ӘдебиетРуханият

Өнер мен өнеге

Кітап былтыр шыққан. Алматыдағы «Үш Қиян» баспасынан. «Елеулі есімдер» сериясымен. «Қосылған қос өзен…» деп айдарлапты, авторы – Кеңес ЖҰМАБЕКОВ. Кейіпкерлері – Бижамал Далабайқызы мен Қайрат Кемаловтар. Берісі – Қарағанды, Арқа даласын, әрісі – Қазақ даласын, тіпті, әлем сахналарында қазақ өнерін ту етіп, рухтың туын желбіретуші жампоздар. Үшеуі де. «Рухани жаңғыру» аясында деп әңгіме қозғаудың өзі артық мұндайда.

Ал, енді жазып көр. Автор – анау: Мемлекеттік сыйлықтың иегері, атақты әртіс, Оралдың ақиығы Кеңес аға. Кейіпкерлер – мынау: өнердің жілігін шағып, майын ішкен біртуар Кемаловтар, театрда Отелло мен Абайды қоса сомдаған болса, кинода Керей хан боп шыға келген Қайрат аға, оның жары – кешегі ұлт аналарының кейпіне енген Бижамал апай. Бірінен бірі өтеді. Қасиетті, қастерлі өнердің арқасында табандары тимеген жер бар ма және. Қос өзен десе, қос өзен. Өзен деген тоқтаусыз. Үнемі ағады да жатады. Аққан сайын тазарады. Аққан сайын тазартады айналасын. Аққан суға қарап ұзақ отырсаң, жаның тазарады дейтін сөздің түбінде шындық бар. Өнер адамдары да өзенге ұқсас білгенге. Шығармашылық биікке көтерілген сайын шыңдалады, жаңаша түлейді. Жаңа қырынан танылған сайын көрерменін де, оқырманын да рухани түлетеді. Осы тұрғыдан алғанда, тақырыпты тауып қойған автор.

Кітаптың өн бойы да солай. Ағысына ілестіріп ала жөнеледі. Әңгіме өзеннен басталды ғой. Бұл атауы болғанда, ішкі мазмұнында өзен жолмен алмастырылады. Автор Қарағанды қаласынан, жоқ Арқаның даласынан дейікші, алтын жіптіктің ұшын шығарып алады да, сахнада шыңдалған жұп ғұмыр, қос өзеннің қызығы мен қуанышын, өнердегі биігі мен күйігін соның бойына өріп шығады. Қарағандыдан туған ауылы Ақтүбекке көлікпен аттанған Қайрат аға мен Бижамал апай. Жол үстінде өткен өмір жолының небір кездері түйсік түртіп, көлеңкесі көкейге түспей ме? Көркем образ да, деректі баян да, замандастың пікірі мен әріптестің айтқан лебізі де осы жол үстіндегі баянда. Қайрат ағаның қой баққан балалығынан бастап Қарағандыдағы №2 мектепке қалай оқуға барғаны, Мақпал Жүнісовамен қатар оқып, өнер көрсеткені, ондағы ұлағатты ұстаздар, автордың өзінің себепкерлігімен Алматыға консерваторияға аттанғаны, Бижамал апа екеуінің үлкен сахнадағы жолдары – бәрі-бәрі әдемі қиюласып, оқырманды жетелеп отырады. Жол үстінде құстай ұшқан көлік те тоқтамайды. Қос саңлақтың басынан өткен оқиғалар тізбегі мен зымыраған көлік параллель алынған. Бижамал апаның Баянауылдан Қарағандыға келуі, одан Алматыдан өнер институтын бітіріп, Арқа даласында қайта қанат қағуы – бәрі-бәрі қақас қалмаған.

Кітап қос өнер иесінің өмір жолының баяны ғана десеңіз, қателесесіз, әрине. Өмірлері өнерге, сахнаға айналып кеткен екі бірдей тұлғаның өнері, кәсіби шеберлігін арқау етумен де шектелмеген. Осы екі тұлға өнерінің қыр-сырына тоқтала отырып, Қарағандыдағы С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрының шығармашылық белестеріне көз жүгіртуге болады. «Қайрат Кемалов – депті белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай – Отелло, Қобыланды, Король Лир, Макбет, Абай сынды классикалық күрделі кейіпкерлерге сұранып тұрған тұлғалы актер. Сырлы сөздері, түр-тұлғасы, сахна үшін жаратылған Қайрат Кемаловтар мен оның тұстастары тек Сәкен Сейфуллин театрының ғана емес, бүкіл қазақ театр өнерінің айтулы мақтаныштары». Бұл – баға, атақты Әшірбек Сығай берген үлкен баға.

