«Планетаның алақаны сияқты…»

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

Ана

Құлайын деп бара жатам құлдырап,

Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,

Сол кезде бір ән естимін жақыннан,

Аққан бұлақ секілденген сылдырап.

Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,

Тіршіліктің әуенімен тыныстап,

Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,

Кел дегендей болады бір күміс бақ..

Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,

Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,

Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,

Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.

Ойнап шығам содан кейін құрақтай,

Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,

Мүмкін, ана махаббаты шығар бұл,

Мені сүйеп келе жатқан құлатпай.

  ***  

 Қадыр Мырза Әлі

  Ана   

Бәрі де, Ана, Бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең-дастанды.  

Қуандым ба, Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба, Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана, Бір өзіңнен басталды.

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба, Тек өзіңнен жасқандым.

Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашан да үміт күтеді.

Отанымның өзі сенен басталып.

Жауларыма жеткен жерден бітеді. 

 

               ***  

Төлеген Айбергенов

Ана

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?

Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен.

 Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,

Көк жолының қарсылығын қағып тастап барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,

Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.

 Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,

Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен шерменде,

Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,

Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,

Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз-дағы кеткен жоқ па көп есең,

О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен?!

Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,

Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,

Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,

Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!  

 

             ***

  Мұқағали Мақатаев

– «Шеше, сен бақыттысың»

 

 Шеше, Сен бақыттысың! Жыламағын.

Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,

Сондықтан жыламағың, жыламағын!  

Бармын ғой, Тірімін ғой, Қасыңдамын.

Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!

Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағың,

Байырғы берекеңді қашырмағың!  

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,

Өзім кепіл тот басып тозбасыма.

Екі жыр жазсам саған бірін арнап,

«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді.)

Аспанға жазам сенің есіміңді!!!

Шеше! Сен бақыттысың, тербете бер,

Құба талдай иілген бесігімді…

           

                      ***  

Жұмекен Нәжімеденов

Ана   

Бесікте – Ана,

бесікте – бөбек:

Бірі тербеледі, бірі тербетеді.

Бал-бөбек былдыр, өсіп те келеді,

Анаға жалғыз, сол жетеді.

  

Ана, Ана, қайран, ана!

Тербейді Ана әлемдегі күлкіні,

Нұр себеді аналардың кірпігі өліге де ояуға,

Ана дайын біреу үшін жылауға, біреу үшін аяуға.

Тербейді Ана қуанышты, бақытты,

тербейді Ана – тебіренеді жаны шын.

Тербейді Ана уақытты;

Барлық әлем – бір-ақ бесік Ана үшін.

Тербейді Ана бөбегін,

Сол арқылы тербетеді өз елін,

Құмын, тауын, өзенін.

Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –

Планетаның алақаны сияқты…

 

Дайындаған: Жәлел ШАЛҚАР