Сабырлы қалпын сақтаған

Әрине, әр мамандықтың өзіндік қырсыры бар. Соның ішінде, журналистің де жүгі жеңіл емес. «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза айтпақшы, бұл саланың да қызығы мен шыжығы жетіп артылады.

 

…Әлі есімде, 1983 жылдың жайдары жазы енді басталған кезең еді. М.Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің үшінші курсын бітіріп, өндірістік тәжірибеден өту үшін облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына келдім.

– «Жас келсе – іске» деген, жақсы келдің. Үйренгенің өзіңе, істегенің бізге жақсы. Бізде қызмет атқаратын тәжірибелі ағаларыңнан үлгі-өнеге ал. Барлық бөлімдердің, секретариаттың, баспахана цехының жұмысымен жақын таныс. Екі ай мерзімге жарты ставкаға жұмысқа аламын. Оған қосымша газетімізде жарияланатын мақалаларыңа көтеріңкі қаламақы қойып береміз, — деп қуантып тастады «Орталық Қазақстан» газетінің сол кездегі Бас редакторы, облыстық кеңестің депутаты Рамазан Сағымбеков ағай.

Ол уақытта «Орталық Қазақстан» газеті – республика бойынша үлкен форматпен аптасына алты рет шығатын жалғыз облыстық газет. Басқа облыстық газеттер аптасына бес рет қана шығады.

Редакцияда Қайыркен Сұлтанов, Сапиолла Аңсаров, Асхат Темірбаев, Рымқұл Сүлейменов, Зарқын Тайшыбаев, Шайхан Жандаев, Еркін Лұқпанов, Серік Сексенов, Айқын Несіпбаев, Сүйіндік Жанысбаев, Әбусаттар Тұрғамбеков, Мағауия Сембаев, Дәулетбек Мақашев сияқты мүйізі қарағайдай журналистер еңбек етеді.

Ертеңінде таңертең редакциялық лездеме үстінде Бас редактор қарамағындағы қызметкерлерге бірқатар нақты тапсырмалар берді де, сұңғақ бойлы, қағылез келген сары жігітке қарап:

– Серік, сен кеше іссапардан келдің ғой. Орденді механизатор туралы очеркіңді қашан бересің? — деп сұрады. Сары жігіт бұған тіпті де сасқан жоқ. Жауабы көмейінде тұр екен.

– Материал дайын. Қазір машинкаға бастырамын, — деді.

– Жақсы. Онда Серіктің очеркін ертеңгі нөмірге салыңдар, — деді Рамазан ағай жымиып. Секретариаттың жігіттері бастарын изеді. Журналист Серік Сексеновті жақын тануым сол күннен басталды.

Келесі күні «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде Секеңнің очеркі жарқ ете қалды. Кеше ғана іссапардан келіп, газеттің келесі санына көлемді очеркті жариялап жіберу дегеніңіз айтар ауызға ғана оңай. Бұл қаламгерден үлкен шеберлік пен ұшқырлықты талап етеді. «Апыр-ай, осылай жазуға да болады екен-ау!» – деп қайран қалғаным есімде.

Секең – Егіндібұлақ өңірінің Мәди ауылының тумасы. Сөз өнеріне деген құмарлық пен жазуға деген құштарлық бала кезінен бойында бар еді. Содан да болар, журналист болуды армандаған жас жігіт еңбек жолын Егіндібұлақ кентінің баспаханасында баспашы болып бастаған. Кейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп шығып, жоғары білімді жас маман ретінде туған өңіріне қайтып оралды. Ол кезде Егіндібұлақ өз алдына жеке аудан болатын. Сол ауданның «Ленин туы» газетінде тілшіден жауапты хатшыға дейінгі еңбек жолынан өтіп, журналистік тәжірибе жинақтады. Ал 1982 жылдан бастап, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясына қызметке ауысты.

Серік ағаймен «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында бірнеше жыл бірге қоян-қолтық қызмет атқардық. Осы жылдар ішінде Секең редакцияның нағыз еңбекторысы екеніне талай мәрте куә болдым. Редакция жұмысында қандай қарбалас сәт болса да, Серік ағам өзінің сары алтындай сабырлы қалпын сақтай білді. Әлдебіреулер құсап апалақтап, асып-сасқанын көрмеген екенмін. Сабырына берік болды.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басы болатын. Марқұм Рымқұл Сүлейменов ағамыздың «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы кезі еді. Бірде редакциямыздың журналистері арасында газеттің «Авторлық нөмірін» дайындау туралы бастама көтерілді. Бір журналист белгілі бір тақырыпқа газеттің толық бір санын жалғыз өзі дайындауы керек. Бұл – аса ауқымды жұмыс және өте жауапты міндет. Сонда тыңнан түрен тартып, журналист Серік Сексенов «Авторлық нөмірді» бірінші дайындап берді. Таңдаған тақырыбы – қоғамның әлеуметтік мәселелері. Газеттің сол саны өте салмақты болып шықты. Әріптестердің де, оқырмандардың да тарапынан жақсы бағаланды. Арада бірер апта өткенде Секең салған соқпақты Айқын Несіпбаев ағамыз жалғап, газеттің екінші «Авторлық нөмірін» шығарды. Мен үшінші «Авторлық нөмірді» дайындадым. Осылай, «Орталық Қазақстан» газетінің журналистері арасында шығармашылық бәсеке жүріп жатты.

Журналист Серік Сексенов өзі ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек еткен «Орталық Қазақстан» газетінің отымен кіріп, күлімен шықты. Адал еңбегінің арқасында қатардағы тілшіден бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, Бас редактордың бірінші орынбасары лауазымдарына дейін жоғарылады. Оның қаламынан дініміз бен ділімізді дәріптеуге арналған көптеген мазмұнды мақалалар туды. Серік ағамыз ұрпаққа ұлағат болатын соқталы дүниелерге қалам тартты. Жазғандары ойлы оқырманның олжасына айналды. Еңбегі лайықты бағасын алып, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығына ие болды. «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісімен марапатталды.

Редакцияда қызмет атқара жүріп, бірнеше кітап шығарды. Солардың қатарында «Сарыарқа – достықтың мекені» жинағын атап айтқым келеді.

Секең Қарағандыдағы қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясынан зейнет демалысына шықты. Әйтсе де, сүйікті газетінен қол үзіп кеткен жоқ. Өзін толғандырған тақырыптарға әлі де қалам тартып келеді. «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халқымыз. Журналист Серік Сексенов өзінің өнегелі өмір жолының 70-інші белесіне осындай үлкен абыроймен көтеріліп отыр. «Орталық Қазақстан» газетінің қара қазанын қайнатқандардың қатарында болған, бүгінде ел ағасы жасына келген ардақты ағамызға барлық ізбасар інілерінің атынан мықты денсаулық, ұзақ өмір және отбасына бақбереке тілеймін.

Мерейлі жасыңыз құтты болсын, қадірлі Серік аға! Жазарыңыз да, базарыңыз да таусылмасын!

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.