Редакторлардың редакторы

Біз қазақ баспасөзіне жиырма жасымызда келдік. Бас-көз демей төпеп жаздық. Бізде, жақсы мағынасында, бір рухани аштық болды. Оны өзіміз ғана білетін түйсікпен түйсіндік. Сол соқыр түйсік басымызды қосты. Алға жетеледі. Сол түйсік қазақ журналистикасының ұлы көшінде барлықтырмады. Орта жолда қалмадық.

«Жазушы болсақ», «ақын болсақ» деген асқақ арманымызды жақсы күндердің үлесіне қалдырып, журналистиканың мехнатты жұмысына жегілдік. Кеме сүйреген бурлактардай ертеңімізге ышқындық. Біздің бурлактығымыз төтен еді. Біздер қара жермен сүйреген едік.

Сол жегінде жүріп те мына жалғанның бес күндік екендігін пайымдауға уақыт таптық. Біздің заманымызда «ұлықты» жиналыстар көп болды. Таңертең басталған сол жиындарымыз құптан кіргенше де аяқтала қоймайтын. Ертеңінде көлдейкөлдей материалдар түзер едік. Мағаш бауыр бізді осы азаптан құтқарды. Қанша жаза алсақ, сонша жаздық. «Сендер де редактор болдыңдар ғой» деп салмақты өзімізге салар еді.

Қалай екенін қайдам, Мағауияның төңірегіне ылғи редакторлар жиналыппыз. Аудандық газеттердің, қалалық газеттердің редакторлары. Содан да, бәлкім, жұмысымыз жүрген болар. Мағашқа қарап, газет жұмысын бәрінен де жоғары қойдық. Жұмыста қалып қойған күндеріміз де аз болмады. Жауынды-шашынды күндерге қарамай, «ГАЗ» бен «ЗИС-тің» қорабында, «К-700» кабинасында шалғай ауылдарға кетіп бара жатар едік. Ауылдың сол кездегі күрмеулі мәселелері бүгінгіден көп болмаса, аз болмайтын. Содан жазу ерігін берер еді. Бір ауылдың мәселесін айтып, барша ауылдың ауыртпалығын газет бетіне алып шығар едік. Мұндайда редакторымыз шектеу қоймайтын. «Өз қотырымызды өзіміз қаси отырайықты» лездеме сайын айтып отыратын. Онысы ауылымызды ұмытпайық дегені еді-ау…

Редактор болу деген сөз – ұстараның жүзінде жүру деген сөз. Талай редакторымыз сондай талай кешті. Одан Мағауия бауырымыз да сырт тұра алмады. Газет беттерінде үнемі шетін мәселелер көтерілді. Сол ертеңгі күнге керек жазбаларымыз біреуге ұнаса, біреуге ұнамай жатты. Солайша біздер қайнаған өмірді жазып жатсақ, біздің үстімізден де жазушылар шықты. Сол шолақ арызға редакторымыз да ілігіп қалатын. Кешегі күнді аңсаған партократ ағайындарымыз да үстімізден сүйкей салуды ауырсынбады.

Сондай себептермен талай сойқан басымыздан өтті. Сонда да Мағау бауырымыз мойымаған.

Зейнет демалысына шыққаннан кейін «Қара сөз жазуға қолымыз босады» деп қоятын. Алайда, ол редакторлық болмысынан ажырай алмаған.

Бірақ, айыратын күш бар екен. Бір Жаратушы.

Қош бол, Мағаш бауыр!

Қош бол, редактор!

Қош бол, редакторлардың редакторы!

 Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,

Төрехан МАЙБАС.