Бас тақырып

Пластик қоқыстардан қалай құтыламыз?

Жаз маусымында қаладан ауылыңызды бетке алып жолға шықсаңыз, әр қадам сайын желбіреп тұратын пластик қапшықтар мен шашылып жатқан пластик бөтелкелерді көресіз. Бұрындары даланы бозғылт кейіпке енгізетін селеудің түсі әдемі көрінуші еді. Бұл күнде елсіз құбажонның төсін пластик қалдықтары басып жатыр.

Бұған кінәлі – әрқайсымыз. Жол үстінде келе жатып, сусыннан босаған бөтелкені, самсадан босаған қапшықты шімірікпей тастай саламыз. Осылайша, өз жерімізді ластауға ат салысып, жас ұрпақтың келешегі жайлы мүлдем ойланбаймыз. Әлгі қапшықтар мен бөтелкелердің жуыр маңда шіри қоймайтынын ескеруден алшақпыз. Өкінішті, әрине

Осыдан екі жылдай бұрын Елордадағы «Ел.кз» сайтының редакциясында өзімізше эксперимент жасаған едік. Микротолқынды пешке кәдімгі 5-10 теңгелік пластик қапшықты және одан қымбат, экологиялық таза қапшықты салып, 10 минутқа ең жоғарғы температурасына қосып, тексеріп көрдік. Сонда арзан қапшықтар ештеңе болмағандай сол күйі шықты. Ал, экологиялық таза қапшық балқып, еріп кетті. Соңғысының топырақ әсерінен шіріп кетуіне 90 күн жеткілікті дейді.

Енді тұрмыстық қоқыстың түбегейлі шіруіне кететін мерзімге ғылыми дәлел келтіріп көрейік: жануарлардың тезегі – 10 күнге дейін; тамақ қалдықтары – 10 күннен 1 айға дейін (жазғы күндері – 1-2 апта), қағаз сүлгі – 2-3 апта, банан қабығы – 3-4 апта, қағаз пакет – 1 ай, бұтақ, жапырақтар – 1 айдан бір маусымға дейін, газет қағазы 1 айдан бір маусымға дейін, алма қалдығы – 2 ай, апельсин қабығы – 6 ай, картон қорабы 1 жылға дейін, жіп – 1-1,5 жыл (қалыңдығына байланысты), қағаз – 2 жыл, табиғи матадан тігілген заттар – 2-3 жыл, бәріміз тетрапакет деп атайтын сүт қорабы – 5 жыл, темір шөлмектер (сыра, энергетикалық сусындар қалбыры) 10 жылға дейін, темекі тұқылы – 10-12 жыл, былғары етік 40 жылға дейін, пенопласт ыдыстар – 50 жыл, қаңылтыр қалбыр 90 жылға дейін, фольга 100 жылға дейін, кірпіш сынығы 100 жылға дейін, автокөлік аккумулято ры 100 жылға дейін, тұрмыста пайдаланатын электр батареялары 100 жылға дейін, резеңке қаптар 100 жылдан астам, пластик бөтелкелер 100 жылдан астам, полиэтилен қабық (пленка) – 200 жыл, бір реттік жөргек (ел арасындағы атауы – памперс) – 500 жыл, әйнек 1000 жылдан астам уақытта түбегейлі шіриді екен.

UNEP мәліметіне көз салсақ, әлемде пластикті пайдалана отырып өнім шығару арта түскен және дүние жүзінде минутына 1 млн. пластик бөтелке сатылады екен. Пластиктің бір ерекшелігі – қайталама шикізат ретінде өңдеуге бейімділігі. Тек, біздің осы жағынан сауатымыз кемшін әрі елімізде қайта өңдеу мәселесі жүйелі жолға қойылмаған. Бұған қатысты статистика не дейді? Әлемде пайдаланылған пластиктердің тек 10 пайызы ғана қайта өңделеді екен.

«Оператор РОП» ЖШС мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылы елімізде жиналған пластик қалдықтардың салмағы 283 мың тоннаны құраған. 2017 жылы пластик қалдықтардың 2 пайызы ғана қайта өңдеуге жөнелтілген. Ал, 2018 жылы бұл көрсеткіш тек бір процентке ғана артқан.

