Шәшті ана

   Қаракесектің Баты шордан тарайтын ұрпақтарының бір бұтағы Шәшті деп аталады. Ел аузындағы аңыз әңгімелерді жинақтай жүріп, бір ауылдың тарихи деректерін «Кент баурайында» деген атпен шығарылған кітапқа жинақтаған едім. Енді осыдан 250 жылдай бұрынғы оқиғаны Өмірбай ақсақалдың әңгімесі арқылы жалғастырайық.

Оқиға Қаракесек елі Сыр бойынан Сарыарқаға көшіп келгеннен кейінгі жылдарда болса керек. Бір жылдары Бөтей баласы Баты шордың жылқысына барымташылар шауып, бірталай жылқыларын қуып кетеді. Баты жанына жүз қаралы жігіт жинап, ұрылардың соңына түседі. Із кесе отырып, қуғыншылар Ұлытау жаққа барады. Баты ұрылардың жеткен жерлері осы маң екенін білгеннен кейін жігіттерін тоқтатып, алдын ала жаушы шаптырып: «Айыбымен жылқымызды қайтарсын! Әйтпесе, тұратын жерін айтсын! Жылқыны қайтармаса, елін шауып, малдарын қуып кетемін!» деген хабар жібереді. Бір жігітті қарауылға қояды да, өздері бір биені сойып тамақтанып, сырттан хабар күтеді. Бір уақытта, «Келе жатыр» деген хабар келеді. Баты сауыт- сайманын киіп, жігіттерді ертіп келсе, анадай жерден басында дулығасы, үстінде сауыты бар бір батыр атын ойнақтатып шыға келеді. Баты, «мені жекпе-жекке шақырып тұр екен ғой» деген оймен қолына сойылын алып, жаңағы батырға қарсы шабады. Екі батыр кездесіп, бірінші сойылмен қағысады. Батының бір соққысы жаңағы батырдың ертоқымының қасына тигенде ердің қасы екіге бөлініп қирап кетіп, айшығы аспанға ұшқан екен. Баты осы соққысынан кейін аттың бауырына түсіп жасырынып, іле-шала қайта көтеріліп қылыш сермегенде, қылыш еңкейіп қалған батырдың басындағы дулығасына тиіп, дулыға ұшып түседі. Осы кезде дулығаның астынан ұзын қолаң шаш шұбатылып түскен екен. Өзімен бағанадан бері сойылдасып жүрген батырдың әйел заты екенін көріп, оның осыншама ерлігіне сүйсініп, атынан түсіп қыздың жанына келеді. Бұл Ұлытаудағы үйсіннің ішіндегі қаңлыдан тарайтын Бейтымақ деген байдың Дәметкен атты жалғыз қызы екен. Сөйлесе келе, малды ұрлаған бұлар емес екенін, келген жаушының «Тұратын жерін айтсын» дегенге «мыналар, ұлы жоқ деп, менің әкемді басынғандары ма?» деген намыспен, қыздың қарсы шыққанын біледі. Екеуінің сөздері жарасып, келесі жылы құда түсіп келуге келісіп, кері қайтады. Келесі жылы жаз шыға жанына алты ақсақал алып, бірнеше түйеге кілем жауып, бір атқа шапан жауып керуендетіп құдалыққа келеді де, қызды алып қайтады.

Батының әкесі Бөтей баласының ауылына барып, жаңа түскен келіннің іс-әрекетін байқап, қолынан шай ішіп қайтпақшы болады. Келсе, Батының ауылы жаңа қонысқа қонып жатыр екен. Елдің бәрі шаруамен жүргеннен кейін ешкімді жұмсамай атасына шай қойып берейін десе, самаурынға құятын су болмай қалады. Бір шелекті ала салып, су алуға барса, тереңдеу қазылған құдықтағы суға қолы жете қоймапты. Дәмелі атанған жас келін беліне байлап, жүретін ұзын шәшінің байламын шешіп, бұрымының ұшына шелекті байлап құдықтан су алған екен. Шай дайын болғанда бір баланы атасына жүгіртіп жіберіп, шайға шақырады. Келінінің бар шаруасын бақылап отырған Бөтей шай ішіп болғаннан кейін: «Сенен тараған ұрпақтың руы Шәшті деп аталсын», – деп бата берген екен. Дәмеліден туған Тұрсынбай, Құрманбай, Намаз ұрпақтары «Шәшті руы» аталып бір рулы ел болған. Дәмелі анамыз тұрмыстағы өмірінде Кенжалдың кейінгі жинаған дерегіне қарағанда, бірінші рет үлкен ұлы Тұсынбай туғаннан кейін, екінші рет тұңғыш немересі Тұрсынбай баласы Райымберлі үйленгеннен кейін еліне төркіндеп барған екен. Ол кездегі дәстүр бойынша қыз баласы осындай аталы кезеңдерден кейін ғана төркіндеп баруға рұқсат етілген екен. Осы екінші рет барғанында ауырып қайтыс болады. Күннің ыстық, жердің шалғайлығынан Дәмелі анамызды сол жақта жерлейді де, денесі жатқан жерді «Шәшті басы» деп атады дейді.

