Таным

Мемлекет дамуының локомотиві

Ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшерде қалың бұлттай қаптаған күмән Елорда бой түзей бастаған алғашқы жылдары ыдырағаны анық. Алатаудан Арқаға жөңкілген көштен бері 22 жыл өткен соң сол кезеңдегі күдіктен титімдей де қалмады. Астананың Ақмолаға келуі – тарихи һәм әлеуметтік-экономикалық мәні зор бағдарламаға айналды. Әйдік қала бір өзі ғана емес, елдің барлық аймағының селт етіп серпін алуына ықпал етті. Әлемдік деңгейдегі мәміле ордасы атануымен қатар, халықаралық қаржы орталығына айналуы – дамудың локомативі екенін және айғақтады.

Осыдан екі жыл бұрын ашылған «Астана» халықаралық қаржы орталығына сенім зор екенін атап өткен жөн. Бұл орталықты құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев қол қойған. Араға бірер жыл салып, яғни, 2018 жылы 5 шілдеде тұсауы кесілгені белгілі.

Жария етілген деректерге сүйенсек, аталған орталықты құрудағы мақсат – халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру, қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету еді.

Бүгінгі таңда қаржы орталығының барлық органдары мен ұйымдары ресми түрде жұмыс істеп отыр. АХҚО-ның тәуелсіз Соты мен АХҚО-ның Халықаралық төрелік орталығы өз жұмыстарын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастады. АХҚО Соты ағылшын жалпы құқығының нормалары мен қағидаттарына негізделген өңірдегі алғашқы сот жүйесі. Ол АХҚО-дағы азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін ең жоғары халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейді.

ХТО төрешілерінің құрамына 30 халықаралық төреші кіреді, олардың 18-і медиатор ретінде әрекет етеді (Еуропалық Одақ, Гонконг, Жапония, Үндістан, Қазақстан, Ресей, Сингапур, Ұлыбритания, Украина және АҚШ өкілдері). Халықаралық төрешілер жер қойнауын пайдалану, сауда, мұнай және газ, құрылыс, энергетика, ислам қаржылары, банк ісі, зияткерлік меншік туралы заңнама және коммерциялық құқықтың басқа да салаларда төрелік талқылаудың көп жылдық тәжірибесі бар.

Ашық ресурстағы деректер 2019 жылдың сәуір айында АХҚО соты бірінші коммерциялық іс бойынша өзінің алғашқы сот шешімін шығарғанын айтады. 2019 жылдың ақпан айында АХҚО соты және ХТО Орталық Азия аймағы үшін бірінші болып eJustice электронды сот төрелігінің жаңа жүйесін ресми түрде іске қосқан. Елдің қор нарығы үшін жаңа заманауи инфрақұрылымды дамыту шеңберінде халықаралық орталықтың Биржасы құрылған. Биржаның қызметі ашықтықты, сенімділікті және инвесторларды қорғауды қамтамасыз ететін халықаралық деңгейде танылған нормативтік-құқықтық базаға негізделген. Биржаның серіктестері – Goldman Sachs, Жібек жолы қоры, Шанхай қор биржасы және өз кезегінде АХҚО Биржасына сауда-саттыққа және нарықты зерделеуге арналған ең озық технологиялармен қамтамасыз еткен американдық Nasdaq биржасы. АХҚО Биржасы инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға арналған алаңды қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Осы мақсат үшін АХҚО Биржасында «Белдеу және Жол» бастамасының аясында түрлі жобаларды қаржыландыру үшін қор нарығының әртүрлі тетіктерін ұсынуға бағытталған нарықтың арнайы секторы құрылды. АХҚО әлемнің 123 елін, 29 халықаралық ұйымды, жалпы халқы саны 4 миллиардтан астам адамнан тұратын әлемнің 60 елін қамтитын осы бастаманың өңірлік орталығына айналуға тиіс.

Астана халықаралық қаржы орталығының негізгі басым бағыттары – капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру, қаржылық технологиялар және жасыл қаржыландыру. Жалпы, халықаралық орталықтың ел экономикасына берері мол деген сенім зор.

Интернет деректерінен дайындаған Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button