтте,
Белгі алғандай көңілдің
ақ құсынан.

Сырға қанық достар үнсіз
түсіндік,
Бір бәкіні кезек-кезек ұсындық.
Өрнектедік есімдерін үш қыздың,
Содан кейін… қызараңдап,
қысылдық.

Қия алмадық пәк сезімді
ластауға,
Уәделестік ешкімге сыр ашпауға.
Уәделестік оралуға жұптасып
Бала сезім таңбаланған
бастауға.

Алақанға алақанды қостық та,
Ант берістік мәңгі айрылмас
достыққа.
Тілек етті үш теректен
үш жүрек:
«Сен де бізге тілегіңді қос,
құпта!».

Құптағандай үш жүректің
арманын,
Сезінгендей сезімдер бүр
жарғанын,
Сыбдыр-сыбдыр сыбырласты
үш терек…
Үш ұлан тұр баса алмастан
қарға адым…

…Жылдар өтіп, өзім ғана
келіппін…
Неге келдім? Үш теректен
не күттім?..
Сумаң-сумаң соғып өтті
суық жел,
Қырлауыттан қылтияды
зеңіп күн.

Сездіргісі келгендей-ақ күз лебін,
Сұп-суық жел сұққылады
бізгегін.
Жылу күте, үміттене
жаутаңдап,
Жанарыммен жазуларды іздедім.

Жазулар жоқ..,
бұдыр-бұдыр із қапты,
Жүрегімді ап-ащы мұң
сыздатты.
Сол мезетте дір еттім
жас баладай
Жалаңаяқ басып алған
мұздақты.

Жалт қарадым, айналамнан
дос іздеп,
Үміттендім қосылардай
қос із кеп.
Содан кейін… қысылайын..,
әлдекім
Айтардай-ақ: «Не істеп тұрсыз,
о, Сіз?!.» – деп.

Бұдыр-бұдыр ізге қарап,
мұң бақтым,
Жанымда жоқ екі дос –
ең қымбаттым.
Жүрегімді тырнап-тырнап
өткендей,
Бұдыр іздер сырын іздеп
жұмбақтың…

Үш теректен кетсем де алыс
шығандай,
Арпалысам өзімді өзім ұға алмай:
Бала сезім булығатын сияқты
Бұдыр-бұдыр қабықтардан
шыға алмай…

Кенжебай АХМЕТОВ

Басқа материалдар

Back to top button