Ал, біздің қоқыс жинақтау орындарында үйіліп жататын пластиктер қайда кетеді? Заңды сұрақ. Жауабы тым қарабайыр – қала сыртындағы полигондарға жөнелтіледі.

Бұл мәселені ретке келтіруде не істей аламыз? Балаларымызға өзіміз мысал, үлгі бола білуіміз керек. Қоқысты сұрыптауды үйренгеніміз жөн. Сонда бала өзі-ақ қайталайды. Тағы сол астана мысалын алдыға тартпақпын. Онда «Clean City NC» атты қоқыс тасымалдаушы компания қызмет көрсетеді. Осы компанияның тағы бір тамаша қызметі бар. «Clean Taxі» деп аталатын бұл қызмет түрі сіздің үйіңіздегі тұрмыстық заттарды тегін алып кетіп, қайта өңдеуге жөнелтеді. Үйіңізде ескі теледидар, тоңазытқыш болса, осы кеңсеге хабарласасыз. Уақыт белгілеп, келісілген уақытта үйіңіздегі қажетсіз заттан құтыласыз. Компанияның қызмет үдерісі жайлы мақала жазуға барған болатынмын. Сонда өзіміз тастаған қоқыстардың қалай сұрыпталатынын көрдім. Орташа ғана еңбекақыға адамдардың қоқысты қолмен қалай іріктеп отырғанын көзіммен көрдім. Осыдан кейін біздің әрқайсымызға қоқыс төгу мәдениеті, қоқыс сұрыптау мәдениеті жетіспейтініне көзім жетті.

Төңірегімізді экосенбіліктермен де тәрбиеге шақыруға болады. Бірақ, тәрбие талбесіктен дегенді ұмытпаған жөн. Балаларыңызға осы бастан экология тақырыбындағы әңгімелерді жиі айтыңыз.

Алыс-жақын шетелдерде пластик бөтелкелерді қабылдайтын автоматтар бар. Арнайы тесігіне бөтелкеңізді салып жіберсеңіз, сізге аздаған тиын-тебенін береді. Егер, осындай автоматтарды еліміздің барлық қалаларына орнатсақ, ойын балалары балмұздақ не болмаса, сусын сатып алу үшін көшедегі пластик бөтелкелерді жинауға өздігінен ат салысушы еді. 5-10 бөтелке өткізіп, бір балмұздақ ала алатындай бағам қойған дұрыс.

Норвегияның кей дүкендерінің кіреберістерінде арнайы жәшік тұрады. Келімді-кетімді тұтынушылар қуаты сарқылған электр батареяларын сонда тастайды. Әр екі-үш күн сайын әлгі жәшіктерді қоқыс жинаушы компаниялар тазалап отырады. Журналист Бибігүл Жексенбай ханым осы әдісті бір шағынауданға пилоттық жоба ретінде енгізіп, «Әр үйді өзара жарыстырып, ынталандыру сыйлықтарын беру арқылы бір жолға қойсақ қалай болар екен?» – деп еді бір әңгімелескенімізде. Несі бар? Әбден ширатып, іске асыруға болатын жоба секілді. Бюджеттен қосымша миллиондаған қаржы шығындалмасы анық. Осы тәсілмен де халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға болады.

 Былтыр күзде Астанадағы «Магнум» сауда үйі әр пластик қапшығы үшін қосымша ақы қосуды бастаған еді. Бұл ел аумағында жолға қойылған-қойылмағанын білмеймін. Алайда, адамдардың қапшықты ала беруіне аз да болса кедергі болатын қадам екендігі күмәнсіз. Мүмкін бұдан кейін әр тиынын санайтын отандастарымыз өзімен бірге мата қалташалар мен торламалар әкелуді әдетке айналдырар. Қалай десек те, келешекте жұрт қағаз қапшықтарға толық көшетініне сенім мол. Ол үшін сауатты жарнама мен мақсатты қадамдар қажет.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

 

Басқа материалдар

Back to top button