Жалпы, қазір Қарағанды былай тұрсын, Қазақстан көлеміне Қайрат Кемалов есімін таныстырып жату артық деп білеміз. Сахна саңлағы қазақ кино өнерінде Керей ханның кейпіне енгелі ол екібастан. Театрда сәл үзіліс жасай тұрып, кино әлеміне кіре сала алғаш сомдағаны Керей ханның рөлі болса оның үстіне. Ал, Бижамал апайды сахнадан көрген адам аты аңызға көшкен К.Станиславскидің «актер сахнада ойнамау керек, өмір сүруі қажет» дегенін байыптар еді. Әртіс бойынан табылуы тиіс осы қасиетке ие ол кісінің сахнадағы шеберлігі кітаптың да арқауы. Өмірлері өнермен бітісіп кеткен қос тұлғаға жеке-жеке де, тұтас образдық бейне ретінде де қарауға болатынын байқаймыз. «Ғ.Гориннің «атың шықпаса…», Шекспирдің «Юлий Цезарь», М.Ахунзаденің «Мусье Жордан», Т.Джюдженоғлының «Көшкін», А.Грибоедовтың «Ақылдың азабы» сынды әр алуан драмалық шығармаларда заманына сай кейіпкерлер етіп сомдауда Қайрат пен Бижамалдың еңбектері ерен. Әр кейіпкерді автордың айтар ойын өз шеберліктерімен көмкеріп, биік дәрежеде сомдап келеді. Әсіресе, М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклінде өмір сүрген замандары әр ғасырдағы сан алуан ұлттың небір кейіпкерлерін кезеңіне сай етіп, дәл автордың жазғанын келістіре сомдау үлкен талант пен шеберлікті, білімді талап етері сөзсіз. Ш.Уәлихановтың «Ағнұр» драмасындағы ерлі-зайыпты шал Сәт пен өзінікі болмаса басқаның сөзі де, өзі де ұнамайтын тәкаппар Жұпар кемпір образдары жүрекке жылылық ұялататын отбасылық кейіпкерлер болып сомдалса, Ш.Мұртазаның «Домалақ ана» драмасындағы тарихи тұлғалар – Бәйдібек би мен әйелі Зеріп нағыз классикалық дәрежеге жеткен, көркем сомдалған образдар болып театр тарихында жазылып қалды. Тек қазақстандық көрермендер ғана емес, Түркия, Беларуссия елдерінің сыншылары мен көрермендері «Домалақ ана» спектаклін өте жақсы қабылдап, фестивальдерде жоғары бағалады. «Нағыз Шекспир кейіпкерлерін ойнайтын актерлер екен» деуі – шын мәнінде театр актерлеріне берілген жоғары баға екені даусыз.

Бижамалдың Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуі» комедиясындағы Биғанымын көргенде, ұлттық сахна өнерінің хас шебері, КСРО Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Майқанованы сағынышпен еске түсіреді. Бір ғажабы – Сәбира апамыздың сол спектакльдегі ойынын Бижамал көрген емес» деп бір түйеді.

Екі әртістің де кәсіби шеберлігін жеріне жеткізе дәріптеген мұндай үзінділерді көптеп келтіруге болады кітаптан. Бір ғажабы, автор бұл кісілермен етене, қоян-қолтық қызмет еткен соң, барлық қырларын бүге-шігесіне шейін жіліктеп жазғаны менмұндалайды. Ал, кітаптағы театр, өнер, ондағы бұл кісілердің кәсіби шеберлігі хақында айтқан ірі тұлғалардың пікірі әртіс болам деген жас талаптардың қай-қайсына болсын өнеге. Біз солардың арасынан атақты Асқар Тоқпановтың Ақан рөлін ойнаған Қайрат Кемаловқа берген бағасымен мақаламызды тиянақтамақпыз. «Ақанның көп Ақаннан ілгері, әсіресе, сөз сөйлеу мәнері ерекше екен. Сөзінің анықтығы былай тұрсын, жүрегімен сезініп, бірде таудан құлаған өзендей, енді бірде қайнар бұлақтай сылдырлап, ал, Ақтоқтыны суреттеген тұсында айдын бетінде дірілдеген толқындай әсерлі» депті.

«Теңіздің дәмі – тамшысында» болса, кітап – осы, ағайын. Сөз тәмам.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button