«Кент баурайында» атты кітаптан осы деректі оқыған Теміртау қаласындағы колледжде мұғалім болып істейтін менің балам Серік мұражай қызметкерлері арқылы Шәшті анамыздың жатқан жерін іздестіре бастайды. Жаңаарқада өткен облыстық мұражай қызметкерлерінің жиынына қатысып, елден сұрастыра келе, бір білсе сол кісі білуі мүмкін дегендей бұрын Жезқазған облыстық мұражайында директор болып істеген Кенжал есімді азаматтың телефонын береді. Телефон арқылы хабарласып, жөн сұрасқаннан кейін Кенжекең іздеп көмектесуге келісім береді. 2016 жылы қараша айында Кенжал телефон арқылы бір деректің табылғанын, жолдың алыс екенін, мүмкіндік болса, келіп қайтуын сұрайды. 2016 жылы қыс ерте түсті де, оған мүмкіндік болмай қалды. 2017 жылы жаз шыға Дәмелі анамыздың басына барып қайтуға ниеттеніп, сегіз адам екі көлікпен жолға шықтық. Олар: Сәбит, Құмар, Серік, Саян, Манарбек, Берен, Мұратбек, Нұржан. Кенжал бұл кезде Алматыда жүр екен, ол кісі де елге қайтуға келісім берді. 28 маусым күні Қарағандыдан Ұлытауды бетке алдық. Кенжал бауырымыздың үйіне келдік. Кенжекеңнің бәйбішесі Күлизаттың дастарқанынан шамалы ауқаттанып, қайтадан жолға шықтық. Бағытымыз – Ұлытау ауданының «Борсеңгір» ауылы. Ауыл Жезқазғаннан 100 шақырымдай екен. Бұл жақта да, біздің Қарқаралы төңірегіндегідей жолдардың тозығы жетіп тұр екен. Жаңаарқадан Ұлытау ауданының шекарасына өткеннен кейін, жердің реңкі бірден өзгеріп сала берді. Жазық дала.

Сағат төртте Борсеңгір ауылындағы Сейітжан ақсақалдың үйіне келіп, ат басын тіредік. Ұзын бойлы, жүзі жылы, шоқша сақалды жетпісті еңсеріп тастаған Сейітжан ағаның жүріс-тұрысы ширақ екен. Амандықтан кейін Секең: «Ой бауырлар! Мен сендердің үш жүз жылға таяу уақыт өтсе де аналарыңыздың жатқан жерін сұрастыра жүріп, іздеп келгендеріңізге қуаныштымын! Шәшті моласы бұл ауылға аса қашық емес, жиырма шақырымдай ғана жерде. Ертеректе өзеннен арғы қабаққа өтетін өткел салынған екен. Ол «Шәшті өткелі» деп аталыпты. Өткел шайылып кеткен. Биыл Сарысу өткел бермей тұр. Сондықтан елу шақырымдай жер жүріп, «Сарысу» ауылына барып, одан өзеннің арғы қабағына өткеннен кейін қайтадан кері айналып баруға тура келеді. Бүгін сіздерге арнап қонақасы беремін, кешке осында боламыз»,– деді. Шәшті анамыздың басына барып қонып қайтамыз деп келген біздердің жоспарымыз өзгерді. Ол кісілердің үлкен азаматтық жасап, жастары келсе де, үйдегі жұмыстарын тастап, бізге бейітті тауып беруге жас жігіттердей жүгіріп көмектесіп жүргеніне разы болғандықтан, «біз былай істейміз» деп айта алмадық. Сейітжан аға, Өкірек найманның ішінде атақты Кәдірбидің тікелей ұрпағы екен. Сонымен, он төрт сағат жүріп бір рулы елдің анасы – Дәмелі анамыздың басына келдік. Бейіт кезінде күмбездеп салынған екен. Уақыт өте келе күмбезі ішіне құлағанымен астыңғы төрт қабырғасы бір метрдей биіктікте әлі де берік екені байқалады. Әкелген тамағымызды, шай, шелпегіміді салып дастарқан жайып, анамыздың рухына бағыштап құран оқыдық. Қайтадан кері қайтып, түнгі сағат он екіде Борсеңгірге келдік. Ертеңіне таңғы жетіде Кенжал мен Сейтекеңе алғыс айтып, елге қайттық. Біздің мақсатымыз – Дәмелі анамыздың жатқан жерін көріп, жалпы жағдаймен танысып қайту болатын. Кенжекеңнің айтуы бойынша, бұл бейіт баяғы «Жібек жолының» жанында орналасқан. Қазақстан үкіметі Қытай елімен бірігіп, «Ұлы Жібек жолын» салуды қайтадан қолға алды. Бұл жақтағылар бейіт тұрған жерді «Шәшті моласы» деп атайды екен. Ертеде осымен жапсарлас Түркістан мен Ұлытауды жалғастыратын «Хан жолы» атанған жол болған. Кейіннен хандық жойылғаннан кейін бұл жолдың бір бөлігі «Шәшті жолы» деп аталыпты. Кенжекең біраз күннен кейін арнайы экспедиция шығарып, осы жолдың бойымен ерте кезде үлкен қала болған Өлке деген жерге дейін барып қайтатынын айтты. Ол жақта бүгінде жасы тоқсаннан асқан бір абыз ақсақал бар екен. Алла табыстырса, сол кісімен әңгімелесіп қайтпақшы. Және бүкіл маршрутты бейне жазбаға түсіріп, мүмкіндік болса салып жіберетінін айтты. Сондықтан ана мазарын көтеріп, келешекке тарихи мұра етіп қалдыруға үлкен жұмыс жасау керек. Бұл – ұрпақ міндеті. Ол үшін арнайы комиссия құрылып, «Шәшті ана» қоры ашылып, қаражат жиналса? Оған әрбір азамат ат салысуы керек болады.

Сәбит ТОҒАМБЕКОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.