Басты тақырып

ОНЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСТЕР БЕЛГІЛЕНДІ

    «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Бақтияр ҚРЫҚПЫШЕВ Жаңа жылдың қарсаңында еңбек ұжымдары өкілдерінің жиналысын өткізіп, мыс алыбының даму жолдары мен алдағы межелері туралы кеңінен әңгімеледі. Келелі жиында тау-кен компаниясының басшысы Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өндірістік алаңдарындағы 2016 жылғы жұмыс қорытындыларына тоқтала келіп, «Қазақмыстың» алдағы онжылдықта белгілеп отырған іргелі жобаларын ортаға салды.

    Тәуелсіз елімізбен бірге еңсесін тіктеп, өркен жайған «Қазақмыс» бүгінде әлемге әйгілі компанияға айналғаны белгілі. Артта қалған 20 жылдың ішінде геологиялық барлау жұмыстарын кең көлемде жүргізу арқылы тау-кен өндірісінің қуаты еселене түсті. Мәселен, Жезқазған өндірістік аймағында Итауыз, Сарыоба, Жаман Айбат кен орындары игерілсе, Қарағанды өңірінде Нұрқазған, Абыз, Құсмұрын, Ақбастау, Балқаш алаңында Шатыркөл кеніштері іске қосылды. Шығыс Қазақстан облысында тоқтап қалған төрт кенішті қатарға қосу да осы жылдардың жемісі болды. Қарағайлы, Белоусов, Берёзовский байыту фабрикалары қатарға қосылып, өнім өңдеу үстінде. Сонымен қатар, көлік-энергетикалық инфрақұрылымдары қанат жая түсті. Кен тасымалдау мақсатында 200 шақырым теміржол төселіп, 1000 шақырымдық электр қуатының желілері тартылды. Ең бастысы, білікті кадрлар қатары толықтай сақталды. Алайда, «Қазақмыс» корпорациясы» басқармасының басшысы Б. Қрықпышев атап көрсеткендей, компанияның басты проблемасы — кен қорының сарқылуы болып отыр. Айталық, Жезқазған кен орындарында Кеңес заманының өзінде құрамы мысқа бай жерлер барынша игерілген болатын.

    Осы жағдайға орай мыс компаниясы алдағы он жылдың ішінде атқарылатын басты жобаларын бағамдап, келешектің жаңа көкжиектерін белгілеп қойғанын сүйсініспен айтуға болады. Жаңа кен көздерін іздестіріп, игеру бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғастырылуда. Онжылдықтың белесі 2017 жылдан бастау алады. Бұл жылы Абыз, Шығыс Сарыоба кеніштерінде шахталық әдіспен кен алу көлемі ұлғаяды. Қарашошақта шахта салу жоспарланды. 2019 жылы Құсмұрын кенішінде ашық жолмен кен алынбақшы. Ал, 2021 жылға қарай тау-кен өндірісіндегі барлық жерасты жұмыстары аяқталып, оларда кен өндіру басталады. Жаман Айбат кен орнының екінші кезегіне бұрғы салынады. Корпорация 2022 жылы Батыс Сарыобадан да кен өндіруге кіріспекші. Бақтияр Қрықпышев келелі кеңесте айтып өткендей, компания әлемдік дағдарыс жағдайында да өндіріс көлемін кемітпей, сақтап қалды. Қазірде Жезқазған аймағы құрамы 1,41% құрайтын 400 млн. тоннаға жуық кен өндіріп отырса, Қарағанды аймағы орташа 0,79% құраммен 252 млн. тонна, Балқаш 0,99% мыс құрамымен 208 млн. тонна көлемінде кен өндіруде. Жыл қорытындысында кен өндіру жоспарын артығымен орындауда Балқаш өңірінің кеншілері көш бастап келеді.

    Өткен жылдағыдай емес, мыс бағасының әлемдік нарықта көтеріле түсуі де белгіленген межелердің бекемдікпен орындалуына жол ашуда. Дағдарыс салдарынан 2015 жылы өндірісті кеңейтуге 44,5 млрд. теңге ғана капитал жұмсалса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 115 млрд. теңгеге жетті. Жаңа жабдықтар алуға байланысты 2017 жылы 118 млрд. теңге күрделі қаржы жұмсалмақшы. Жалпы 2019 жылға дейін компания барлық жерасты техникаларының жабдықтарын жаңартуды көздеп отырған көрінеді. Жезқазған және Қарағайлы байыту фабрикаларына қайта жаңғырту және жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Үш жылдан кейін Жезқазғанда жаңа байыту фабрикасы іске қосылады. Өңірдегі кен өндірісінің ғұмырын 40-45 жылға ұзарту көзделіп отыр. Осы мақсатта компания Тобы барлық мүмкіндіктерін іске қосуда. Аумағында пайдалы қазбалардың қоры бар Жезқазған кенті мен оның маңындағы Весовая, Крестовский, Перевалка және ГРП елді мекендерін көшірудің екінші кезеңі басталды. Үкімет бұл бағдарламаға қолдау білдірумен қатар, екі жылға салық төлемдеріне жеңілдік жасап, компанияның жаңа жобаларын жүзеге асыруына қолайлы жағдай туғызуда. Бүгінде «Қазақмыс» инвестициялық жобаларын одан әрі сәтімен жалғастыруда. Жезқазғанда 2018 жылы гидрометаллургиялық зауыттың құрылысы аяқталады. Онда құрамы кедей кен жаңа технология негізінде өңделеді. Тәжірибелік учаскедегі сынақ жұмыстары қазірдің өзінде аяқталуға жақын. Осы қаңтар айының ішінде гидрометаллургиялық әдіспен алғашқы катод мысы алынады деп күтілуде.

    Онжылдық белестерді белгілеген компанияның ірі жобалары мен басты бағыттары осындай. Еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасау, өндірістегі қауіпсіздік шараларын нығайту жөнінде де межелі істер аз емес. Мәселен, 2016 жылға дейін корпорация бойынша орташа еңбекақы 168073 теңге болса, енді ол 197386 теңгеге жететін болды. Ұжымдық шарт негізінде еңбеккерді әлеуметтік қорғаудың жаңа міндеттері енгізілді. Жыл қорытындысы бойынша сыйақы беру, сәбилі болғандарға жәрдемақы төлеу, 14 жасқа дейінгі екі және одан да көп баласы бар әйел еңбеккерлерге және ауыр жұмыстағыларға қосымша демалыс беру сияқты көптеген әлеуметтік қамқорлықтар қарастырылған. Келелі кеңесте айшықты асуларға көз тіккен мыс алыбының биік межелеріне қаныққан еңбеккерлер ортаға салынған жаңа жобаларды жарқын көңілмен қарсы алды. Ертеңге деген сенімін шегелей түскен кеншілер мен металлургтер ендігі жерде еңселі істер жолындағы екпінді еңбектерін еселей түсуге бекініп отыр.

Амандық РАХҰЛЫ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button